«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК ПЕ, ЕССІЗДІК ПЕ?

Жер-жаһанды жайлаған корона­вирустың кесірінен әлем елдерінің футбол чем­пионаттары нағыз қызған шағында тоқ­тап қалды. Италия, Испания, Ұлыбританияда ойындар кейінге қалдырылды. Тіпті, кейбір ойыншылар вирус жұқтырып, қиын жағдайға тап болды. Еуропалық футбол қауымдастығы одағының (UEFA) басшылығы қауіпті індеттің белең алуын ескеріп, биыл өтуі тиіс “Еуро – 2020” турнирін 2021 жылдың жазына дейін шегеру туралы шешім қабылдады. Кейбір лигалар мау­сым­ды ерте аяқтап, чемпиондықты тур­нирлік кестедегі орынменақ анық­тай салды. Қазақстан да Премьер-лига ойындарын екі турдан соң кейінге қалдыруды шешті.

Дегенмен, әлемді дүрліктірген вирустың таралуына қарамай, футбол біріншіліктерін жалғастырып жатқан елдер бар. Атап айтқанда, Никарагуа елінде фут­бол чем­­пионаты жалғасуда. Кейбір клубтар әлі де өзара жолдастық ойындарын өткізуде. Ал Беларусь мем­лекеті – футболды тоқтатпаған Еуропадағы жалғыз ел. “UEFA” құрамына кіретін бұл мемлекеттің билігі ойындар­ды тоқ­тату ту­ралы шешім шығаруға асығар емес. Әлемдегі жағдай ішкі чемпионаттың баста­луына кедергі бола алмады. Клубтардың басшылығы да бұған ешқандай қарсылық та­ныт­пады. Тіпті, жанкүйерлер футболды ашық алаңда тамашалай алады.
Беларусь футболшыларының деңгейі аса жоғары еместігі спортсүйер қауымға мәлім. Әйтсе де, көпшілік қазір бұл біріншілікке көз тігуге мәжбүр. Қазіргі уақытта мұнда өтіп жатқан ойын­­дар 12 елдің телеар­наларынан көрсетілуде. Атап айтар болсақ, Литва, Болгария, Украина, Израиль, Үндістан, Сербия, Хорватия, Босния және Герцеговина, Ресей, Чер­но­гория, Словения және Солтүстік Македония мем­лекеттері Беларусь чемпионатын көк жәшіктен тамашалауда. Sport.ua пор­талының хабарлауынша, ресейлік “MatchTV” арна­сы жоғарғы лига­ ойын­дарының тікелей көрсетілімі үшін бар болғаны 210 мың АҚШ долларын төлеген. Біріншіліктің алда­ғы ойындарын көрсету құқығын сатып алған ресейлік “Sport 1” және украиналық “FootballHub” телеарналары бұл мақсатқа қанша қаражат жұмсағаны көпшілікке беймәлім. Ға­ламторда “QazSport” телеарнасы Беларусь біріншілігі­нің ойындарын көрсету құқығын сатып алғаны туралы жазылғанымен, бұл ақпарат расталған жоқ.
Аталмыш елдегі футбол федерациясының басшылығы ко­ронавирус пандемиясы біріншілікті өткізуге кедергі бола алмайтынына сенімді секілді. Әзірге футболшылар мен клуб қызметкер­ле­рі арасында вирус жұқтырғандар тіркелмеген. Бұл мемлекетте басқа елдермен салыстырғанда коронавируспен сырқаттанғандардың саны әлдеқайда аз екенін айтып өткен жөн. Соңғы деректерге сүйенсек, Беларусьте осы күнге дейін 634 адам коронавирус жұқтырып, оның 13-і көз жұм­ған. Бір қызығы, мұнда 6 сәуірге дейін футболдан басқа спорт түрлерінен өтетін жарыстар тоқтатылды. Азаматтарға спорт залдарына баруға тыйым салынды. Бірақ фут­бол біріншілігіне бұл шешімнің түк қатысы жоқ.
Биылғы маусымда беларусьтік футбол клубтарының басшылығы букмекерлермен белсенді жұмыс істеуде. Атап айтқанда, олар “Parimatch” пен “Maxline ABFF”-пен ресми серіктес болу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Мамандардың айтуынша, коронавирусқа байланысты мол табыстан айырылған бұл мекемелердің әрекеті суға кеткен тал қармайдының кебі. Бірақ кездесулерді тамашалауға келетін жан­күйерлердің саны соңғы күндері күрт азайған. Егер бірінші тур ойындарына 10 474, екінші турға 8 958 көрермен келсе, соңғы рет футболды 2619 адам тамашалаған. Дегенмен, жергілікті спортсүйер қауым федерация басшылығынан біріншілікті тоқтатуды талап етуде.
Айтпақшы, ғаламторда Украина біріншілігінің қалған ойындары Беларусьтің үш стадионында өтуі мүмкін деген ақпарат тарауда. Әзірге стадион Минск пен Брест қалаларынан қарастырылуда деп жазуда кейбір ақпарат көздері. Сондай-ақ, Слуцк, Бобруйск және Жодино қалаларының стадиондары таңдалуы мүмкін деген де болжам бар. Әлем дүрлігіп жатқан кезде алаңсыз футбол ойнау ерлік пе, әлде ессіздік пе? 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp