Бірер күннен кейін Қазақстан халқы Ұлы Жеңіс күнін атап өтеді. Жеңіс күні еліміздегі әр отбасына ыстық. Өйткені қанқұйлы соғыс бірде-бір әулетті айналып өткен жоқ. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе майдан даласында ерлікпен қаза тапқан туыстары болды. Тылда күні-түні еңбек еткен қаншама адам Жеңіс күнін жақындатуға өзіндік үлестерін қосты. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды.
Бүгінгі күні ақиқатты айқындап жариялайтын ардагер қарияларымыздың қатары сиреп барады. Олар жайлы қошемет сөздерді ұрпақтарынан, немерелерінен, қандыбалақ жолдастарынан естіп жатамыз. Жеңіс күні ардагер аталарымыз көз жасын көл қылып, өзімен бірге соғыс даласында жаумен шайқасқан жауынгер достарын еске алады. Өкінішке қарай, сұрапыл жылдарды көзбен көргендердің қатары сиреп барады. Сондықтан соғыс ардагерлеріне қолдан келген құрметті көрсетуге міндеттіміз.
Қазақ елі Ұлы Жеңістің адамзат үшін қандай маңызға ие екенін бір секунд та ұмытқан жоқ. Жеңіс жолында жанын қиған, қанын төккен қаһарман батырларымыздың ерен ерлігін ұмыту елдігімізге сын, ата-бабаны құрметтеген болмысымызға жат. Қаһарман батырлардың ерен ерлігі мен жеңісті жолын дәріптеу кейінгі ұрпақ үшін қажет. Осы ерлік дәстүрлерін жастарға табыстау – баршамызға ортақ парыз деп білемін.
Ахан КӘРІМОВ,
кәсіпкер.