Тайынша ауданында учаскелік полиция инспекторы мен өрт сөндіруші қарияны ажал аузынан арашалап қалды.
Оқиға іңірде орын алған. Аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшысы Ерлан Ибраев өзінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін учаскесі – Чермошнянка ауылынан үйіне қайтып бара жатқан болатын. Бір уақытта оған Ново-Ивановка ауылының тұрғыны Ақмарал Мұқашева телефон соғып, көрші үйден түтін шығып жатқанын хабарлайды. Мұны естісімен полиция майоры Тайынша қалалық №17 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Олег Салодкомен бірге оқиға орнына дереу жетеді. Терезелерінен қою түтін шығып жатқан екі пәтерлі үйдің құлыптаулы есігін бұзып, асүйдің еденінде ес-түссіз жатқан 65 жастағы қарияны сыртқа шығарады. Тәртіп сақшысы зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сәлден соң оқиға орнына жеткен аудандық өртсөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтайды.
Тайынша аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, үйдің қамыс қабырғасы пештің қызуынан тұтанған. Тәртіп сақшысы мен өртсөндірушінің бірлескен жедел қимылының арқасында қайғылы оқиғаға жол берілмеді.
Юрий КЛЫКОВ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.