«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІККЕ ҚҰРМЕТ

Алматыда Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімде “Қара майор” деген лақап атпен танылған полковник Борис Керімбаевқа арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Шараға бөлім басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы Күштердің ардагерлері мен марқұмның туған-туыстары қатысты. 

“Бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Ауған соғысы кезінде Борис Төкенұлы басқарған батальон үздік нәтиже көрсетіп, оның құрамындағы қазақ, тәжік, өзбек, қырғыз әскерилері бір-біріне өз бауырындай қарайласты. Ол өмірінің соңына дейін “елім, жұртым” деп өтті. Мұндай құрметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін”, – деді батырдың зайыбы Раиса Керімбаева жиналғандар алдында.

4 қыркүйекте Қорғаныс министрінің бұйрығымен арнайы мақсаттағы әскери бөлімге Борис Керімбаевтың есімі берілген болатын. Майдангер әскери барлау қызметіне қосқан үлесі үшін бірнеше наградамен марапатталған. Қызмет жылдарында мотоатқыштар взводының командирі, Орта Азия әскери округі барлау ротасының, штабының және мотоатқыштар батальонының басқарушы қызметтерін атқарған. Әсіресе, оның ұйымдастырушылық қабілеті 1981 жылы Ауған елінде болған ұрыстар кезінде танылды. Полковник басқарған әскерлер Панджер шатқалында Ахмад Шах Масудтың жасағына қарсы тұрған. Сегіз айға созылған атыстардан кейін жау уақытша бітімге келуге мәжбүр болды. Нәтижесінде кеңес әскерлеріне қарсы топтардың жауынгерлік іс-қимылдары тоқтатылды. Осындай естеліктерімен бөліскен шара қатысушылары ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, майдангерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
 

Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің
баспасөз орталығы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp