«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ертегі әлемінің есігі ашылды

Облыстық қуыршақ театры 27-інші маусымының шымылдығын “Ән айт, менің домбырам” атты ертегімен ашты.

Жазғы демалыс уақытында сахналық көріністерді сағынған балалар ертегіні ықылас қоя тыңдап, рухани байлықтың мөлдір бұлағынан сусындады. Ертегінің желісі қызғылықты. Әжесінің айтуымен атасы Аян марқұмның домбырасының үнін іздеп жолға шыққан Айдар киелі аспапты жек көрген зұлым күштерді – жартылай адам, жартылай қасқыр кейпіндегі Бөріханды ақыл-айласымен жеңеді. Түннің әміршісі рөлін қуыршақ театрының жас актері Нұрсұлтан Қалқабек сомдады. Бұрын-соңды мұндай жағымсыз кейіпкерді ойнамаған жігітке басты рөлге еніп кету оңайға соқпапты.

Біраз іздендім. Түрлі бейнетаспаларды қарадым. Жартылай жануар, зұлым адамның мінез-құлқын салып, оны кішкентай көрермендерге нанымды етіп жеткізу көп еңбекті талап етті, – деді оның өзі.

Адам Карасайдың осы шығармасын Сапар Мәпенов үш айға жуық дайындаған.

Қазақ халқының ұлттық аспабы жайлы ертегіні әдейі таңдап алдық. Себебі, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Премьераға ұзақ уақыт дайындалдық. Әуендер жаздық. Киім тіктірдік. Бұл менің қоюшырежиссер ретінде сахналаған алтыншы қойылымым, – дейді облыстық қуыршақ театрының актері Сапар Мәпенов.

Ертегі жас көрермендердің жүрегіне жол тауып, олардың әрқайсысын қуанышқа бөледі.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp