
Әке! Ардақты есім. Жарқын бейнесі қашанда жадымызда. Әкем – Балғожа Қалиасқаров 1908 жылы қазіргі Тайынша ауданына қарасты Кішкене қопа деген ауылда дүниеге келген. Әкеден ерте қалған ол өмірдің тауқыметін көп көрді. Ағасы Бейсен екеуі байдың малын бағып, аналарына қамқор болды. Қай жұмысты болмасын аса ұқыптылықпен, жауапкершілікпен орындай білетін әкем ауылда ұста болып та жұмыс істеді. Ел басына ауыр күн туған шақта жалғыз бауыры Бейсенмен бірге майданға аттанады. 136-шы атқыштар бригадасының құрамында болып, талай қанды шайқастарға қатысты. Кезекті бір ұрыста аяқ-қолынан ауыр жараланып, елге оралды. Ал бауыры Бейсен сол қан қасаптан қайтпады.
Қос балдақпен елге оралған әкем қол қусырып отыруды лайық көрмей, ауылдың еңбек майданына бірден кірісіп кетті. Ел адамдарының қолқалауымен тұралап қалған шаруашылықты қайта тұрғызуға басшылық етіп, ауыл азаматтары артқан ауыр жүкті сеніммен көтере білді, басқармалық жұмысты абыроймен атқарды. Ұжымшардың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де барып қайтты. Бірнеше рет депутат болып сайланды. Көп жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болды. Осы еңбегі үшін ол “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “Ерен еңбегі үшін” және басқа да медальдармен марапатталған. Сондай-ақ соғыстағы жанкештілігі үшін “Жауынгерлік ерлігі үшін”, І дәрежелі “Отан соғысы” ордені, “Ерлігі үшін” медалін екі мәрте алған. Табиғатынан сабырлы әкем көзінің тірісінде өзінің соғыста жасаған ерліктерін айтып, кеуде қағып мақтанған жан емес. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген осы шығар, шіркін-ай, қыршынынан қиылып, осындай бейбіт өмірді көрмей кеткен замандастарым болды ғой”, – деп ерекше тебіреніспен көзіне жас ала отырып айтқан әңгімелері әлі есімде.
Анам Мағрипа Есентоғайқызы әкемді қан майданға шығарып салып, елмен бірге көрген қиындықтарға ешқашан мойымады. Қос балдаққа сүйеніп келсе де, көңілін кірбің шалмады. Екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірді. Анамыздың дастарқаны ешқашан жиылмайтын, ат басын бұрған кез келген мейманды құрақ ұша қарсы алатын. Жылы сөзімен көңілді баурап алатын қасиеті бар еді.
Қайтып келмес, қайран өмір! Ардақты әке, Жеңістің 76 жылдығы тойланып жатқан күндерде аруағыңыздың алдында бас иіп, сағынышпен еске аламыз.
Үміт ҚАЛИАСҚАРОВА,
қызы.