
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан облыста мал ұрлығына қатысты 80 дерек тіркелген. Түліктің басым бөлігі жайылымнан жоғалған. «Облыстық полиция департаментінің біреудің мүлкін ұрлауға қарсы 2019-2020 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы бар. Ведомстволық жоба аясында мал ұрлығын ашу және алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады», — дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мал көбіне жайылымда қараусыз қалғанда ұрланады. Мал ұрланғанда иелері бірден полицияға хабарламай, алғашқы күндері өздері іздеп таппақ болады. Бұл тәртіп сақшыларының жұмысын қиындатады. Ұрыларды алысқа ұзатпай ұстау мүмкіндігінен айырады. Ақжар ауданында қазан айында 300 жылқы жоғалған. Тәртіп сақшылары малды тауып, иелеріне қайтарды. Осы ауданнан бұдан басқа 49 жылқы ұрланып, іздестіріліп жатыр. Түлік бағылмай, еркін жайылымда болған.
Осыған ұқсас жағдай Жамбыл ауданында тіркелді. Қараусыз жайылып жүрген 46 жылқының қайда кеткені белгісіз. Осыған байланысты қазір жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Кейде тіпті ұрылар малды қорадан да алып кетеді екен. Биыл жыл басынан облыста осылайша 18 мал қолды болған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