Уақыт ұшқыр десек те, ел өмірінде елеулі ізін қалдырған оқиғалар еш уақытта ұмытылмайды. Солардың бірі – фашизмді, өшпенділік идеологиясын, нәсілдік артықшылық пен теңсіздікті тізе бүктірген Екінші дүниежүзілік соғыс және ондағы Жеңісіміз өркениетті адамзаттың жадында.
Миллиондаған адамның көз жасымен, қайғы-шерімен келген Жеңістің тарих бетінде алтын әріптермен жазылып, мәңгі сақталуына өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бері “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген аттармен жарық көріп, халқымызбен бірге жасасып келген, бүгінде шыға бастағанына 95 жыл толып отырған “Солтүстік Қазақстан” атауымен белгілі облыстық газетіміздің де қосқан сүбелі үлесі зор. Бүгінгі күні өзінің ұстанған бағыты, айтар сөзі бар, өңірдегі жаңалық жаршысына айналған газет соғыс жылдарында да өзінің жұмысын тоқтатпағанына көз жеткізуге болады. Ел тарихымен сабақтас өрбіген газет тарихы соғыс жылдарында не жазды?
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында “Ленин туы” газеті редакциясының қызметкерлері уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеп, елге соғыстың барысын, жауды жеңу үшін тылдағы еңбекті бәсеңдетпеу керектігін түсіндіріп отырған. Газет тілшілері ел басына түскен қиын жағдайды халыққа жете түсіндіріп, тыл еңбеккерлерін “Бәрі Майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!” деген ұранмен тынымсыз еңбек етуге шақырып, олардың Жеңіске сенімін күшейткендігіне сарғайған газет беттерінде жарық көрген материалдар куә.
Солтүстік Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттамалар бөлімі шығарған “Солтүстік Қазақстан облысына – 70 жыл” атты құжаттар мен материалдар жинағына соғыс жылдарында “Ленин туы” газетінде жарық көрген бірқатар ақпараттық материалдар енгізілген екен. Солардың ішінде 1943 жылғы 6 наурызда “Ленин туы” газетінің 47-ші нөмірінде жарық көрген Ж.Оспановтың “Сталинград үшін” деген мақаласында: “Совет ауданының еңбекшілері Сталинград қаласын қалпына келтіруге арнап қаржы жинау жөніндегі патриоттық бастаманы зор ықыласпен қарсы алды. Қаһарман қаланы қалпына келтіру үшін қаржы жинау ісі ауданда мейлінше өріс алды.
“Баянды” колхозының председателі Тәшен Алтыбаев жолдас қаһарман қаланы қалпына келтіру үшін қолма-қол ақшалай 5000 сом тапсырды, сөйтіп ол колхозшылар мен басқа колхоздардың председательдерін өзінен үлгі алуға шақырды. “Кеңес” колхозының орденді председателі Мәмбетов, “Қарағайлы” колхозының председателі Тұяқбаев жолдастар Алтыбаев жолдастың шақыруын қошеметпен қарсы алды. Олардың әрқайсысы бұл игілікті іске арнап 5000 сомнан қаржы берді. “Шағалалы” астық совхозының саясаттық бөлімі начальнигінің орынбасары Бабошкина жолдас қолма-қол 300 сом қаржы тапсырды.
Даңқты Сталинград қаласын қалпына келтіру үшін қаржы жинау ісі колхозшылар арасында ойдағыдай жүргізілуде”, делінген.
“Ленин туы” газетінің 1943 жылғы 8 наурыздағы 48-ші нөміріндегі “100000 сом тапсырды” деген мақалада да: “Булаев ауданының еңбекшілері Молотов атындағы завод коллективінің патриоттық бастамасын қошеметпен қарсы алып, Еділ қамалы Сталинград қаласын қалпына келтіру қорына 100000 сом қаржы тапсырды. Чистов МТС-ның жұмысшылары мен қызметкерлер коллективі бұл игілікті іске арнап, 6000 сом қаржы берді, “Геолого-трест” конторының жұмысшылары мен қызметкерлері 8000 сом, Булаев элеваторының коллективі 5000 сом ақша тапсырды”, – деп жазады Р. Жайсакова.
Ал “Петропавл қалалық партия активінің жиылысы” деген мақалада: “…Республикамыздың еңбекшілері өткен жылы қаһарман Қызыл Армиямызға еселеп мол көмек берді. Көктемгі егіс планы едәуір артық орындалды. Мал шаруашылығын өркендету ісінде де зор табыстарға жеттік. Мемлекетімізге мал шаруашылығы продукциясы 1941 жылмен салыстырғанда анағұрлым мол тапсырылды. Біздің облыстың еңбекшілері де жан аямай жұмыс істеді. Колхоздарымыз 1941 жылға қарағанда 66 мың гектар жерге егісті артық екті. Облыс еңбекшілері қуатты танктер мен самолеттер жасауға арнап 27 миллион сомнан аса қаржы және 1000 пұт астық берді…”, делінген.
Бұл мақалалардан тыл еңбеккерлерінің де Жеңіс үшін қажырлы еңбек еткенін және оны газет тілшілері жұртшылыққа уақтылы жеткізіп отырғандарын аңғару қиын емес. Сол кезде газет беттерінде жарық көрген материалдардың барлығы тыл еңбеккерлерінің рухын көтеруге, жеңіске жігерлендіруге, сенімін арттырып, ортақ іске жұмылдыруға арналған. Мақалалар: “Барлығы Майдан үшін!”, “Барлығы Жеңіс үшін!”, “Барлығы жауға соққы беру үшін!” айдарларымен беріліп отырған.
Ел басына күн туған сонау сұрапыл жылдарда елде қалған еңбекке жарамды қарттар, әйелдер мен балалар жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек жіберуге атсалысса, қару асынған жерлестеріміздің фашист басқыншыларын қалай тықсырып, ерлікпен ойсырата соққы беріп келе жатқандықтары жайлы майданнан да хабар жетіп отырған.
Мәселен, Н. әскер бөлімі жауынгерлерінің командирлері мен саяси қызметкерлерінің Солтүстік Қазақстан облысының еңбекшілеріне жазған хаттарының бірі “Ленин туы” газетінің 1943 жылғы 22 маусымында “Жауды бұрынғыдан да аяусыз талқандаймыз!” деген тақырыппен жарық көрген. Ол туралы деректі “Ұлы Отан соғысы Солтүстік Қазақстан облысының құжаттары мен материалдарында. Жеңістің 65 жылдығына” деген атаумен шыққан кітаптан кездестірдім. Онда: “Біздің бөлімнің жауынгерлері, командирлері мен саяси қызметкерлері Отанымыз алдындағы қасиетті борышын абыроймен орындап, гитлершіл жауыздардан аяусыз кек алуда. Біздің үш пулеметчик – командир Шербина, көздеуші Лукьянов жəне қызылəскер Корнев жолдастар майданда болған ұрыстарда фашистердің қасарыса жасаған атакаларын тойтарып, 80-нен аса фрицті жер жастантты. Пулемет бөлімшесінің командирі, сержант Ғабдөш Аяғанов жолдас ұрыста 40 фашисті “о дүниеге” жөнелтті. Ол екі рет жараланды. Алайда, жаудың ең соңғы атакасы тойтарылғанға дейін ұрыс даласынан кетпеді. Пулеметші Константин Нартудинов 30-дан аса гитлершілді жайратты. Фашист жендеттері траншеяларымызға жер бауырлап келіп, гранаталар лақтыра бастады. Нартудинов жолдас гранаталарды жерге түсірмей қағып алып, оларды фашистердің өзіне лақтырды.
Н.Тимофеев, Ф.Колесников, А.Пашнин, С. Самойленко, Скрипниченко, А. Зубаков, Алмақаев жəне басқа ондаған жауынгерлеріміз бен командирлеріміз де жауға қарсы аянбай күрес жүргізді. Бұл жауынгерлердің бəрі Советтер елінің ордендері жəне медальдарымен наградталады. Дұшпанның ірі күштерінің шабуылына ойдағыдай тойтарыс бергені үшін бөліміміздің бүкіл құрамына майданның командашысы алғыс жариялады”, делінген.
Соғыс ауыртпалығын газет тілшілерінің бірқатары тылда көтерсе, тағы бірнешеуі сұрапыл соғысты қан майданда қару асынып, басынан өткерген. Оларды газет тілшілері бүгін де ұмытпай, еске алып отырады. Осыдан бес жыл бұрын жарық көрген облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 23 ақпандағы нөмірінде облысымыздың белгілі журналисі Зейнолла Әкімжановтің “Қару мен қаламды қатар ұстаған Мұқаң ақылшы ағамыз, ұстазымыз болды” деген мақаласында Мұқаметқали Нұрғожин туралы жазылған екен. Майдангер-журналист ағамызды кейінгі толқын біздің көзіміз көрмесе де, осы мақаладан оқып, ол кісі жайлы біраз мәлімет алдым.
