«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

“Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің”, – дейді дана халқымыз. Бірақ бұл қадамға жүрегінің түгі бар адам ғана бара алады. Қорқақ ешқашан біреу тұрмақ өзі үшін тәуекелге бел бумайды. Тәуекел, батылдық деген сөздердің астарымен ұштасатын бір оқиғаға өзім де куә болдым. “Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” дегендей, жұртқа сыйлы, ортасына қадірлі болған Қабай ағамыз туралы ауыл іші білетін оқиғаны 34 жылдан кейін еске алуды жөн көріп отырмын. Жас буынға марқұм болған ағамыздың есімі таныс болмауы да мүмкін, бірақ көзкөргендер оның бейнесін ерлікпен жұптастыра елестетеді.

Қабай Ескендірұлымен ағайын болып келеміз. Қазақта көңілі жақын, ниеті бір ағайындар бір-біріне жақын орналасады емес пе?! Біздің үй мен Қабай ағамыздың шаңырағы қатар орналасқан. Ойын баласы болсақ та, ол кісінің мінезін, жүріс-тұрысын, тұрпатын көріп, өнеге алып өстік. Қабай ағамыздың әскерге шақырылып, үш жыл міндетін атқарып, туған топырағына оралғаны есімде қалмапты, бірақ оның үйінде ілініп тұратын суреттегі матрос киімді әскери бейнеге таңырқай қарайтынымды ұмыта қойған жоқпын. Ол әскерден келген соң әртүрлі техникаларда жұмыс істеп, замандастарының алды болды. Абыроймен еңбек демалысына шықты. Бұл – ағамыз туралы қысқа дерек. Айтпағым басқа.

Өрнек ауылы Есілдің жағасында орналасқан. Сылдыр қаққан ерке өзеннің етегінде туып-өскенімді әлі күнге дейін мақтан тұтамын. Жаз келсе суға шомылып, қыста сырғанақ теуіп, балалықтың бақытты күндері туралы естелігім сол өзенмен байланысады. Бірақ айдын судан келетін қасірет те аз болмайтын. Әсіресе, көктемгі тасқын су жағасындағы адамдарға үрей тудыратын. Ата-анамыздың “Есілге барма!” – деген сөзі құлағымызда жаңғырып тұрады. Бірақ тыйым салынған сайын құтыратын бала емеспіз бе?! Ұрланып барамыз. Қыс бойы тоң болып жатқан мұз жарылып, кесек-кесек болып судың бетінде қалқып, ағыс әкетіп бара жатады. Мұздың үстінде қалып қойған қоян, түлкі, қарсақтың судың қатты қозғалысынан үріккен үрейлі көздерін де талай көрдік. Су ағысынан тепе-теңдігін сақтай алмай, мың тоңқарылған томарлар да тоқтамай жылжиды. Соның барлығы бізге қызық. Есілдің көктемгі сеңін көру үшін үйден қашып шығып, кейін сөгіс естісек, өкініш жоқ.

1983 жылдың мамыр айы болатын. Есіл сабасына түсіп, ағысы баяулап, сыңғыр қаққан сылдыр үні естіле бастаған кез. Не десек те, өзен деген аты бар ғой. Үстіне құлағанды бір орнында қалдырмай, ағысының қыспағына алуды доғармайды. Суының салқындығында сөз жоқ. Осындай кезде ауылымыздың Жанайдар деген азаматы зайыбымен бірге көрші Бірлік ауылына қонаққа барады. Екі ауылды өзен бөліп жатқандықтан, оны қайықпен кесіп өту керек. Есіл тынышталған, еш қорқыныш жоқ сияқты. Оп-оңай өзенді қайықпен жүзіп өтуге болады. Бірақ бейнет деген аяқастынан. Жолаушылардың қайтар жолы сәтсіз аяқталады. Ерлі-зайыптылар мінген қайық судың дәл ортасына келгенде ауып қалады. Өзеннің жағасында ойнап жүрген балалар мен екі-үш ересек адам келеңсіз жайттың куәсі болып, оларға қалай көмектесерлерін білмей сасқалақтайды. Балалардың ішіндегі ойы шапшаңының есіне ауылда жүзгіш адамның бар екені түсіп, қотанға жүгіреді. Ол Қабай Ескендірұлы еді. Балалар оның матрос болғанынан хабардар. Қабай ағамыздың құлағына төтенше оқиға жетісімен, өзенге беттеп, судың бойымен ағып бара жатқан адамдарға қарай бағыт алады. Айдынның суығына қарамастан, өзенге секіріп, әп-сәтте судағы адамдардың қасына жетеді. Құтқарушылардың да, батушылардың да басы біресе судың бетіне шығып, біресе көрінбей, өмір мен өлімнің арасындағы шайқас басталады. Ақыры Қабай ағамыз бір адамды сүйреп, жағаға алып шығады. Қолына іліккені ер адам екен. Әйелді құтқару үшін қайта оралмақ болған ол су бетінен ешқандай адамның қарасын көре алмай, тұрып қалады. Ағамыз екінші адамды да құтқара алмағаны үшін өз-өзін жазғыратын. Анасыз жетім қалған балаларын көрсе, өкініші одан бетер өрши түсетінді. Ол кезде ағамыз алпыста болатын. Осы оқиғадан кейін 15 жылдан кейін дүниеден озды.

Қабай ағамыздың бұл әрекетін ерлікке балағандар аз болған жоқ. Оның есімі әлі күнге дейін ел аузында. Бірақ оның бұл ерлігін сол кезде елеп, марапаттағанын көрген емеспін. Ағамыз да бұл батылдығын ешқашан міндетсіген емес.

Сағат ҚУАНДЫҚОВ,

Қызылжар ауданының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp