… 1965 жылдың шілде айының орта кезі. Күн ыстық. Балықты көлінің биік дөңінде орналасқан Жаңаталап ауылының бір топ баласы Есіл өзенінің салқын суына шомылып, құмына аунап қайту мақсатымен ауылдан шықтық. Іргеде тиіп тұрған өзенге жеткесін екі-үш сағаттай суға шомылып, құмарымыз қанған соң көп ойланып жатпастан келесі бетке жүзіп өттік және қалың тоғайдың артында әрі кетсе екі-үш шақырымдай Ленин (қазіргі Ысқақ Ыбыраев) ауылына саяхаттап кеттік.
Ауылдың шетіне кіре байқағанымыз, көше – сыпырылысқан халық. Көліктің де неше түрлісі осында.
Біріне-бірі иық тірестіре сап түзеген машиналардың есебіне жетіп болмайды. Үлкендердің сөзіне құлақ түрсек, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер – Ысқақ деген аяулы азамат қайтыс болып, ауыл азаматын жер қойнына тапсыруға дайындалып жатқан көрінеді. Мен ол кезде 13-14 жастағы ес білетін баламын. Түс мезгілі шамасында ауылдың ортасындағы Мәдениет үйінің жармалы есігінен қаралы топтың алғашқы легі шыға бастады. Бірнеше адамның қолдарында қызыл пүлішпен қапталған кішкентай жастықшаларда батырдың орден, медальдары қадалған. Олардың соңынан қызыл матамен қапталған ағаш табытты он шақты адам көтеріп шықты. Қаралы топ бір жерге шоғырланып, жаназаға жиналған қауымның қатысуымен митинг болды. Сөйлеушілер Ысқақ Ыбыраевтың өмірбаянын, еңбек жолын және жорық жылдары жайлы көпшілікке баян етті.
Шеру жабық деп жарияланғаннан кейін қаралы топ ауыл шетіндегі қорымға барып, батырдың қабіріне көппен бірге топырақ салып, батаның белгісін жасады. Аудан орталығы Сергеевка қаласында орналасқан әскери бөлімнің жауынгерлері автомат қаруларынан үш дүркін оқ атып, қазақ халқының батыр ұлы Ысқақ Ыбыраевты осылай соңғы сапарға шығарып салған еді.
Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол қаралы күн есімде мықтап сақталып қалыпты. Арада он шақты жыл өткенде, яғни 1974 жылдың қыркүйек айында отбасыммен Ленин (қазіргі Ы.Ыбыраев) ауылына қоныс аударып, кеңшарға жүргізуші болып орналастым. Содан бері жарты ғасыр осы ауылдың қызығына да, қайғысына да ортақтасып, нанын жеп, суын ішіп Ыбыраев ауылының бір азаматы болып кеткендей жағдайым бар. Өскелең ұрпаққа «Сендер батырдың ауылының ұрпағысыңдар. Абыройлы болыңдар, тең құрбыларыңның алды болыңдар» деп айтып отырудан жалықпаймын.
… Ертеректе ауылда Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектептің екінші қабатындағы Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысына қатысқан жауынгер әке-аталарымызға, бауырларымызға арналған стендтерді қарап жүріп, Кеңес Одағының батыры Ысқақ Ыбыраевтың үлкен суретінің оң жағындағы тақтада майдангер Қайырбек Сыздықов деген әкеміздің он шақты шумақ өлеңіне көзім түсті. Өлең жолдарынан түсінгенім, «Ысқақ батыр өзінің ерлік іс-әрекетін Днепр өзенінен өткенде жасады» деп түйіндепті. Менің көңіліме күдік тудырғаны – Кеңес жауынгерлері Днепр өзенінен 1944 жылы өтті десек, Ысқақ Ыбыраевқа батыр атағы 1945 жылдың 27 ақпанындағы жарлықпен берілген.
Екі мәліметтің арасында қайшылық бар. Үкіметтің 1944 жылы шыққан жарлығы 1945 жылдың ақпанына дейін суырмада жатуы мүмкін емес. Осы күдігімді батырдың ұлы, өзімнің құрдасым Серік Ысқақ ұлына айтқанымда:
– Осының анық-қанығын өзің айғақтасайшы, – деп өзіме сенім артқандығын аңғартты.
Бірде аудандық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің табалдырығын аттадым. Департаменттің сол кездегі бастығы Жанболат Рақымов деген майор Ақтөбе өңірінің азаматы екен, сауалымды мұқият тыңдап, жағдайға қаныққаннан кейін көмекшілерінің бірін шақырып, маған жан-жақты көмектесуді тапсырды.
Шамалы уақыт өткенде атқыштар взводының командирі, гвардия лейтенанты Ысқақ Ыбыраевтың жеке іс-қағазы менің алдымда жатты.
Енді сондағы деректерге назар аударайық. Ысқақ Ыбыраев 1911 жылы 10 мамырда аты аңызға айналған «Алуа» көлінің аумағын мекендеген Қаратал деген ауылда дүниеге келген. (Бұл жер қазіргі Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылдық округінің аумағы). Батырдың туған ауылы кейін «Октябрь» деп өзгертіліп, бертін келе жойылып кеткен. Әкесі Ыбырай Байжанов мен анасы Жақып Байжанова 1917 жылға дейін мал шаруашылығымен айналысқан. Ыбырай мен Жақыптан алты ұл, екі қыз тараған.
Ысқақ ұлдың бесіншісі болғанға ұқсайды. Батырдың өз қолымен жазылған өмірбаянында 1930 жылы Өрнек жетіжылдық мектебін бітіргендігі жайлы айтылған. 1937 жылы Петропавл педагогикалық училищесін (қазіргі М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж) аяқтап, Жамбыл ауданының – Орталық, Есіл ауданының Жарқайың ауылдарында ұстаздық қызмет атқарады.
Көзі ашық, көкірегі ояу білімді жас маман өзінің еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында беделді болып, 1940 жылы коммунистік партияға қабылданыпты.
Неміс басқыншылары еліміздің батыс шекарасынан баса көктеп соғыс ашқан 1941 жылдың маусымынан бастап Ысқақ Ыбыраев өзін майданға жіберуді өтініп, аудандық әскери комиссариатқа бірнеше мәрте арызданады. Тілегі тек 1942 жылы мамыр айында орындалып, әскерге алынып, Горький қаласындағы М.Фрунзе атындағы саяси жетекшілер (политруктар) дайындайтын қысқа мерзімді курсқа жіберіледі. Сол жылдың қазан айында оқуын тамамдап, Куйбышев қаласында орналасқан он бесінші бригаданың елуінші запастағы атқыштар полкінің рота командирінің орынбасары болып тағайындалып, әскери дайындықтың неше алуан машақаттарын басынан кешеді.
Жауынгерлермен бірге оқу- жаттығу шараларымен бірге үгіт- насихат жұмыстарын жас политрук ақсатпай бірге атқарады. Өзгелерге үлгі-өнеге бола білген жас офицердің келешегін бағамдаған командирлер Ысқақ Ыбыраевты Могилев қаласындағы жаяу әскерилер училищесіне оқуға жібереді. Оқуын аяқтап, лейтенант атағын алған Ысқақ Ыбыраев 1944 жылы Бірінші Беларусь майданының бесінші екпінді армиясының 60 Қызыл тулы дивизиясының 177 гвардиялық атқыштар полкінің қарамағына атқыштар взводының командирі болып тағайындалады.
Жас лейтенант өзінің взводын басқаруда біліктілік танытып, қарамағындағы жауынгерлерге батылдығымен үлгі-өнеге көрсетіп, бесінші екпінді армияның құрамында көптеген ауыр шайқастарды бастан кешеді. Әсіресе Польшаны азат етуде ерекше ерлік іс-әрекеттерімен көзге түседі. Мало-Боже елді мекені үшін болған ауыр шайқаста лейтенант Ыбыраевтың атқыштар взводы жаудың шебін басып алуда қайсарлық танытып, фашистрді көп шығынға ұшыратады. Фашистер Европа жеріндегі көне қамалдарды берік бекініске айналдырып, қарсыласып бағады.
Алдағы шайқас Ұлы Отан соғысының тарихындағы шешуші кезең екенін әр жауынгер іштей сезінеді. Соғыс тарихындағы «Висло-Одер» операциясы деп аталатын шайқаста тек қана Кеңес одағының тарапынан екі миллион жауынгер қатысып, олардың төрттен бірі, яғни бес жүз мың жауынгер опат болады, немесе жараланады.
1945 жылдың 14 қаңтарында құрамында Ыбыраевтың атқыштар взводы бар Бесінші екпінді армия (қолбасшысы Н.Э.Берзарин) шабуылға дайындалады. Түн қараңғылығын пайдаланып Ыбыраевтың атқыштар взводы Одер өзенінің биік жағалауынан мұздың үстімен жаудың шебіне тақап келіп, тікенек сымды қиып, өздеріне жол ашады да «уралап» жаудың шебіне лап қойып, қоян-қолтық ұрысқа кіріседі. Түн қараңғысында бұндайды күтпеген фашистер өліктерін, қару-жарақтарын қалдырып, шегінуге мәжбүр болады. Келесі күні таң ата фашистер Ысқақ Ыбыраевтың атқыштарын Одерге шегіндіріп, өздерінің позицияларын қайтарып алмақ мақсатта танкілердің қолдауымен қарсы шабуылға шығады. Алға ентелеген дұшпанды Ыбыраевтың гвардияшылары автоматтар мен пулеметтерден оқ боратып қарсы алады. Бірнеше танкілері отқа оранып, фашистер өздерінің шебіне оралуға мәжбүр болады.
Күнұзақ неміс фашистерінің бірнеше шабуылдарының бетін қайтарған Ыбыраевтың атқыштары дұшпанды көп шығынға ұшыратады. Өз қатарлары да сиреп, взвод командирі Ы.Ыбыраев та жараланады. Жараланғанына қарамай өз қарамағындағы жауынгерлерге басшылық жасап, неміс фашистерін алға жылжытпай көмек жеткенше Одердің батыс жағалауындағы позицияларын ұстап тұрады. Бұл шайқастың маңыздылығы – Одерден кейін Берлинге шабуылдауға бірден-бір мүмкіндік туады. Висло-Одер операциясы барысында ерекше қайсарлықпен ерлік жасауына байланысты гвардия лейтенанты Ыбыраев Ысқақ Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады.
Осы жарлықпен Бесінші екпінді армияның өзге бір дивизиясының құрамында пулеметшілер батальонының командирі, капитан Нұрмағанбетов Сағадат та батыр атағын алады.
1944-1946 жылдары Бірінші Беларусь майданының әскери газеттерінде тілшілік қызметін атқарған офицер Мұса Днішевтің (танымал опера әншісі Әлібек Днішевтің әкесі) мына бір естелігіне назар аударсақ:
«Берлин үшін шешуші шабуыл әне-міне басталғалы тұрған кез еді. Бесінші екпінді армиядағы өз тілшіміз М.Нидзеден редакцияға телеграмма келді. «Қазақтар жаппай ерлік көрсетіп жатыр… Қазақ редакциясынан біреу келсін», – депті телеграммада.
Сол күні Бесінші армияның штабы орналасқан Нойдам деген қалаға жеттім. Шынында Одер үшін болған шайқаста төрт қазаққа «Кеңес Одағының батыры» атақтары берілген екен.
Олар – гвардия лейтенанты Ыбыраев Ысқақ, капитан Нұрлыбаев Жолдыбай, капитан Нұрмағанбетов Сағадат, кіші сержант Қимаш Жұмалиев. Осы батырлардың әрқайсысының жеке ерлік істері жайлы «Совет Армиясы» газетінде жеке-жеке очерктер жаздым», – деген екен әскери журналист.
Шағын естеліктерден түйгеніміз, жерлесіміз Ыбыраев Ысқақ болашақ Қорғаныс министрімен қарулас болғандығына көз жеткіземіз.
Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шал ақын ауданының құрметті азаматы.