«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІГІ ЕСКІРМЕЙДІ

Ұлы Отан соғысы басталған тұста елімізді, жерімізді қорғауда табандылық танытып, бейбіт өмір сыйлаған ағаларымыз бен аталарымыздың ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес.

Атамыз Сағит Ахметов – Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тумасы. Ол кісі де соғыс басталған уақытта әскер қатарына алынып, көптің бірі болып майданның алғы шебінен табылған еді. Жерлес жауынгерлермен бірге елімізді қорғауда күн-түн демей жаумен алысып, 1941 жылы Ленинград түбіндегі жанқиярлық шайқаста ауыр жараланады. Госпитальда емделгеннен кейін қайтадан майдан даласына оралған екен. Осылайша соғыс аяқталғанға дейін Жеңіс күнін жақындатуға атсалысады.

1946 жылы Сағит Ахметұлы елге мүгедек болып оралады. Алған жарақаттарын ауырсынса да, атамыз сылти басып жүріп, еңбекке араласады. Тың игеру жылдарында механизатор болып жұмыс істейді. Бел жазбай еңбектене жүріп, отбасын құрып, балалы-шағалы болады.

Жеңіс күнінде артында қалған ұрпақтары жиналып, оның ерлік істерін айтып, Құран бағыштайды. Сағит атамыз соғыс жылдарындағы ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, әр жылдары мерекелік медальдармен марапатталған. Өзінің адал еңбегімен, ерлік істерімен ұрпағының мақтанышына айналған атамызды әр кез үлгі тұтып, басымызды иеміз.

Райгүл ТӨРТУЛОВА,

Балуан ауылының кітапханашысы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp