
Өртсөндіруші ант қабылдаған күннен бастап ақтық демі таусылғанша өз қызметіне адал болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге міндетті. Антына адал азаматтық қорғаныс капитаны, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №16 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ілияс Бахманов жұмыстан тыс уақытта қос қарияны ажалдан құтқарды. Ақпанның 5-іне қараған түні үйіне бара жатқан ол Новоишимка ауылындағы Энгельс көшесіндегі үйлердің бірінің төбесі лапылдап жанып жатқанын көзі шалады. Үйдің есігін итеріп көрсе, ішінен жабық тұр екен. “Ендеше бұл үйдегі адамдардың өміріне қауіп төніп тұр” деп ой түйген ол көп ойланбастан өрт сөндіру бөліміне хабар берген соң, терезені сындырып, үйге кірді. Қою қара түтіннің арасынан ол ұйықтап жатқан 63 жастағы қарияны іздеп тауып, далаға алып шығады. Әжейден үйде 68 жастағы жұбайы қалғанын естіген ол қызыл жалын бой бермей бара жатқанына қарамастан, өз өміріне қауіп төніп тұрса да, өртенген үйдің ішіне қайтадан бас сұғудан қаймықпады. Қою қара түтін көз аштыруға да, тыныс алуға да мұрша бермегеніне қарамастан, ол ес-түссіз жатқан ер адамды тауып алып, иығына өңгеріп, далаға алып шықты. Алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң “Жедел жәрдем” шақырған.
Осы кезде кезекші қарауыл келіп, өртті сөндіруге кірісті. Өртенген үйден 4 газ баллоны шығарылды. Тілсіз жау уақтылы ауыздықталғандықтан, үй мен ішіндегі жиһаз сақталып қалды. Тек төбесі мен қора-қопсысы ғана зардап шекті.
Осы оқиғаның ізін суытпай департамент басшысының атына Громовтар отбасынан хат келді. Онда ерлі-зайыптылар осыдан бес жыл бұрын Көкшетау техникалық институтын тамамдаған Ілиястың ерлігіне сүйсініп, алғысын жаудырған. Енді Михаил Тимофеевич пен Надежда Владимировна 5 ақпанды екінші туған күндері деп есептейді.