Брянск майданының 133-ші дивизиясының 487-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқан Мұқаметқали Нұрғожин рота командирінің орынбасары болыпты. Ол 1943 жылы Брянск түбіндегі қанды қақтығыста екі рет ауыр жарақат алып, 1944 жылғы қаңтарда майдан басшылығы ағамызды жеке резерв полкіне насихатшы етіп белгілейді. Қанды қырғыннан, от пен оқтың арасынан оралған сөзге шешен, жазуға шебер Мұқаметқали Нұрғожин жас жауынгерлерге үлгі болып, жігерлерін шыңдаған. Осы қабілетімен көзге түскен Мұқаметқали Нұрғожин майдандағы “Отан намысы үшін” газетіне тілшілікке алынып, туған жерге 1946 жылы ғана табан тіреген екен. Мұқаметқали Нұрғожин ағамыз майданнан оралған соң 1950 жылы газетке тілші болып орналасады. “Ленин туы” газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет атқарған. 1977 жылы зейнеткерлікке шығып, 1994 жылы өмірден озған.
Тағы бір майдангертілші Рәшит Бәдірленов жайлы Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров жазған екен. “Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады” деп бастапты Амандық ағамыз мақаласын. “Әрі ұстазым әрі әріптесім Рәшит Бәдірленов бұғанасы бекімей колхозда еңбекке араласып, шыңдалған, қан майданда неміс-фашист басқыншыларына қаруын кезене қарсы шығып, Ұлы Жеңісті жақындатуға өзінше үлес қосқан өжет азамат еді. Ол бейбіт өмірде де ұстаздық ете қарындашын ұштап, қаламын шыңдап, өмір жылнамасын жазуға атсалысқан шақта да кездескен қиындықтарға, өткен ғасырдағы қылышынан қан тамған партия қолшоқпарының әділетсіз әрекеттеріне де ымырашылдық жасамай, мылтықсыз майданда да кеудесін оққа тосып, жеңіске жете білетін қайсарлығымен ерекшеленетін”, – дейді ол.
“Ленин туы” газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарған Рәшит Бәдірленовтің өз ісіне мығым, өте ұқыпты адам болғанын автордың мына жолдарынан ұғасың. “Оны бәріміз Рәкең дейміз. Ол материалды жазбас бұрын ақ қағаздың жоғары жағына сызғышты қойып, қарындашпен түзулеп сызып алатын. Содан кейін жазуға кіріседі. Асықпай жазады. Жазуы маржандай болып түседі. Оны машинкаға бастырып алғаннан кейін дауыстап оқып, қателерін түзейді. Жалпы газетке кезекшілік құрғанда да беттердегі материалдарды ежіктеп, дауыстап оқушы еді”, – деп жазады Амандық Жантеміров.
Рәшит Бәдірленов міндетті әскер қатарына 1939 жылы алынады. Ұлы Отан соғысы жылдарында екінші Беларусь майданының жеке саперлық батальонында болған оның елге аман оралуына да бойындағы осы ерекше ұқыптылық қасиеті себепші болған тәрізді. Рәшит Бәдірленов майдандағы кездерін еске алған кезде командирінің: “Сапер өмірінде бір-ақ рет қателеседі. Сақ болыңдар”, – деп ескертіп отыратынын жиі айтып: “Шынында да, минаны анықтай алмай жарылып кетсе, өміріңнің қиылғаны емес пе?” – деп отырады екен.
Рәшид Бәдірленов туралы мақаланы оқи отырып тағы бір түйгенім, ол ерекше ақкөңіл, кейде, тіпті, бір нәрсеге балаша сеніп қалатын мінезі болған екен. “Аққа – Құдай жақ” дегендей, Рәшид ағамыздың әр сәт сайын басын қауіпке тігіп, мина іздеу кезінде оқ пен оттан қағас болып, майдан даласынан аман-есен оралуына да оның арамдығы жоқ, ақкөңілділігінің ықпалы болған шығар, кім білсін?
Еңбек жолын қарапайым колхозшы болып бастаған Рәшит Бәдірленов Петропавл педагогикалық училищесін тамамдағаннан кейін Аққайың ауданындағы туған ауылы – Үлгіге оралып, мұғалім болған. Кейіннен аудандық партия комитетіне нұсқаушы, аудандық газеттің редакторы қызметтерін атқарған. 1966 жылы облыстық “Ленин туы” газеті қайта ашылғанда редактордың орынбасары қызметіне тағайындалған.
“Ұстанымы нық, адал адам еді… Біреудің мақаласына сын айтсаң, ол артыңнан шам алып түсуі мүмкін. Осындайда Рекең әділдігін айтатын, жастарды қолдайтын. Тіпті, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысының қисынсыз қылығын сол кездегі Кеңес одағының ең басты басылымы – “Правда” газетіне дейін жазғаны бар. Бұл ерлікпен пара-пар қадам еді”, – деген Амандық Жантеміровтің мақаласынан өмірден 1992 жылы 72 жасында өткен майдангер-тілші ағамыздың бейнесін таныдым.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.