«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІККЕ ТЕҢ ЕҢБЕК

“Соғыстың құны – кесілген білек

Соғыстың құны – тесілген жүрек

Соғыстың құны – лаулаған орман

Соғыстың құны – уланған арман

Соғыстың құны – өртенген аспан

Соғыстың құны – төгілген жас қан…”, – деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бүкіл еліміз біртұтас майданға айналғаны баршаға мәлім. Міне, сол сұмдық соғыстың жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтсе де, оның қасіреті ұмытылған жоқ.

Сол зұлмат жылдардағы жауынгерлердің ерлігі ел есінде мәңгілік қалары сөзсіз. Оны ұмытуға хақымыз жоқ. Әр жыл сайын абыройымыз бен даңқымыз асқақтаған 9 мамыр – Жеңіс күнін асыға тосамыз. Бұл мереке күні ғана емес. Отан үшін өлімге бас тіккен аталарымыз бен әкелеріміздің жанқиярлығын тағы бір еске ала отыра, оларға тағзым ететін ерекше күн. Жеңіс күніне ештеңеге тең келмейтін ғажап күшпен жеттік. Ол – отансүйгіштіктен бастау алатын, тамыры тереңге созылған сезім. Қазақ – ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешіп, көппен бірге қиындыққа құрыштай шыныққан халық. Ел үшін майдан даласына аттанып, жауға қарсы күресте ерекше қабілетімен көзге түскен Дайыржан Мейрамовты айтуға болады.  

Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының тумасы 1943 жылы жаз айында ауылдас бір топ жігіттермен бірге майданға шақырылады. Алғашында оларды Петропавл қаласына апарып, сол жерде бірнеше ай бойы әскери дайындықтан өткізіп, желтоқсанда соғыс даласына аттандырады.

Дайыржан атамыз Брест қамалынан Берлинге дейін барған. Кезекті ұрыс даласында жау оғынан ауыр жараланып, бірнеше ай емделіп шығып, қарулас жолдастарының қатарына қайта оралған. Жеңісті жақындатуға қолынан келгенше сүбелі үлес қосқан Дайыржан атамыз туған еліне оралады. 1946 жылы 17 жасар Мәжкен апамызды кездестіріп, отбасын құрған. Мәжкен апамыз – тыл еңбеккері. Ол 13 жасынан бастап еңбекке араласқан. Әкеден жетім қалып, шешесінің тәрбиесін көрген Мәжкен апамыз – соғыс кезінде ел игілігі үшін жұмыс істегендердің бірі.

– Ол кездегі еңбек еткен әйелдердің бастан өткерген тауқыметі майдан шебіндегі жауынгерлердікінен кем болған жоқ. Ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, қиын жұмыстың барлығын қыз-келіншектер істеді. Оқымай-ақ, темірдің тілін меңгеріп алғандар аз болған жоқ. Мен өзім тракторшы болдым. Сапасы шамалы тракторларға құйған су сағатына жетпей қайнайтын. Сондықтан иін ағашпен күн-түн демей, трактор соңынан шелектеп су таситынбыз. Техника жетпей, түнделетіп астық орған кезіміз де болды. Сондағы жұмысқа құлшына кірісетін 4 келіншек болдық. Олар – Мәриә, Балқия, Кәкәу деген жас келіншектер. Шаршағанды мүлдем білмейтінбіз. Таңнан кешке дейін егіс басында боламыз. Арамыздағы қарулысы Кәкәу болатын. Ол бүйімкеге шелекпен астықты бір қолымен аудара салатын. Күші басым болғандықтан, “Бүйімкені аударып тастайсың” деп шулайтынбыз. Неткен күш-қуат десеңізші?! Біздің сондағы мақсатымыз – адал еңбегімізбен еліміздің қорғаныс қуатын арттыру, сөйтіп жеңіс күнін жақындату болатын. Ішпей-жемей жекеменшік малымыздан алынған ет, сүт, май, жүн, жұмыртқаны мемлекетке өткізетінбіз. Өзімізге жетпей жатса да, майданға жылы киімдер жіберетінбіз. Әйтеуір, сол еңбегіміз зая кетпеді. Жеңіске көп болып, қол жеткіздік. Біз соған қуанамыз. Отағасының өмірден өткеніне 10 жылдан асса да, туған-туыстар, жақындар, ауыл тұрғындары оны ұмытпайды, – дейді ақ жаулықты әже.

Туған жерге жау шапқанда шет қалмай, еңбек еткен осындай асыл аналар жайында жазып, баршаға паш етсе, бұл да оларға көрсетіліп отырған құрмет емес пе? Міне, менің қолыма қалам алып, мақала жазуыма себепші болған да осындай жағдай. Ерлікпен тең еңбек – жастарға үлгі. Сондықтан да оларға лайықты кәрілікті қамтамасыз ету – біздің парызымыз.

Марина ВЕНИНГ.

Шал ақын ауданы,

 Еңбек ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp