«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК — ЕЛГЕ МҰРА

Биыл – Ұлы Жеңіске 75 жыл. Осы зұлмат жылдары қаншама боздақ болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, шейіт болғанын тарих беттерінен оқып, аға буынның естелік әңгімелерін тыңдап өстік. Осы айтулы күнге орай Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде майдан даласында Отан қорғаған ержүрек жауынгерлердің “Есімдері мәңгілік жадымызда” атты электронды мәліметтер базасының тұсауы кесілді.

 Елім деп еңіреген ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтыны жөнінде сөз сабақтаған архив директоры Сәуле Мәлікова базаны таныстырудағы басты мақсат өскелең ұрпаққа Отан үшін от кешкен майдангерлердің өшпес ерлігін, өнегесін насихаттап, оларды отаншылдыққа, ізеттілікке тәрбиелеу екеніне тоқталды.
Соғыс ардагерлері, аға буын мен жастар қатысқан шара барысында көрме ұйымдастырылып, облыстық архивте сақталған соғысқа қатысты, 314-атқыштар дивизиясының ресми құжаттары мен фотолары, солтүстікқазақстандық ержүрек батырлардың тізімі мен осыған дейін аталмаған жаңа есімдер белгілі болды.
Сонымен қатар жиналғандар ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері мен жәдігерлерді іздестіру бағытында жұмыс істейтін “Саланг” әскери-патриоттық клубы тапқан құнды дүниелерді тамашалады. 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp