Виктор БУЛАВСКИЙ
1919 жылы Ақмола облысының Алексеевка ауылында туған. Балалық шағында отбасымен бірге Петропавл қаласына көшіп келген. Киров атындағы орта мектепте оқыған. 10-сыныпты бітірген соң Ленинградтағы Қызылтулы 2-ші артиллерия училищесіне оқуға түсті. Оны тамамдаған соң жас лейтенант Булавский Мәскеу әскери округінің 402-ші полкінің артиллерия полкіне жолдама алды.
1939 жылдың күзінде 402-ші артполк Батыс Белоруссияға қоныс аударды. Осында В.Булавский 8-ші батареяның командирі болып тағайындалды. Финляндиямен соғыс қимылдары басталысымен 402-ші артполк майданға жөнелтіледі.
1939 жылдың 26 желтоқсанында лейтенант Булавскийді полк командирі жаяу әскердің алғы шебінде оның алға жылжуына кедергі жасайтын оқ ату нүктелерін барлауға жібереді.
Кетер алдында Виктор сәл-пәл тоқтап, өзінің командиріне аз ғана көз қиығын салды. Бұл тапсырмадан аман-есен оралудың мыңнан бір ғана мүмкіндігі бар еді. “Егер әлдеқандай жағдай бола қалса, – деді Булавский, – анама менің халқыма адал қызмет еткенімді хабарлаңыздар”.
Радисті Виктор өзінің бүйір жағына, орман арасындағы жолдан бірнеше қадам жерге бұйрығы жететіндей етіп орналастырды. Өзі жолдың басқа жағына еңбектеп кетті. Оның командасы бірден оқ ататын позицияларға беріліп отырылды. Жердің топырағы мен бетон кесектері, бытшыт шыққан қалқандар көкке ұшты. Оқ атқан пулеметтер мен артминометтердің шайқасы бес сағатқа созылды. Өз батареясының әр жарылысын бақылап отырған лейтенант оқ ату бағытын түзеп отырды. Дзоттың үні өшті. Тапсырма орындалды. Булавский орманға қарай шегіне бастады. Орманның шетіне дейін он метрдей қалғанда күтпеген оқиға болды. Мергендердің екі оғы ержүрек офицерге дарыды. Бұл 1939 жылғы 28 желтоқсанда болған еді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1940 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен В.Булавскийге Кеңес Одағының Батыры (қаза тапқаннан кейін) атағы берілді.
Петропавл қаласында бір көше оның есімімен аталады.
Григорий ГУБАРЬКОВ
1926 жылы Айыртау ауданындағы Качиловка ауылында туған. 7-сыныпты бітіріп, Өзбекстандағы Жизақ қаласында жүргізуші болып жұмыс істеді.
1944 жылдың жазында майданға шақырылды. 1-ші Белорус майданы 2-ші танк армиясы 12-ші танк корпусы 34-ші мотоатқыштар бригадасы мотоатқыштар батальонының пулеметшісі болды. 1945 жылғы 21 қаңтарда Иновроцлав қаласы (Польша) үшін болған шайқаста қалаға алғашқылардың бірі болып кірді. Жаудың қарсы шабуылын тойтару кезінде жараланса да қатардан қалмай, батырлық пен жауынгерлік шеберліктің үлгісін көрсетті.
1945 жылғы 27 ақпанда Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
1951 жылы соғысқа дейін өзі еңбек еткен Жизақ қаласына оралды. Ұжымшарда, сосын кеңшарда еңбек етті.
Ленин, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Соңғы жылдары Запорожье қаласында тұрды.
Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының бір көшесі қазір Г. Губарьковтың есімімен аталады.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза. Кавалеры ордена Славы. Генералы” кітабы бойынша дайындалды).