
Күрең тартқан қоңыр күз. Алтын түстес ағаштардың жапырақтары қатты желмен теңселе қозғалады. Тақтайдай жолдың үстінде жүйткіп бара жатқан көліктерге алыстан құдды бір қол бұлғап тұрғандай. Көлігіміз Аққайың ауданын бетке алды. Ой құшағында отырып, діттеген жерімізге көзді ашып-жұмғанша қалай келіп қалғанымызды аңғармай қалдым. Жолдың сол қапталындағы Аралағашқа кіреберістен-ақ, ауылдың тынымсыз тұрмыс-тіршілігін аңғардық. Таза ауасын айтсаңшы?! Аралағаштың жұпар иісін жұтқанға не жетсін?! Қош, біздің мақсатымыз ауада емес, ауыл адамдарында емес пе? Әңгіменің әлқиссасын елдің бүгінгі хал-ахуалынан емес, тарихынан бастаған жөн болар.
Аққайың ауданының оңтүстік батысында орналасқан ауыл “Төңкеріс” ұжымшары негізінде құрылған. Бұл жерде алдымен “Жойылдыбай” артелі болған. Тұрғындар өткен ғасырдың басында қоныстанған. Ал 1978 жылы “Аралағаш” кеңшары құрылған. Талай сырды қойнауына бүгіп жатқан шежірелі өңірдің тарихына көз жүгіртсек, мұнда егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Қазір де ауылдың құты қашпаған.
Алты мың гектар егістік жері бар кеңшарда ертеректе екі сауын бригадасы жұмыс істеген. Әр жылдары гектарынан жиырма бес центнерден өнім алған аралағаштықтардың еселі еңбегі әлі күнге дейін ұмытылған емес. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, кеуделеріне “Ленин”, “Еңбек Қызыл ту” ордендерін жарқырата таққан Серғазы Нұрахметов, Қапсан Қазиев, Совет Ибраев, Кеңес Мұғалімов пен Социалистік Еңбек ері Әбу Сыздықов сияқты азаматтар ауылды көркейту жолында біраз тер төкті. Тоқырау жылдарынан кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығына қан жүгіріп, құрылыс жұмыстары көптеп қолға алынды. Мал қоралары мен тұрғын үйлер салынып, жаңа мектеп, балабақша, машина жөндеу цехы пайдалануға берілді. Ал тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің жағдайы қандай болғаны, айтпаса да түсінікті. Дегенмен, мал қоралары, асхана салынып, астық қоймасы қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде аудан орталығынан отыз жеті шақырымдағы ауылда 104 үй түтін түтетіп отыр. Шағын ауылда қаңырап бос тұрған үйлердің саны некен-саяқ. Аз қамтылған отбасылар жоқтың қасы, керісінше, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың саны басым.
– Адамның жақсы өмір сүруі өзіне байланысты. Еңбекке талпынып, адал жолмен пайда тапсаң, берекеге кенелесің. Ауылда мал өсіріп, өрісін кеңейтіп отырған еңбекқор азаматтарды үлгі етуге болады. Ісін бастауға ниетті әрбір адамға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Тек адамда талпыныс болуы керек, – деді Аралағаш ауылдық округінің әкімі Береке Сәдуақасов. Қазіргі таңда ауылда он жеке шаруашылық, екі кооператив жұмыс істейді. Жеке шаруашылықпен айналысатындардың басым көпшілігі мал өсіріп, өнімін ұқсатып отыр.
Аралағаштың әлеуеті әлді, ауыл-аймағы ажарлы. Халықтың көңіл-күйі де көтеріңкі. Сүттей ұйыған ауылдың басты байлығы береке-бірлік емес пе? Ынтымағы жарасқан елді мекеннің жарасымды тірлігі көңіл қуантады.
“Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда әр үйге су тартылған. Ауыл ақсақалдары кейінгі жастарды имандылыққа ұйытып, адамгершілік ізгі қасиеттерге тәрбиелеуде. Адамдарды ізгілікке шақыратын орын – мешіт. Ел егемендігін алып, ес жиып, етек-жеңін жапқан тұста имандылыққа бет бұрған тұрғындардың тілегі қабыл болып, 1995 жылы мешіт пайдалануға берілген. Содан бері жөндеу көрмеген Алланың үйі биыл күрделі жөндеуден өткізілуде. Мешіттің құрылысына демеушілік көмек көрсетіп жатқан “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің қамқорлығына тұрғындар дән риза. Серіктестік 500 мың теңге тұратын мешіттің күмбезін Ресейде арнайы тапсырыспен жасатқан. Ораза ұстап, құрбан шалып, халқымыздың дінімен астасқан әдет-ғұрпын қатаң ұстанатын тұрғындардың мұсылмандыққа көзқарасы жақсы екенін ауыл ақсақалы Қырғыз Қаңтарбаевтан естідік. Әйтсе де, ауылға діни сауаты бар имамның тұрақтамауы тұрғындарды алаңдатып отыр.
Күмістей жарқыраған өзен-көлі, жасыл желек жамылған орманы, пейілі даладай кең халқы бар Аралағаш шағын ауыл болғанымен, мұнда біраз шаруа атқарылып жатыр екен. Мәдениет үйінің жанында соғыс ардагерлеріне арналған мемориал орнатылып, онда майданға аттанған 170 азаматтың есімі алтын әріптермен жазылған. Оның 104-і елге оралмады. Мәдениет үйі демекші, мұнда да қазір күрделі жөндеу жүргізілуде. Талай дарынды баптап, шәкірттерді түлеткен үшқабатты білім ордасы алыстан менмұндалап тұрғандай. Бір ғасырлық тарихы бар қазақ мектебінде бүгінде 78 оқушы бар. Оның 19-ы мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленеді. Рублевка, Ленинское ауылдарынан қатынап оқитын оқушылар үшін интернатта барлық жағдай жасалған. 2016 жылы мектептің терезелері мен шатыры ауыстырылып, асхана, акт, спорт залдары қалпына келтірілді. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін жылыту қазандығы сыртқа шығарылған. Биыл төрт бала бірінші сыныпқа қабылданса, он бірінші сыныпта оқитын балалардың саны одан аз. Даңғарадай білім ордасында оқушы санының аздығы көңілді құлазытады. Мектеп жабылса, ауылда тұрғындарды ұстап тұру мүмкін емес. Аралағаш та жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған немесе жұрты ғана қалған көптеген ауылдың кебін кисе қайтеміз? Ертеңгі күнді бүгіннен ойлап, ауылды сақтап қалғанға не жетсін?! Десек те, білім ордасының материалдық-техникалық базасы мен білім сапасы жақсы. Мәселен, өткен оқу жылында мектепті тамамдаған бес түлектің үшеуі білім грантын жеңіп алған. Ауыл білім сапасы жөнінен аудан бойынша бесінші орында тұр. Биыл Заманбек Ермек қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша республикалық олимпиадада екінші орын алып, ұстаздарының мерейін үстем етсе, өзге де шәкірттер талай сындардан сүрінбей өтуде. Тағы бір айта кетерлігі, оқушылардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Тәлімгерлердің де жемісті еңбегі ұжымның мәртебесін көтеруде.
Жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектерге білімді әрі тәжірибелі ұстаздар сабақ береді. Айман Әлімтаева, Мәриям Бейсенова, Сара Жанғазина сияқты білім беру ісінің үздіктері өскелең ұрпақты сапалы тәрбие, оқу нәрімен сусындатуда. Ұжымда жастардың саны аз. Қырық жыл бойы бір орында тапжылмай жұмыс істеген ұстаздармен ұрпақ сабақтастығы жайлы әңгіме өрбіткенде олар жұмыс істеуге құлшынысы бар жастарға орын босатып беруге дайын екендерін жеткізді. Биыл “Серпін” әлеуметтік жобасы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді тамамдаған Айгүл Ботай сияқты бірен-саран жас маман ғана шәкірт тәрбиесімен айналысуға ниет білдіріпті.
Мектеп жанындағы жиырма бес орынға шақталған шағын орталықта он бес бүлдіршін тәрбиеленуде. Жылыту маусымы басталмағандықтан мектепке кірген бойда білім ордасының іші салқын екенін аңғардық. Сондықтан шағын орталықта тәрбиеленетін он бес баланың біреуін де көзіміз шалмады.
Аралағашта халқы тығыз орналасқан жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударған отбасылар да бар. Соның бірі – Мұхтар Әуезбаев. Өткен жылдың тамыз айында Қызылжардай киелі мекенге ат басын бұрған көпбалалы отбасы жолдың бойында орналасқан көрікті мекенге қоныстанған. Бұған дейін сауда-саттықпен айналысып, біздің өңірге жиі қатынаған отағасы ауылда мал шаруашылығымен айналысуды көздеген. Ойын жүзеге асырған ол бүгінде ірі қара ұстап, оның өнімдерін ұқсатуда.
– Көшіп келгенімізге өкінген емеспіз. Қазақтың кең-байтақ жері бәріне ортақ. Сондықтан солтүстікке қоныс аударуға бірден келістік. Құдайға шүкір, тұрмысымыз жақсы. Жұрттың соңында қалып жатқан жоқпыз. Бастысы, екі қолға бір күрек табылып, шаруашылықпен айналысудамыз, – деді көпбалалы ана Шынар Батырханова. Алты құрсақ көтерген ана ұрпақ тәрбиесімен айналысып, демографияға үлес қосуда. Жылқы, қой, ірі қара мен үй құсынан пайда көріп отырған отбасының еңбекқорлығы өзгелерге үлгі болады. Алдағы уақытта олар көкөніс өсіруді жоспарлап отыр. Ауылдың ажарын ашқан осындай азаматтар аз емес. Бірі жер өңдесе, екіншісі мал шаруашылығын дамытуда. Әйтеуір, ынталанған адам ырысқа кенелуде. “Алтын асық” бағдарламасы бойынша Үкіметтен несие алып, ісін дөңгелетіп отырған Самархан Мұқанов қой мен жылқы басын көбейтуде. Бүгінде шаруашылықта жүзге жуық жылқы, 500-ден астам қой бар. Төрт түліктің төресін көбейтіп, етті жылқы шаруашылығын дамытуды алдына мақсат еткен шаруа Үкіметтің қолдауы ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол Польшадан жеткізілген сегіз бас жылқы үйірге қосылғанын айтты.
– Қазақ – жылқы мінезді халық. Біз үшін жылқының орны ерекше. Жылқы судың тазасын ішіп, шөптің асылын ғана жейді. Қазір асылтұқымды жылқы өсіру кәсібі ақсап тұр. Сондықтан отбасылық бизнесті қолға алып, бала-шағамызбен өрісімізді кеңейтудеміз. Жайылымда жүрген жылқыларды семіртіп, қыста сатамыз, – деді Самархан Әмірханұлы.
Табысқа жетелеген тынымсыз тірліктің арқасында тұрмыстары түзелген аралағаштықтардың ауызбіршілігіне қызыға қарайсың. Дарқан даланың құтты мекеніне айналған ауыл – азаматтарымен ажарлы. Техника ғылымдарының докторы Қайырбек Оразов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Таңат Сағындықов, термеші, жыршы, сықақшы, журналист Ерназар Ыбыраев пен ақын, тілші Асхат Сағындықов сияқты Аралағаштың топырағынан түлеген ерлердің тарихта ізі сайрап жатыр. Жерлестерінің мерейін тасытып, әлемді аузына қаратқан үздік актриса Самал Есләмовадай дарынды қызы бар ауыл бақытты емес пе?!
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Аққайың ауданы.