Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі осыдан 17 жыл бұрын құрылып, 7500 гектар танапқа иелік еткен еді. Бүгінде 22 мың гектар жердің 18 мыңына бидай және өзге де дәнді дақылдар өсіріп отыр. 2012 жылы шетелден асылтұқымды ірі қара әкеліп, мал шаруашылығын қолға алды. Қазіргі таңда 1600 тұрғыны бар Бексейіт пен Меңкесер ауылдарының тамырына қан жүгіртіп отырған “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, республикамыздағы ең алғашқы “Жыл адамы” марапатының иегері Еркебұлан Мәмбетовпен кездесіп, әңгімелестік.
– Еркебұлан Нұрмағамбетұлы, сіз өңіріміздегі белсене жұмыс істеп жүрген азаматтардың бірісіз. Барлық жұмысты бір уыста ұстауға қандай мінез керек және бәріне қалай үлгересіз?
– Құдайдың дарытқан мінезі мен ата-ананың берген тәрбиесі – әр адамның өмір деген үлкен жолға шыққандағы қолындағы билеті. Бізді ата-анамыз тәртіпке баулыды. Бүгінде өзім басқарып отырған үлкен ұжымнан да тәртіпті талап етемін. Оларға үлгі болу үшін өзім де тәртіпті қатты ұстанамын. Жоғары білім алып, жас маман болып келген кезде тәлімгер бола білген ағаларымыз артылған міндетті уақытында орындап, ерте тұрып, кеш жатуға үйретті. Қазір бұл қанға сіңген әдетке айналды. Осындай тәлім-тәрбиеден өткендіктен, бүгінгідей қауырт жұмыстарда асып-сасып, абдырамаймын. Ал біздің “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің жұмысына жалғыз өзім үлгере алмаймын. “Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас” демей ме? Сол сияқты серіктестіктің жұмысын жүргізіп, әзірленген жоспарларды уақытында орындап отырған сенімді әріптестерім, ұжымым бар. Солардың арқасында алға қойған мақсаттарымыз орындалып, жоспарларымыз жүзеге асырылуда.
– Ауыл шаруашылығы – жұмысы көп, жемісін тостырып беретін сала. Бір сөзбен айтқанда, тез байып кету мүмкін емес. Осы саланы қолға алған кезде қиыншылықтан қорыққан жоқсыз ба?
– Ауылда туып-өстім. Мектепті тамамдағаннан кейін инженер-механик мамандығын таңдадым. Омбы қаласында жоғары білім алып келгеннен кейін реттеуші шебер, механик ретінде еңбек жолымды бастадым. Жоғарыға төменгі баспалдақтан бастап көтерілдім. 1990 жылдары еліміз нарықтық экономикаға көшкен кезде көп қиыншылық болды. Ол кездегі ауыртпашылықты “Көз – қорқақ, қол – батыр” деп, тынымсыз жұмыстың арқасында жеңіп шықтық. Әрі әр кісіде намыс болуы қажет. Өзін-өзі “Өзгелердің қолынан келген шаруа менің де қолымнан келеді”, деп қайрап, жігерлендіріп отыруы керек. Осы орайда аталмыш саланың қиыншылығынан жүрегіміз қаймықпады. Керісінше, жігерлене түстік.
– Елбасының ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіп отырған саясатының арқасында сіз де, өзге де агроқұрылым иелері жоспарларын жүзеге асыруда. Егер мемлекет тарапынан бүгінгідей қолдау болмаса, сіздің кәсібіңіздің болашағы қандай болар еді?
– Мен жүрген жерімде халыққа бүгінгі күнгі жетістігімізге өзіміздің кереметтігімізден емес, мемлекеттің қолдауының арқасында жеткенімізді айтамын. 1990 жылдары “Меңкесер” кеңшары дамуы жағынан Мамлют ауданы бойынша ең соңғы орында жүретін. 1996-1997 жылға дейін жұмысшыларға еңбекақы уақытында төленбей, қарызға батып, көктемгі егіс, күзгі орақ науқанында жанар-жағармай таба алмай, тозығы жеткен техникалардың зардабын көріп, толарсақтан саз кешкендей күй кешкенбіз. Сол кездерде қолымызды бір сілтегіміз де келген. Бірақ намыстандық. Әрі бізге сенім артып отырған тұрғындарды әуре-сарсаңға салғымыз келмеді. 1997-1998 жылдары экономикалық тұрғыдан еңсесін тіктей бастаған еліміз ауылға көңіл бөле бастады. Осы жылдары бұрынғы кеңшардың орнына “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігін құрдық. “ҚазАгроҚаржы” және “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” акционерлік қоғамдары қаржылық қолдау көрсеткен кезде біздің де жағдайымыз түзеле бастады. Ол жылдары бүгінгідей жетістікке жетеміз деген ой арманымызда да жоқ еді. Бүгінгі таңда мемлекет әр салаға қолдау танытуда. Егіншілікте тұқымға да, тыңайтқыштарға да, техникаға да, жанар-жағармайға да субсидия беріледі. 2011 жылдан бері мал өсіремін дегендерге қара мал етін өндірудің экспорттық әлеуетін арттыру үшін де айтарлықтай қолдау көрсетілуде. 2012 жылдан бастап АҚШ-тан 200 бас абердин-ангус тұқымды қара мал әкелдік. Бүгінде олардың саны 600-ден асты. Әр қара малдың бағасы мемлекет тарапынан субсидияланды. Бұл – біз үшін зор көмек.
– Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын ұсынды. Соның ішінде сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту, ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту жайы айтылды. Осы орайда сіздер қандай жұмысты жоспарлап отырсыздар?
