«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРКЕБҰЛАН МЕН ОЛЖАС

Қазіргі тыңдарманның, әсіресе, жастардың таудан биік секілденген талғамын батыстың рок-рэпі, эстраданың тарсыл-тұрсылы тұралатып тастағандай. Бұлай деуіміздің де өз себебі бар. Өйткені, ұлттық құндылыққа сусаған көңілдің шөлін қандыратын дәстүрлі әнді тыңдайтын жастарды кездестірудің өзі қолға аспандағы Айды түсіргенімізбен бірдей болып барады. Мұны өңірімізге есімдері енді танылып, қазақтың төл өнерін төрге оздырып жүрген дәстүрлі әншілер Еркебұлан мен Олжас та растайды.

Еркебұлан Есіл ауданына қарасты – Мектеп, Олжас болса Жамбыл ауданының Баян ауылында өмірге келген. Екеуі де кішкентай кездерінен ыңылдап ән салуға, домбыраға тіл бітіруге құмар болып өскендіктерін айтады. Бала күнгі балауса армандары оларды Петропавлдағы өнер колледжінің “Дәстүрлі ән мектебі” бөліміне әкеледі.  

– Біздің төл өнерімізді терең танып, ән өлкесінде қанатымызды қатайтқан жан – Жанат Айтпаев. Ол қатал талап пен биік талғам қоя отырып, біздің өнер жолын, оның ішінде қылдан да нәзік дәстүрлі әнді дәріптеуімізді, оны жанымызбен сүйіп, қастерлей білуімізді, кең диапазонды қажет ететін күрделі әніміздің астарын ұғынуымызды санамызға сіңірді, – дейді олар.

Білімдінің болашағының жарықтығын жіті сезінген олар арнаулы біліммен шектеліп қалмай, еліміздің бас қаласы Алматы және жас қаласы Астанадағы белді оқу орындарына түседі. Бүгінде Еркебұлан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының төртінші курсында оқиды. Олжас болса, елордадағы “Шабыт” университетінде білімін жалғастыруда. Дәстүрлі әнді тыңдарманның құлақ құрышын қандыра шырқай алатын қос өнерпаздан эстрада жайында сұрағанымызда олар бұған үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.

– Дәстүрлі әншінің барлығы дерлік эстрадада ән айта алады. Керісінше, эстрада әншілерін дәстүрлі сахна бұлбұлы ретінде елестету қиын. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Бүгінде әншінің асыраушысы да, қосымша табыс көзі де болып отырған эстрадаға лайықтап бір-екі ән жаздырып, той-томалаққа немесе басқа сахналарға шығуға болады. Алайда, біз оған әлі дайын емеспіз. Өйткені, дәстүрлі әнші ретінде кемелденіп, қалыптаса қойған жоқпыз, – дейді екеуі.

Облыстық, республикалық деңгейдегі ән сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген қос әнші көмейіне бұлбұл ұя салған Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса сынды біртуар өнер саңлақтарының екі жүзге жуық әндерін орындайды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында облыстық филармонияның концерт залында “Асыл мұра – әсем ән” атты шығармашылық кештерін өткізіп, тыңдарманның ықыластарына бөленгендері тағы бар.

Жастың да, жасамыстың да эстрадашыл болып бара жатқандары төл өнеріміздің көшін алға сүйреп жүрген дәстүрлі әншілердің, олардың тыңдармандарының көңілдеріне қаяу салуы анық. Мұны өмірдің талабынан, адамдардың қажеттілігінен десек те, қазақтың ұлттық рухын, мәуелі мәдениетін танытатын дәстүрлі ән өнері өрісінің кеңейіп, құлашының кеңге жайылуын өзін еліміздің жанашырымын деген әрбір азаматтың көздегені болуы керектігін айтқан қос әншінің ендігі армандары асқақ. Оқуларын ойдағыдай тамамдап, туған өңірлері Қызылжарға келіп, кенжелеп қалған дәстүрлі әнді кеңінен дәріптеу. Әркім қара бастың қам-қарекетімен жүрген мынау алмағайып өмірде елдің қамын ойлап, өнердің тасын өрге домалатуды жандарымен қалаған егіз қозыдай қос жігіттің бұл жоспарларына сүйсініп, сәттілік тіледік.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp