
Соғыс қасіреті ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді. Өйткені, аталарымыз жерімізді жаудан қорғау үшін толарсақтан саз кешіп, қасық қаны қалғанша күресті. Сұм соғыста қаншама адам құрбан болды. Мүгедек болып елге оралғаны қаншама?! Менің атам Мұхамедқали Жамантиков та майдан даласында жараланған жауынгер.
Атам 1900 жылы Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылында дүниеге келді. 1942 жылы ақпан айында соғысқа аттанған. 1231 атқыштар полкінің құрамында шайқасты. Ұрыс даласында иығынан оқ тиіп, елге оралған. Бірден еңбекке араласып, майдан даласында от пен оқ кешіп жатқан қаруластарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге қолғабыс етті. Таңның атысы, күннің батысы ұжымшарда жұмыс істеді.
Халқымызда “Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін” деген тәмсіл бар. Көнекөздер атам көзі ашық, көкірегі ояу, ауылдағы құрмет пен беделге ие ақсақалдың бірі болған деседі. Артында қалған ұрпағы оны мақтан етеміз. Әжеміз Жібек те осал жан болмаған. Атамыз соғысқа аттанғанда шиеттей балалармен қалған ол бар ауыртпалықты қайыспай көтерді. Күлпә, Күлжәмила, Тобылжан, Ойрат, Жасұлан соғысқа дейін дүниеге келсе, әкем Марат, Күлбазира, Жанбота мен Әлия соғыстан кейін туған.
Тамырын тереңге жайған қос бәйтеректей ата-әжеміз балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Атам өз қолымен ағаштан үй тұрғызды. Үлкен шаңырақтың астында ата-ананың мейіріміне бөленген ұл-қыздар өсіп-өніп, ержетті. Ата-ананың өнегелі тәрбиесін алып, әрқайсысы еліміздің дамуына бір кісідей еңбек сіңірді. Бірі есепші, енді бірі экономист, ұстаз, тағы басқа салаларда қажырлы еңбек етті. Балаларына тәлімді тәрбие беріп, көпке үлгі болған осындай атаның ұрпағы болғаныма қуанамын.
Мұхамедқали Жамантиков 1982 жылы дүние салды. “Адам ұрпағымен мың жасайды” демекші, атамыздың артында қалған ұл-қыздары оның есімін ешқашан ұмытпайды. Атамыз Жеңіс мейрамына орай әр жылдары мерекелік медальдармен марапатталды. Сол марапаттар әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр. Бүгінде атамыздың тағылымды өмір жолынан немерелері мен шөберелері үлгі алуда.
Дархан ЖАМАНТИКОВ,
немересі.