Осыдан ширек ғасыр бұрын еліміз өз тәуелсіздігін алғанда дүние есігін жаңа ашқан бүлдіршіндер бүгінде егемен мемлекетіміздің ойы азат, санасы сергек азаматтарына айналып отыр. Олар егемен елмен бірге есейіп, бой түзеп келеді. Күннен-күнге қарыштап, алға басқан жас мемлекетімізбен бірге өскен өрендерге артылатын жауапкершілік те зор. Тәуелсіздік таңымен бірге өскен Еркін Ахметұлы өзіне жүктелген сенім мен міндеттің үдесінен шығуды басты мақсаты санайды.
Жастайынан халық ауыз әдебиетіне әуес болып өскен ол Петропавлдағы өнер колледжінің домбыра бөлімін, содан кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдады. Бүгінде Тимирязев жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернатында музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.
– Елімізде егемендік ұландарына деген құрмет ерекше. Осы ұлық мереке қарсаңында жыл сайын Астана және Алматы қалаларында өткізілетін республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып тұрамын. Сый-сияпаттардан да кенде емеспін. Ең бастысы, елімнің маған артқан сенімі маңызды, – дейді Еркін.
Жас ұстаз биыл “Бейбітшілік әлемі” (Планета мира – World of Peace) Халықаралық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен “Тәуелсіздік – тірегім, тәберігім” атты ұстаздар байқауына қатысып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Аталмыш додада ол “Қазақтың дәстүрлі ән айту өнері” атты шеберлік сабағын өткізіп, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленген.
Римма ДАИРОВА,
Тимирязев жалпы білім беретін
қазақ мектеп-интернаты
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.