– Аталмыш “100 нақты қадам” бойынша қай міндетті жүзеге асыра алатындығымызды өзара кеңесіп шештік. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мәселесі өте маңызды. Осы орайда “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы сауын сиыр алып, сүт тауарлары фермасын ашпақпыз. Алла жазса, бұл жұмысымызды биыл бастап, ендігі жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұндай жоспарды мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыруымыз екіталай. Себебі, алдын ала жасалған жобалық-сметалық құжат бойынша 1 миллиард теңгедей қаржы қажет. Бүгінгі таңда еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындалып жатыр. Ендеше біз шетелдік әріптестеріміздің бәсекелестігіне тойтарыс бере алатын болуымыз қажет. Әрине, өз қаржымызды да қосамыз. Бүгін сұранысқа ие технологиямен жұмыс істейтін қондырғыларды шетелден әкеліп, асылтұқымды сиырлар алып, ірі сүт тауарлары фермасын ашуды жоспарладық. Қаржыны да ертең жемісін көретіндей пайдалы іске салу керек. Пайдалы іс дейтінім, ферма ашылған кезде жергілікті тұрғындардың көбісі жұмыспен қамтылар еді. Елбасы ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүргендердің еңбек өнімділігін арттыру үшін әртараптандыру жұмысына ерекше назар аударуда.
– Қателеспесем, “Білім меценаты” да атандыңыз. Меңкесер және Бексейіт ауылдарында мектеп жасына дейінгі балалар үшін әрқайсысы 25 орындық “Еркетай”, “Жұлдыз” шағын орталықтарын ашып, мемлекетке тегін өткіздіңіздер. Адам биікке көтерілуді, құрметке ие болуды, дәулетті кісі атануды қалағандай, рухани жағынан баюға да талпыну керек емес пе?
– “Өз кәсібіммен ғана айналысамын, өзгелерде шаруам жоқ”, деп оқшаулануға болмайды. Адамның күні адаммен екенін түсінетін уақыт жетті. Жұмыс істейтін кісі болмаса, шетелден не әкелсең де, өсіп-өнбесі анық. Серіктестікке Меңкесер және Бексейіт ауылдары қарайды. Осы ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешу, тұрғындардың жағдайын жасау – біздің міндетіміз. Жыл сайын ауыл тұрғындарына үй салуға, шөп жинауға көмектесеміз, қыстыгүні жолды ашамыз. Меңкесер ауылында мемлекеттік бағдарламаның арқасында әр үйге су тарттық. Үйдің ішіне су кіргеннен кейін қаладағы пәтердегідей жағдай жасауға болады. Қос ауылда шағын орталықтарды ашуымыз – болашаққа салынып жатқан инвестиция. Құдайға шүкір, кезінде көш соңында жүрген мектептеріміз бүгін аудан бойынша бала санынан да, білімі жағынан да алдыңғы орынға көтерілді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осының арқасында ауылда жастар тұрақтап, қатарымыз мамандармен толығуда. Жастары бар ауыл құрымайды, керісінше, өркендейді. Ауыл тұрғындары қиналса да, қуанса да бәрін бізбен бөліседі. Олардың жағдайын ескеріп, қолдан келер көмегімізді аямай, қолдау көрсетіп жатамыз. Осындай қарым-қатынас, өзара сенім орнаған кезде жұмыс істеу оңай. Бүгінгі таңда серіктестікте 235 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы көлемі – 80 мың теңге.
– Осы биігіңізден болашаққа көз тігер болсақ, еліміздің ертеңіне қандай болжам жасар едіңіз?
– Қандай жағдай болсын тек жақсылықты ойлау керек. Болашаққа да жақсы көзқараспен қарап, соған сенген дұрыс. Мемлекет – үлкен отбасы. Ал біздер сол отбасының кішкентай отаулары сияқтымыз. Әр отау өзіне артылған міндетті атқарып, жауапкершілікпен жұмыс істеп, ішкі, сыртқы тәртіпті сақтап, адал қызмет етсе, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Сондай-ақ, әр отбасы балаларына дұрыс тәрбие беріп, сапалы білім алуын қадағаласа, немерелеріне үлгі боларлықтай игі істер жасаса, еліміз рухани жағынан да өркендейді ғой. Осы орайда үйде де, түзде де еріншектік танытпауымыз қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамытушы күш – тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталған саясатын қолдаймын.
– Мал өсіру, егін егу, депутат болу күнделікті уақытыңыздың көп бөлігін алары сөзсіз. Десек те, жуырда “Мерейлі отбасы” байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы болдыңыздар. Отағасы Мәмбетовтің іскер Мәмбетовтен ерекшелігі бар ма?
– Айырмашылық жоқ қой деп ойлаймын. Өңіріміздегі мыңдаған қарапайым отбасылардың біріміз. Ата-анам өмірден ерте озды. Анам қайтыс болғанда мен 11 жаста болсам, әкем дүниеден озғанда жиырмада едім. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Бір ағам, бес әпкем, жалғыз қарындасым бар. Бір-бірімізге сүйеу, тіреу болдық. Жоғары білім алған кезімде әпкелерім көмектесті. Бауырмал болдық, ұйымшылдық таныттық. Қазір өз балаларымды да осылай тәрбиелеудемін. Құдайға шүкір, үш ұлым, бір қызым бар. Екі ұлым отбасын құрып, бүгінде Арыстан, Айша, Іңкәр деген немерелерді сүйгізді. Ал “Мерейлі отбасы” байқауына Мамлют ауданының атынан қатысуға ұсыныс жасалғаннан кейін қарсылық білдіргеніміз жоқ. Ауданның намысын қорғадық. Жеңімпаз болғанымызға қуаныштымын. Енді облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын боламыз. Бұл да – жауапкершілік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.