1418 күнге созылған соғыста қолына қару алып, басқыншы жауға қарсы тұрған, Отан қорғау жолында от кешкен майдангер ағаларымыз бен аталарымыздың жанқиярлық ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу – жауапкершілігі мол маңызды міндет.
Дүниенің астан-кестенін шығарып, талайды қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл соғыс қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Біздің республикамызда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 4 минометтік дивизион, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полк пен батальон жасақталып, алапат соғысқа 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанған. Сол қанқұйлы майданда ерекше ерлігімен көзге түскен 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, олардың 130-ының ұлты қазақ. Өкінішке қарай, тағы 133 батыр сол жылдары орын алған әділетсіздіктердің кесірінен осындай жоғары атақты ала алмай қалғанын біреу білсе, біреу білмес. Мұны тарихшы Берік Әбдіғалиұлының “Ұмытылған қаһармандар” атты кітабынан білуге болады. Онда “Кеңес Одағының Батыры” атағына ерекше ерлігі үшін ұсынылған отандастарымыздың есімдері, олардың ерліктерін растайтын полк командирлері қол қойған құжаттар берілген. Алайда, жауынгерлердің ешқайсысы бұл жоғары атаққа қол жеткізе алмай өмірден өтті.
Сол тізімдегі есімдері елеусіз қалған алты солтүстікқазақстандық жауынгердің бірі – Үлфат Дүйсенов 1919 жылы дүниеге келген. Мұғалімдер институтын тамамдаған жерлесіміз соғысқа дейін Марьевка ауылындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1942 жылы бұрынғы Октябрь аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. Жан беріп, жан алысқан шайқастарда талай мәрте қатерге басын тігіп, елін қорғау жолында өліммен бетпе-бет келді. Қандай қиын жағдайлар болса да, жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отырды. Соғыс жағдайында кез келген жауынгерге, әсіресе, атқыштарға берілген әр тапсырманың ерекше сын болғаны сөзсіз.
Әкесінің ерлік істері туралы құнды мәліметтермен бөліскен майдангердің кенже ұлы Марат Дүйсеновтің айтуынша, ол 313-ші гвардиялық атқыштар полкында гвардия капитаны, ал кейін 110-шы атқыштар дивизиясында батальон командирінің орынбасары болған. Иығына қару асынған жерлесіміз ұрыс даласында етігімен су кешіп, Венгрия және Чехословакия қалаларын жаудан азат етіп, Днепр өзенінде болған шайқастарға қатысады. Бұл ұрыстарда ерліктің асқан үлгісін көрсетіп, командирлердің көзіне түседі. Сөйтіп, “Қызыл Жұлдыз” және ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен марапатталады. “Ұмытылған қаһармандар” кітабында жерлесіміздің 1945 жылдың 25 сәуірінде Чехословакияның Славков қаласын жаудан азат ету шайқасында көрсеткен ерлігі туралы жазылған. Дәл осы ерлігі үшін гвардия капитаны “Кеңес Одағының Батыры” атағына ұсынылады. Алайда, жерлесімізге жоғары награданың неліктен берілмегенін ешкім де дөп басып айта алмайды.
Шайқас барысында фашистер жаяу әскер мен танктерді көптеп жұмылдыру арқылы қаланы бермеуді көздейді. Қайта-қайта шабуылдар ұйымдастырып, кеңес әскерін шегінуге мәжбүрлейді. Қала бірнеше мәрте қолдан-қолға өтіп, екі жақ та көп шығынға ұшырайды. “Шаһарды жаудан азат етуде атқыштар үлкен рөл атқарды. Кескілескен ұрыстардың бірінде 313-ші гвардиялық атқыштар полкінің батальон командирі ауыр жараланған болатын. Оның міндетін атқарған Үлфат Дүйсенов барлық шабуылдарға тойтарыс беріп, жаудың қатарын сиретті. Бұл ерлігінің арқасында батальонға рух беріп, жауынгерлерді шабуылға бастады. Сөйтіп, Славков қаласында бекінген жау шегінуге мәжбүр болды. Әр кез алдыңғы шептен көріне білген гвардия капитаны аз шығынмен қаланы жаудан азат етті. Жолдас Дүйсенов “Кеңес Одағының Батыры” атағына лайық”, – деп 313-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Алексей Баланконың қолы қойылған құжатта тайға таңба басқандай жазылған. Дегенмен, жауынгер бұл ерлігі үшін тек “Қызыл Ту” орденімен ғана марапатталады.
Ержүрек Үлфат Дүйсеновтің жорық жолдары Жапонияда жалғасын табады. 1945 жылдың наурызында КСРО-ның “Шабуыл жасамау және бейтараптық туралы шартты” денонсациялағаны белгілі.
Сөйтіп, Жапонияға соғыс жариялаған қызыл армия Квантун әскеріне үш бағытта, яғни Забайкалье, І және ІІ-қиыршығыстық майдандар бойынша соққы жасайды. Қызыл әскер Гоби шөлі арқылы жүріп, Үлкен Хинган асуын қиындықпен басып өтеді.
Бұл жолы да небір қиын операцияларға қатысып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған Үлфат Дүйсенов ұрыстар кезінде талай рет нағыз жауынгерге тән ерліктің жоғары үлгісін көрсете біледі. Атап айтқанда, жерлесіміз 35-ші әскердің қатарында Манчжурияға шегінген жауды 1200 шақырым бойы өкшелей қуады. Бір атап өтерлігі, жеке құрамның, техника мен оқ-дәрі шығыны тіркелмейді. Ал 1945 жылдың 28 тамызында қолдан жасалған қайықтардың көмегімен қарамағындағы жауынгерлердің Тунляо қаласының маңында Ляхоэ өзенін кесіп өтуіне жауапты болады. Бұл жолы да адам мен техника шығыны болмайды.
Майдангер 1946 жылы елге оралды. Жерлесіміз соғысқа дейін мұғалім болып істеген Марьевка ауылындағы мектепке қайтадан жұмысқа орналасты. Өз ісіне берілген Үлфат Дүйсенұлы әр жылдары физика және математика пәнінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болды. Ардагердің білім саласындағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, халық-ағарту ісінің үздігі атақтарына ие болады.
Марат Дүйсенұлы әкесінің соғыс жылдарынан кейін тұрмысы тұралап қалған елдің дамуына атсалысқанын айтады. Кейін Қайныш Алмағамбетовамен отау құрып, төрт баланы тәрбиелеп өсіреді. Үлкен қызы Фарида орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерсе, Рашида – кітапханашы. Ұлдардың үлкені Жоламан аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болса, Марат Сергеевка қаласындағы аудандық электр желісінде көп жыл бойы жұмыс істеген.
Бүгінгі бейбіт өмір үшін өлімнен тайсалмаған, толарсақтан саз кешкен жауынгер Үлфат Дүйсенов батыр атағына нағыз лайық жан еді. Сондықтан майдангер әкені мақтан ететін ұрпақтары батырдың өнегелі өмірі ғана емес, ерлігі де атаусыз қалмаса екен дейді. Себебі, батырдың ерлігі уақытында бағаланбай, наградасы кешігіп жеткен кездер бұған дейін де болған. “Ерлігі үшін” медалі тек 1979 жылы табысталыпты. Бұл Днепр өзенінің бойында орын алған ұрыстарда көрсеткен көзсіз ерлігіне берілген бола-тұғын. Майдангер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын білместен 2013 жылы өмірден өтті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.