«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

Әкем ағасы Рүстемнің Венгрия жерінде жаумен шайқасқанын жиі еске алып отыратын. «Елден бір уыс топырақ та бұйырмады ғой!», – деп өкінетін. Марқұмның жерленген зиратына зиярат етіп қайту да бұйырмады. 1994 жылы 64 жасында өмірден озды.

Кіндік қанымыз тамып, туып-өскен жеріміз– Есіл ауданындағы бұрынғы Тілеп, қазіргі Мәдениет ауылы. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, атақонысымызды Атығай руынан шыққан Тілеп батырдың ұрпақтары әрі жайлау, әрі қыстау қылған көрінеді, ХІХ ғасырда Көкшетау уезінің Ырсай болысына қараған. Көшенің ортасына орнатылған ағаш жел диірмен бертінге дейін сақталыпты. Кеңшар кезінде жергілікті басшылар «Бұл ауылдың болашағы жоқ» деген желеумен мектебін, әлеуметтік нысандарын жауып тынған. Қазір қалғаны – 7-8 түтін ғана. Өзгелер секілді біздің отбасы да туған жерінен алыстамай, 5 шақырымдай ғана қашықтықтағы кеңшар орталығы – Петровкаға көшуіне тура келді. Әкем Дәстем автомобиль жүргізушісі, кейін мал шаруашылығында еңбек етті. Анам Назыкен сиыр сауып, селдетіп сүт бұлағын ағызды. Олар таң атқаннан қас қарайғанға дейін кеңшардың жұмысында жүргендіктен, біздің тәрбиемізбен Сәуле әжеміз айналысты. Жалғыз ұлдан тараған ұрпағын ешкімнен кем қылмай өсірді. Әжеміздің Рүстем есімді үлкен ұлы 18 жасында майдан даласында қаза тапқанын кейін білдік. Атамыз Қабдөш Оспанов 1936 жылы дүниеден өткен кезде Рүстем 11 жаста екен. Соғыс басталған кезде ауылда кәрі- құртаңдар мен қыз-қырқындар ғана қалыпты. Рүстем ағамыз жеті жылдық мектепті аяқтай сала ұжымшардың жұмысына жегіледі. Ол 1943 жылы 18 жасында Ленин аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен Армия қатарына алынады. Болашақ жауынгердің соғыстағы өмірінен 1977 жылға дейін бейхабар болдық. Сол жылы Ленин ауданының орталығы (қазір Есіл ауданы) Явленка ауылында тұратын, Целиноград ауыл шаруашылығы институтындағы курстасым Талғаттың үйінде болып, әкесі Сабыржан Бектасовпен таныстым. Ол біздің ағамызбен 1943 жылы Ташкент қаласында жеделдетілген офицерлер даярлайтын 6 айлық курста бірге оқыпты. Қатарластарына қарағанда ұрыс жүргізу тактикасын жылдам әрі тез меңгерген. Қабілеттілігі мен пысықтығына орай «кішкентай Наполеон» атап кетіпті. 2014 жылы тетелес інім Төлеген соғыс жылдарының мұрағаттарын ақтарып, тиісті құжаттарға қол жеткізді. Отан үшін от кешкен боздақ Украина майданы құрамындағы Қызыл тулы Кутузов орденді 202 Калуга атқыштар дивизиясының 682-ші атқыштар полкінің атқыштар взводы командирі ретінде алғаш Курск иініндегі шайқасқа қатысыпты. Бауырлас Венгрияны жаудан азат ету кезінде ерлікпен қаза тауып, Цеце деревнясындағы бауырластар зиратына жерленіпті. Бізге жеткен марапаттау парағындағы «…Рүстем Қабдөшев Краснослободцев басқаратын атқыштар полкінің взвод командирі ретінде Шиманторниа селосы маңындағы шайқаста қаһармандық пен ерліктің, қайсарлық пен табандылықтың ерен үлгісін көрсетті. Жау 1945 жылы 10 наурызда біздің жауынгерлік бөлімшеге жойқын шабуыл жасады. Жолдас Қабдөшев взвод жауынгерлерін жігерлендіріп, шабуылдаған жаумен қоян-қолтық ұрысқа шықты. Нәтижесінде гитлершілер майдан даласында өліктерін қалдырып, дүрліге қашты. Жеңілгендігін мойындағысы келмеген жау артиллериялардың, танктердің және ұшақтардың көмегімен тағы да шабуылдады. Алайда Қабдөшев жауынгерлерін алға бастап, бората оқ атты және оларды шегінуге мәжбүр етті. Көрсеткен жанқиярлық ерлігі, батылдығы және табандылығы үшін қаза тапқан жолдас Қабдөшев мемлекеттік награда – бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық» деген сөздер ғана жанымызға жұбаныш. Аталмыш құжатқа №682 Қызыл тулы Калуга атқыштар полкі командирінің міндетін атқарушы, майор В.Пенкин қол қойыпты. Онда шайқастың толассыз 3 күнге созылғаны, ағамыздың 1945 жылы 13 наурызда қаза тапқаны жазылған. КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы шешімі 1945 жылы 20 наурызда шыққан.

Мен аудандық әкімдіктегі, інім облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі қызметінен босай алмайтын болғандықтан, әкеміздің асыл арманын Астана қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын інім Серік пен балам Марат 2015 жылы 2 мамырда орындады. Алаң көңіл осылай дамыл тапты. Мемориалдық кешен Венгрия астанасынан 110 шақырымдай жердегі Цеце деревнясында орналасқан. Бауырластар зираты ерекше қамқорлыққа алыныпты. Жағалай гүлдер отырғызылған. 20 тақтаның біріне «мл.л-нт Кабдушев Р. 1925-1945, кр-ц Калеников Н.В. 1925-1944» деп есімдері ойылып жазылған. Қорымға тәу ете барған Серік пен Марат аят оқып, өздерімен ала барған туған жердің топырағын зиратқа салды.

Балғын балалық пен жігіттік шағымды өткізген Петровка ауылында құрған «Тілеп- Нан» серіктестігі Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында округ орталығында «Ардагерлер аллеясын» ашуға қомақты қаржы бөлді. Даңқ ескерткішінің алдындағы мәрмәр тақталарға Петровка, Мәдениет және бүгінгі күні аты ғана қалған Оседлое ауылдарының майданнан оралмаған боздақтары мен елде қайтыс болған ардагерлерінің есімдері жазылды. Барлығы – 272 адам. Шағын ғана Тілептен 44 адам соғысқа аттанып, 33-не топырақ жат жерден бұйырған.

Аман ҚАБДӨШЕВ,

еңбек ардагері.

СУРЕТТЕРДЕ: Венгрияның Цеце деревнясындағы бауырластар зиратындағы Р.Қабдөшевтің есімі жазылған тақта.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp