Санаулы күндерден кейін адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Жеңіс – тек тарихи дата емес, ол миллиондаған адамның тағдырын түбегейлі өзгерткен, қайғы мен үміт қатар өрілген, ерлік пен төзімнің символына айналған қасиетті ұғым. Бұл – ерлікке тағзым күні.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: «Біз сұрапыл соғыс жылдарында жан аямай күрескен батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың қаһармандығы мен табандылығы – Тәуелсіз еліміздің рухани тірегіне айналды», – деп атап өткен болатын. Президент бүгінгі ұрпақтың парызы – бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлік жолын насихаттау екеніне баса мән берді.
Қанмен келген Жеңіс жолы – 1418 күн мен түнге созылған ауыр сынақ. Кеңес Одағы бойынша 27 миллионға жуық адам қаза тапты. Қазақ жерінен майданға 1,2 миллион азамат аттанды. Олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. Сол алапат жылдардың куәсі, Отан қорғау жолында от кешкен жауынгерлердің бірі – менің әкем Таңат Мамырайымұлы Каринов еді. Біз – соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бірақ әкеміздің әсерлі әңгімелерінен, темірдей тәртібінен, аяғындағы жараның жазылмай қалған тыртығынан, жанарынан үнсіз сырғып түскен тұнық тамшыдан соғыстың салмағын, оның салған ауыртпалығын, жеңістің шексіз құнын сезіндік. Сол бір тамшы жасты көргенде біз бар шындықты: окоп иісі сіңген шинельдің салмағын, күн демей, түн демей атылған оқ пен жарылған снарядтар арасындағы үрейлі үнсіздікті, қайтып келмеген достардың өкініші мен хабарсыз кеткен есіл азаматтардың зілді мұңын көз алдымызға елестететінбіз.
Әкеміздің ортамыздан бақиға кеткеніне де 25 жыл болды. Ол 1916 жылы Ақмола облысының Атбасар деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Мамырайым ауқатты бай ретінде қуғындалып, жер аударылған. Тағдыр оны бала жасынан-ақ үлкен өмірдің қиындығымен бетпе-бет кездестірді. Балалар үйінде тәрбиеленіп, жеті жылдық мектепті аяқтаған соң, педтехникумға түсті. 1936 жылы әскер қатарына шақырылып, Владивосток қаласында шекарашы болып әскери борышын өтеді. 1943 жылы Красноармейск (қазіргі Тайынша) әскери округінен майданға аттанды. Беларусь майданы құрамында шайқасып, Минск пен Варшаваны фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Оның жауынгерлік жолы Польша, Украина жерін де қамтыды. Әкем «Минскіні алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталған. Соғыстан кейін тағы екі жыл Польша мен Украинада қалып, соғыс зардаптарын жою жұмыстарына қатысты. Аяғынан жарақат алғанына қарамастан, госпитальдан кейін қайта қатарға қосылып, тек 1947 жылы ғана елге оралды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы бір шығармасында: «Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалмайды. Нағыз ерлік – елге қызмет ету», – деген еді. Менің әкем де бар ғұмырын бейбітшілікке арнады. Соғыстағы ауыр жағдайларды еске алғанда, жазушы Константин Симоновтың мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Жеңіс – жай ғана нәтиже емес, ол – миллиондаған тағдырдың күресі, көз жасы мен төгілген қаны арқылы келген қасиетті ұғым».
Әкеміз елге оралған соң ұстаз болып еңбек етті. 1976 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ауыл мектебінде балаларды оқытып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге атсалысты. Бірақ оның ұстаздық жолы жай ғана мамандық емес, өмірлік миссияға айналды. Таңат Мамырайымұлы үшін әрбір бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы еді. Ол өз балаларына ғана емес, бүкіл ауылдың сәбилеріне бірдей қарап, білім мен тәрбие беруде әділеттілік пен шынайылықты басты бағдарға айналдырды. Әрбір баланың ішкі әлеміне үңіліп, олардың болашағына сеніммен қарады. Әкеміз ауыл балаларына өмірлік азық боларлық тағылымды жол сілтеді. Қай үйдің баласы оқуға шамасы жетпей тұрса, соның жағдайын сұрап, қолынан келгенше көмек көрсететін. «Баланың болашағы – ауылдың болашағы» деген қағиданы берік ұстанып, оларды үлкен өмірге даярлауға бар күшін салды.
Ол өте шыншыл, әділетті, турашыл адам болатын. Өтірік пен мақтан сөзге төзбейтін, ешкімге жағынуды білмейтін, өз ұстанымынан айнымайтын. Мінезіндегі осы тектілік пен тазалық оны ауылдың ақылман қариясына, үлкен-кішіге үлгі болар тұлғаға айналдырды. Киімі мен жүріс-тұрысының өзі ұқыптылық пен ішкі мәдениеттің көрінісін айғақтап тұрды. Анамыз Айтжан екеуі он бір бала тәрбиелеп өсірді. Олар отбасында тек тәртіп пен еңбекті емес, рухани тазалық пен елге адал қызмет етудің маңызын да ұқтырды. Үйдегі тәрбиенің діңгегі – Отанға деген сүйіспеншілік, қарапайымдылық, еңбексүйгіштік болатын. Әкеміздің әр сөзі, әр ісі өнеге еді.
Қазір де ауылдың үлкендері мен кейінгі ұрпақ Таңат Мамырайымұлын ерекше ілтипатпен еске алады. Оның есімі – тек отбасымыздың ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарының жүрегінде жатталған. Өйткені ол – халқына шын қызмет еткен, сөзі мен ісі бір жерден шыққан нағыз азамат еді.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз әкеміздің асқақ бейнесіне тағзым етіп, шексіз алғысымызды білдіреміз. Оның ерлігі де, еңбегі де ұмытылмайды – жүректерде жаңғырып, ұрпаққа өнеге болып қала береді.
Шолпан КАРИНОВА,
«AMANAT» партиясының хатшысы.