Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың туғанына 110 жыл толуына арналған “Ерлігі елге өнеге” атты кеш өтті.
Шараға қатысқан еңбек ардагерлері, кітапхана оқырмандары, Ысқақ Ыбыраевтың туған-туыстары мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің және М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері батырдың ғұмырдариясы, ерлік істері туралы сөз қозғады. Кеш барысында Ысқақ Ыбыраевтың қарындасы (інісінің қызы) – Әлия Исмағұлқызы батырдың өмірі, қызметі, Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері, адамгершілік қасиеттері туралы жан-жақты баяндады. Ал майдангердің немересі – Саян Ыбыраев қасіретті жылдары жерімізді жаудан қорғаған батыр атасын әрқашан мақтан тұтатынын, оның ерлік істерін үлгі ететінін айта келе мазмұнды шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымы мен жауынгердің рухына тағзым еткен барша қауымға ризашылығын жеткізді. Ысқақ Ыбыраевтың жерлестері Серікбай Елемесов пен Зарап Құрманқұлов та әсерлі естеліктерімен бөлісті.
– От пен оқтың ортасында жан алысып, жан беріскен аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз бейбіт күнді сыйлаған батыр бабаларымызға мәңгі қарыздармыз, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Шарада Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қызметкері Назерке Рамазанова “Ысқақ Ыбыраев өмірі архив құжаттарында” тақырыбында баяндама жасады.
Майра ӘШІМОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың бөлім басшысы.