«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ МЕДЕННИКОВТЕР жылына 60 тонна ет өнімін өндіреді

Аққайың ауданына қарасты Шағалалы ауылындағы ерлі-зайыпты Сергей мен Светлана Меденниковтердің жеке кәсіпорны 1998 жылдан бері мал шаруашылығы өнімін ұқсатумен, оны неміс технологиясымен әзірлеумен айналысып келеді. Олардың өндіріс орны заманауи ғимаратымен ғана емес, өз өнімдерін тілінді түрінде әсем безендірілген орамаларымен тұтынушыларға ұсынуымен де ерекшеленеді. Жеке кәсіпкерлікті бастағаннан бері облыстық және республикалық байқауларға, жәрмеңкелерге өз өнімдерімен қатысып, арнайы дипломдармен марапатталған кәсіпорынға аталмыш елді мекенде болған кезімізде арнайы ат басын бұрдық.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сергей мен Светлана Меденниковтер өндіріс орнында болмай шықты. Кәсіпорынның бас бухгалтері Ольга Панфилованың айтуынша, ерлі-зайыптылар шетелге сапарлап кеткен көрінеді.  

– Кеден одағының арқасында біздің өңірдің сауда орындарын Ресейдің, Беларусьтің әрі арзан, әрі сапасыз ет өнімдері жаулап алды. Қалай десек те тұтынушылар бірінші кезекте алатын тауарының бағасына қарайды, яғни қалтасына қарай көсіледі. Оның дәмсіздігі мен құрамында қоспалардың көптігін жеген кезде ғана сезінеді. Міне біз осындай “жабайы” бәсекелестікке тап болып отырмыз. Сондықтан қалыптасқан жағдайға орай өз тұтынушыларымызды сақтап қалуға, негізінен, тапсырысқа орай еңбек етуге көштік, – дейді Ольга Петровна.

Кезінде еттен 67 түрлі піскен, сүрленген, ысталған, қақталған шұжық пен 6 түрлі жартылай фабрикат өндіріп келген кәсіпорын бұл күндері солардың ең өтімді, сұранысы мол дегендеріне ғана басымдық беріп отыр екен. Барлығы қырық шақты түрді қамтиды. Тұтынушылар үшін өтімді саналатын фирмалық әдемі орамадағы жылқы сосискасы, қазақы шұжық, қазы, кохсалями, сервелат, пастрома, ветчина, қақтама, сұр-сүзбе сияқты ет өнімдері түрлері сақталып қалыпты. Арнайы полимер табақшаларға салынып, оралған бірнеше түрлі шұжық тілінділері де кәсіпорын өнімінің өзіндік ерекшелігін танытады. Шұжықтардың 1 килосының бағасы 450-ден 860 теңгеге дейін, ал мұсылман шұжығы 880 теңге тұрады. Тек таза еттің шикілей ысталған шұжығы ғана сауда орындарына 2500 теңгеден шығарылады.  

Ет өнімдері Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына және облыс орталығының сауда орындарына кәсіпорынның 4 және 10 тонналық “Мерседес”, “Сканья” автомобильдерімен жөнелтіледі.

– Кәсіпорнымызда 25 адам еңбек етеді. Олар атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Біз шұжыққа жергілікті тұрғындардан сатып алған етті ғана пайдаланамыз. Экологиялық таза өнімге шетелдікіндей қоспа араластырмаймыз. Сондықтан біздің өнімдеріміз Ресей мен Беларусьте жасалған шұжықтарға қарағанда қымбаттау. “Арзанның жілігі татымайды” дегенді түсінетін тұтынушылар қай өнімнің сапалы екендігін дәмін татқаннан-ақ біледі. Біздің өңіріміздегі ет өнімін өндірушілердің бәрі де осы сапа жағына басымдық беріп отыр. Біз нарықты осы жағынан жаулауға тиіспіз. Ол үшін Ресейдің көрші облыстарына шығуымыз керек. Әзірше жылына 60 тонна ғана өнім шығарып отырғанымыз да сондықтан. Біздің тефтели, манты, котлет, тұшпара сияқты жартылай фабрикаттарымыз да отандық тұтынушылардың жақсы бағасын алып үлгерген, – дейді кәсіпорынның бас бухгалтері.

Өндіріс орнының жанында кәсіпорынның “Арикцем” дүкені бар. Онда жергілікті өніммен бірге облыс орталығынан, Алматы мен Астана қалаларынан көтерме бағаға әкелінген азық-түлік тауарлары, көкөністер, тұрмыстық тауарлар сатылады.

– Біз Шағалалы ауылдық округімен жасасқан меморандум бойынша күнделікті қажетті тауарларға 10-15 пайыз ғана үстемеақы қосамыз. Тауарларымыз облыс орталығында сатылып жатқан азық-түліктерден, көкөністерден, тұрмыстық бұйымдардан арзан болмаса, қымбат емес. Сондықтан тұтынушыларымыз “алыстан емес, жақыннан арбалайды”, – дейді сатушы Наталья Кох.

Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың бағасы да соны айғақтайды.

СУРЕТТЕРДЕ: дүкенші Н.Кох кәсіпорын өнімін ұсынуда; кәсіпорынның өнімдері; “Меденников” ЖК ғимаратының сыртқы көрінісі.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp