Ананы баладан, баланы әкеден, әкені жардан, ағайынды бауырдан айырған сұм соғыстың қасіреті ұрпақ жадында. Ұрыс даласында талай боздақ мерт болды. Отанын жаудан қорғап, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Фашизмге қарсы күресте Отан үшін от кешкен әрбір жауынгер – батыр.
Соғыс жылдарында бес жүзге жуық отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Cоның 103-і – қазақ ұлтынан. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз де аз емес. Өкінішке қарай, майдан даласында із-түзсіз жоғалып, аты аталмай қалған жауынгер қаншама? Белгісіз себептермен лайықты құрмет пен марапатқа қол жеткізе алмағандар да көп. “Nur Otan” партиясы мен бірқатар республикалық ұйымдардың қолдау көрсетуімен 1941-1945 жылдары соғыстағы қазақстандықтардың ерліктеріне лайықты құрмет көрсету мақсатында “Ұмытылған қаһармандар” атты жинақ жарық көргенін айтып өткен жөн. Берік Әбдіғалиұлының құрастыруымен баспадан шыққан кітапта Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы – қазақстандықтар туралы материалдар жинақталған. Онда Ресей Қорғаныс министрлігі архивінің қорларында сақталған құжаттардың көпшілігі алғаш рет жарияланған. Осы кітапқа енген Батыр атағына ұсынылған 133 майдангердің көпшілігі жаяу әскер, артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, снайпер, санитар, байланысшы, т.б. Есімдері елеусіз қалған жауынгерлердің арасында біздің алты жерлесіміз бар. Соның бірі – Қабжат Тоқбергенов.
Ол 1916 жылы Айыртау ауданының Сарыөзек ауылында дүниеге келген. 14 жасқа дейін Петропавл қаласында балалар үйінде тәрбиеленген. 1936 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына қатысқан. 1941 жылы жаяу әскер училищесін лейтенант шенімен бітірген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа 1939 жылы Айыртау аудандық әскери комиссариатынан аттанған. Гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов 54-ші гвардиялық танкистер бригадасының құрамында автоматшылар мотобатальон командирінің орынбасары болды. Украина мен Польша жерлеріндегі шайқастарға қатысып, “Қызыл Жұлдыз”, І және ІІ дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
“Бірде автоматшылар батальоны Висла өзенінен өтіп, жаудың бекінісін басып алады. Ұтымды сәтті тиімді пайдалана білген бригада алдағы шабуылдарға дайындалып, 1945 жылдың 12 қаңтарында Сандомир бекінісінен жүргізілген 107 минуттық артерилериялық әзірліктен кейін шабуылға шықты. Бұл шабуылда батальон командирінің орынбасары Қабжат Тоқбергенов бір топ автоматшыларымен алғы шепте болды. Келесі күні Чарна өзенінен өту қажет еді. Бұл шағын өзен болғанымен, танктерге едәуір кедергі жасады. Сондықтан өзеннен өткел іздеуге тура келді. Гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов сын сағатта көпшілікпен бірге осындай өткелді Котлица деген поляк деревнясының тұсынан табады. Алдымен жау күштерін осы деревнядан қуып шығу керек болатын. Бұл жұмысты Қабжат Тоқбергенов бастаған автоматшылар ойдағыдай атқарып, ерлік көрсетті. Осы шайқаста батальонға басшылық жасаған Қабжат Тоқбергенов ұрыс барысында өз жауынгерлеріне үлгі көрсетті”. Бұл дерек жиені Айгүл Байманның нағашы атасы туралы жазған естелігінде келтірілген. Ал жоғарыда аталған “Ұмытылған қаһармандар” атты кітапта оның тағы бір ерлігі баяндалған екен.
“Шепті бұзып өткен танктегі автоматшылар батальоны жасақтың алдыңғы қатарында техника мен адам күшін жойып, жауға қарсы тойтарыс берді. Екінші күні шептің алдыңғы қатарындағы батальон Нагловище елді мекеніне 1 шақырым қалғанда қарсыластардың қатты соққысына ұшырады. Танктердің жолын бөгеген қызыл жалын әрі қарай жүруге мұрша бермеді. Гвардия капитаны Тоқбергенов бас танкіге ере отырып, қарсыластың оң жағынан оқ жаудырды. Оның тарапынан қабылданған дұрыс шешім мен жедел қимыл тапсырманы мүлтіксіз орындауға мүмкіндік берді. Аталмыш ұрыста 20 фашистің көзі жойылды. Ол алған бетінен қайтпады. Алғашқылардың бірі болып Тоқбергенов автоматшылар тобымен Мстув қаласына кірді. Ұрыста бір өзі гранатамен пулемет расчеті мен 16 фашистің көзін жойып, Варта өзені арқылы өтетін көпірді басып алды. Қарсылас жақтың көпірді жарып жіберуіне жол бермеген ол Ченстохова қаласына танктердің қарқынды шабуылын ұйымдастырды. Қабжат Тоқбергенов автоматшылар взводымен бірге шегінген жаудың соңынан Ченстохова қаласына кіріп, солтүстік-шығыстан қарсыласқа оқ жаудырды. Взводпен жау ротасына дейін атқылап, 6 алтыбағаналы миномет пен әскери қару-жарақ және оқ-дәрі тиелген сонша автомашинаны қиратты. 150 фашисті тұтқынға алып, батальонның басты күшін қаланың ортасына жұмылдырды.
1945 жылдың 17 қаңтарында батальон қарсыласты тізе бүктіріп, қаланы азат етуге тапсырма алды. Қабжат Тоқбергенов түнде жау күштеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Екі “Пантера” мен 150-ге тарта гитлердің қоршауында қалған Кеңес одағының әскері бір сағаттан астам уақыт кескілескен ұрыс жүргізіп, 80-ге жуық фашистің көзін жойды.
Ченстохова қаласы үшін болған екі күнге созылған ұрыста бір өзі, шамамен, 100 жау әскерінің көзін жойды. Жолдас Тоқбергенов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық”, – деп жазылған екен марапатқа ұсынылған жазбада (19 қаңтар, 1945 жыл). Құжатқа автоматшылар батальонының командирі, гвардия капитаны Ашихминнің қолы қойылған.
Бұл шайқаста гвардия капитаны және ол басқарған батальон жауынгерлерінің ерліктері атап көрсетіліп, бригада туына “Ленин” ордені тағылды. Бригаданың осындай ерліктерінің арқасында жау қаладағы фабрикалар мен заводтарды, су құбырлары мен электр станцияларын істен шығарып үлгермеді. Жауға қарсы ұрыста көзге түскен жауынгерлерді наградаға ұсыну жөнінде бұйрық беріледі. 3-гвардиялық танк армиясының командирі Кеңес Одағының екі мәрте батыры, танк әскерінің гвардия генерал-полковнигі Т.Рыбалко наградаға ұсынылғандар жөнінде: “Польшада көптеген ерлігі үшін, әсіресе, Ченстохова қаласын азат етуге белсене қатысқаны үшін гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов Үкіметтің жоғары наградасына лайық”, – деп атап көрсетеді. Сөйтіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі бұйрығымен гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов “Ленин” орденімен наградталады.
Қабжат батыр туралы неміс жазушылары Г.Похе мен Г.Олига “Түн көрпесі түрілгенде” кітабында әңгімелесе, оның майдангер досы Н.Кольяда өзінің “Под командой капитана К.Токбергенова” атты очеркінде 1945 жылдың наурыз айының басында бригаданың Лаубанлеве Наумбург ауданында болған шайқасқа қатысқаны туралы жазған. “5 наурыз күні күннің екінші жартысында біз бір танк және 18 жауынгермен және бір автомашинамен Миттельхов ауылына кірдік. Гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов үш үйге алты адамнан бөлінуді бұйырды. Қ.Тоқбергеновтің бұйрығы бойынша біз үйлердегі терезелер алдына жайғастық. Біздің жалғыз пулеметіміз шатырға орнатылды. Міне, көп ұзамай фашистер ауыр минометтен оқ жаудыра бастады. Біз үнсізбіз. Әрбір снарядты, әр гранатаны, патронды сақтау керек. Жау жағынан кенет оқ ату тоқтатылды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған біздің командиріміз оқ атуға бұйрық берді.
Қарсыласқан ұрыста фашистерді ауылға жақындаттырмай, оларға тойтара соққы бердік. Жау шабуылдары түнге дейін тоқтамады. Фашистердің кезекті шабуылын тойтара отырып, оларды жер жастандырдық.
Түнгі сағат үш шамасында біз Миттельхоф ауылын тастап, қаза болған төрт жауынгерімізді жерлеген соң өзіміздің отрядымызға қосылуға жолға шықтық. Соғыс аяқталғаннан кейін мен ескі әскери жолдармен қайта жүріп өттім. Сол өткен жолдарда мен гвардия капитаны Тоқбергеновті, осы шайқастарда қаза болған әскери жолдастарымды еске аламын. Менің жүрегімде батыл жауынгер, талантты командир, досым туралы естелік мәңгі сақталып қалыпты”.
Жерлесіміздің ерлік істері мен кейінгі өмірінен сыр шертер құнды мәліметтерді іздестіру барысында Айыртау ауданында тұратын қызы Арман Қабжатқызына хабарластым. Оның айтуынша, әкесі соғыстан аман оралып, тұрмысы тұралап қалған елдің дамуына атсалысқан. Отанға сүйіспеншілігі зор азамат бейбіт елдің дамуына бір адамдай еңбек сіңірген. 1946 жылы Бикамал Қабдоллақызымен отау құрып, жеті баланы тәрбиелеп өсірді.
– Мен 1961 жылы дүниеге келдім. Анам перзентханада жатқанда әкем кенеттен қайтыс болды. Ол аудандық милицияда, орман шаруашылығында еңбек етті. Ал анам оның алдында, яғни тың игеру жылдары Целиноград қаласында комендант болып жұмыс істегенін айтып отырушы еді. Тағдыры күреске толы әкемді көзім көрмесе де, оның азаматтық болмысы туралы естеліктер жүрек түкпірімде мәңгі сақталады. Елді жаудан қорғау үшін отқа түскен жауынгердің ұрпағы болғанымды мақтан етемін, – дейді Арман Қабжатқызы. Серік пен Қайрат атты қос ұлы да ерте дүние салған екен. Ал Ботагөз, Аягөз, Мира, Арман, Светлана есімді қыздары – үбірлі-шүбірлі отбасы. Бүгінгі бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста толарсақтан саз кешкен осындай жауынгер нағыз Батыр атағына лайық. Сондықтан майдангер әкені мақтан еткен ұрпағы батырдың өнегелі өмірі ғана емес, ерлігі де атаусыз қалмаса екен дейді.