«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК – БІЗДІҢ ЕНШІМІЗ

“Жас қыран” жастар қосымшасы өңір өрендерінің түрлі саладағы беткеұстар үздіктерін қалың оқырманға таныстырып келеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, ғылыммен қаруланған жандар жайында жазылған мақалаларды оқысам, қуанамын. Сондай-ақ, бұл қосымша өрелі өрендерді таныстырып қана қоймай, қабілетті жандардың жүректерін жарып шыққан туындыларын да жарыққа шығарып, олардың ұлы өзенге ұмтылған кішкене ағыс іспеттес армандарына қанат байлап, биікке самғата білуде. Осындай ниетпен мен де қолыма қалам алып, жұмысым, мақсаттарым, өзім секілді жастардың ойлары жөнінде толғанғанды жөн санадым.

Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы “Тіл және әдебиет” институтының “Ағылшын тілі” мамандығын бітірген соң бала күнгі арманым болған өрт сөндіру саласында жұмысқа орналасқым келді. Өйткені, аталмыш қызметте көп жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен әкемнің өз жұмысына адалдығы, жанымен берілгендігі менің балауса арманыма құрық салуыма себепші болды. Сөйтіп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің апаттық-құтқару жұмысы және өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы болып, өзім қалаған жұмысқа орналастым. Бүгінде он жылға жуық уақыт бойы осында еңбек етіп келемін.  

Біз тілсіз жау туралы келіп түскен қандай да бір ақпараттарға, өтініштерге жауап береміз. Өртсөндірушілерге лезде хабар беріп, олардың құрал-жабдықтармен қаруланып, оқиға орнына лезде жетуін қадағалаймыз. Бұл ерекше жылдамдықты талап етеді. Өйткені, айтып келмейтін тажалды ауыздықтау үшін бір минут та, секунд та қымбат.

Өмірде әрбір мамандықтың өз қиындығы болатынын, солардың ішінде өртсөндірушілердің жауапкершілігі өте зор екенін айтар едім. Қып-қызыл жалынға қарсы тұру кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Біздің мекемеде жұмыс істейтін өртсөндірушілердің көбі – жастар. Жас болса да, жанарларында от, жүректерінде қайрат тулаған олардың міндеттері де, жұмыстары да көпке үлгі. Осындай күнде көріп, куә болып жүрген қиындықтарына қарамастан, мен болашақта өртсөндіруші болғым келеді. Әрине, ондай жауапты жұмысқа бүгінде дайындық үстіндемін. Оған өзімнің ана тілім қазақ тілінен өзге, ағылшын және орыс тілдерін еркін меңгергендігім, үш тілде еркін аударма жасай алатындығым әбден көмегін тигізуде. Астана қаласында өткен “Тіл-дарын” республикалық байқауына қатысып, осы сала бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, жеңімпаз атануым жетістігім деп білемін.

Әлия ШАУЫПКЕЛОВА,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің апаттық-құтқару жұмысы және өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp