Мен атамды мақтан етемін. Асқар тауыма балайтын атам – ел басына күн туған кезде қолына қару алып, майдан даласына аттанған ер-азаматтардың бірі. Елінің амандығын ойлап, ұрпағының болашағы үшін белді бекем буып, замандастарымен қатар туған жерімізді жаудан азат етуді өзінің азаматтық парызы санаған атам 1943 жылдың 16 наурызында соғысқа аттанады. Батыр генерал И.Панфиловтың атқыштар дивизиясында мерген-атқыш болған. Жаумен болған сансыз ұрыстарда 8 рет жараланған. Оң көзінен айрылып, Қиыр Шығыстан І топтағы соғыс мүгедегі болып 1946 жылы елге оралады. Майдан даласынан аман-есен оралған соң қолынан келгенше еңбекке араласып, тың жерлерді игеру науқанына қатысқан. Сол жылдары әжеммен танысып, отау тігеді. Бір-біріне қамқор болып, бақыт кілті сыйластықта екенін жақсы түсіне білген атам мен әжем ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, 3 ұл мен 8 қыз баланы өмірге әкелген. Ел қатарлы бала тәрбиелеу үлкен қуаныш, баға жетпес бақыт емес пе?!
Әулетіміздің алтындай ардақты, асыл тірегіне айналған атам Оразай Жанов 1998 жылы дүниеден өтіпті. Атам қайтқан соң келер жылдың көктем айында мен тудым. Ес білгенімнен-ақ атам жайында Нұржамал әжеміздің әдемі әңгімелерін тыңдап, оны үлгі тұтып, атама лайықты немере болып өсуге тырыстым. Атам өте сабырлы, байсалды, ақылды, әділ адам болған. Көңіл сандығы сыр мен жырға толы ақ жаулықты әжем сөз патшасының жауһарларын теріп, ескілікті әңгімелерін тереңнен бастаған кезде атамның соғыста көрсеткен ерліктерін айтып отыратын. Бипаз қарияның өнегелі әңгімелерін қанша тыңдасаң да, көңілімнің төрінде айта берсе екен деген сезім ұялайтын. Бүгінде атам мен әжемнің ұл-қыздарынан тараған 20 немере, 3 шөбере бар.
Мәуелі ағаштай жапырақ жайған ақжарқын әжеміз – біздің ақылшымыз, қамқоршымыз. Атам өмірден өтсе де, әжеміз оны бір сәт те ойынан шығарған емес. Әрдайым айтып, есіне алып отырады. Биыл Жеңістің 70 жылдығында біз туған жеріміз – Жамбыл ауданындағы Орталық ауылына барып, атамыздың басына Құран оқыттық. Мұның барлығы атама деген құрмет пен қошеметтің белгісі.
Мирас ОРАЗАЕВ,
№23 мектептің 9-сынып оқушысы.
Петропавл қаласы.