Өзіміз алтын бесік деп әспеттеп жүрген ауылдарда тұратындардың бір кездері саны кеміп кеткені белгілі. Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы да нарық жылдары біраз қиындықтарды бастан кешті. Көшетіндер көшті. Қазір жүзден астам үй түтін түтетіп отыр. “Бұлақтың болашағы бар”, – дейді тұрғындардың өздері.
– Біз ауылымыздың жарқын келешегін жас ұрпақпен байланыстырамыз. Осы орайда, мектебімізде шәкірттердің сапалы білім алуына мол мүмкіндік жасалған. Мысалы, кабинеттердің заман ағымына сай жабдықталуы олардың оқуға деген ынтасын арттырып отырғаны сөзсіз. Көкшетау қаласында жоғары білім алып келген жас маман Райгүл Дәуренбектің біздің мектебімізге келіп, өзі білім алған ордасында ұрпақ тәрбиелеп отырғаны да ауылымыз үшін үлкен жетістік, әрине. Осындай жас мамандар көбейсе, ауылымыз да одан әрі өсіп-өркендеп, көркейе түседі, – дейді Бұлақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Дариха Бейсенова.
Жас маман, информатика пәнінің мұғалімі Райгүл Дәуренбекті де әңгімеге тарттық.
– Алтын ұя мектебіме оралғаныма қуаныштымын. Компьютерді меңгеру өзекті мәселе болып қала береді. Мектебімізде компьютерлермен толық жабдықталған информатика кабинеті бар, – деді ол.
Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында олардың Бұлақ орта мектебінің жанынан ашылған шағын орталықтың да жұмысына дән риза екенін аңғардық.
– Өрімдей бүлдіршіндерімізге шағын орталықтың берері көп. Себебі, балалар мұнда жасқанбай, өздеріндей сәбилермен еркін қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Жастайынан өз ойларын ашық айтып қана қоймай, өзгенің сөзіне де құлақ аса біліп, жанындағыларды сыйлауы, ұстазға деген мейірімнің ерте кезден қалыптасуы олардың болашағына зор ықпал етері сөзсіз, – дейді шағын орталықтың тәрбиешісі Айгүл Ілиясова.
Біз осы сапарымызда ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке де соқтық.
– Осы салада қызмет етіп жатқаныма 30 жыл болды. Ауылдастарымның денсаулығына байланысты ауыр жүкті арқалау, мен үшін, бір жағынан жауапты іс болса, екінші жағынан – мақтаныш. Бізге көрінуге көрші Қарағай, Ақтас ауылдарының тұрғындары да келіп жатады. Оларға қол ұшын беруді борышымыз санаймыз, – дейді фельдшер Бейбіткүл Ақыпова.
Қуаныштысы сол, соңғы жылдары ауылдықтар кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Әсіресе, олардың егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысуға ынтасы зор екені байқалады. Осы мақсатпен бірнеше шаруа қожалығы құрылған. Бұлақтықтар үстіміздегі жылы дәнді дақылдардан мол өнім алғанына да қуанып отыр.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Есіл ауданы.