«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТІС ӨҢІРІНДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕР Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды

Өскеменде Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы бірқатар өнеркәсіп нысандарына барды. Олардың алғашқысы – бериллий, тантал, уран сияқты сирек кездесетін металдарды өңдейтін, тасымалдайтын және сақтайтын Үлбі металлургия зауыты. Кәсіпорын меймандарға электронды өнеркәсіпте қолданылатын ең жаңа, көпбейінді конденсаторлы ұнтақтар өндірісінің технологиялық желісін көрсетті.

Жерлестеріміз өнімнің 70 түрін шығаратын “Эмиль” тағам өнеркәсібі ЖШС-інде де болды. Сол өнімдер қатарында ірімшік, балқытылған ірімшік өндіріледі.

Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсібімен келесі танысу тауарлы-сүт фермасында өтті. Одан соң солтүстікқазақстандықтардың назарына “Бобровка+” ЖШС-індегі сүт өндірудің роботтандырылған жұмыс әдісі ұсынылды. Мұнда симменталь тұқымды сиырларды азықтандыру, сауу толық автоматтандырылған.

Өңіраралық ынтымақтастық бойынша кеңес облыс әкімдерінің жұмыс бағдарламасының негізгі арқауына айналды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Солтүстік Қазақстаннан келген делегация өкілдерін жылы шыраймен қарсы алып, өңірлер экономикасын талдады.

– Біздің облыстарымыздың экономикалық құрылымы белгілі бір дәрежеде ұқсас. Мен Солтүстік Қазақстанның индустриялық мүмкіндіктерін білемін. Біздің металлургиялық кешенімізге қажет материалдардың көбін Солтүстік Қазақстан облысында дайындауға болады,– деп атап көрсетті Даниал Кенжетайұлы.

Ерік Сұлтанов бұл кездесу Елбасының өңірлер арасында берік, ұзақмерзімді, өзара тиімді байланыстарды орнату жөніндегі тапсырмасы бойынша өтіп жатқанын атап көрсетті.

– Сөз жоқ, Шығыс Қазақстан облысының қуатты өнеркәсібі, дамыған ауыл шаруашылығы бар. Бүгін біз қол қоятын меморандумдар өңірлеріміздің арасында жақсы ынтымақтастық орнатуға үлкен негіз болады деп ойлаймын. Осылайша, біз тек өндірістік немесе сауда салаларында ғана емес, сонымен бірге білім мен мәдениетте де өзара байланысымызды нығайтамыз. Мұндай байланыстар көп болмақ, – деді Ерік Хамзаұлы.

Содан кейін екі өңірдің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының өкілдері жиналғандарды экономикалық әлеует пен өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жайында хабардар етті. Бүгіндері шығыстан солтүстікке жүк көліктері, цемент, аяқкиім өнімдері, тракторлар жөнелтілуде. Атап айтқанда, өткен жылы 362 миллион теңгеге тракторлар сатып алынды.

Қызылжар өңірі де Шығыс Қазақстан облысына тауарлар жөнелтеді. Атап айтқанда, “Блок” компаниясы өзінің өнімін Риддер қаласының сынақ зертханасына жеткізіп тұрады. Мұнда “Ризолин” ЖШС-нің инновациялық, ылғал өткізбейтін төбежапқыш материалдары сұранысқа ие. Көпбейінді жабдықтар зауыты Шығыс Қазақстан облысының екі бірдей компаниясымен бұрғылау жабдықтарына қажетті қосалқы бөлшектер жеткізуге келісім жасады. Тараптар бірлескен жұмыстың арқасында бұл тізім кеңейе түсетінінен үмітті.

Кездесуді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қол қойған меморандум қорытындылады. Сондай-ақ, облыс өкілдері өнеркәсіп және аграрлық салаларда 10 екіжақты келісімді бекітті. Өңір басшылары атап көрсеткендей, екі жақтың экономикасында оң көріністер тауып, Қазақстанда шығарылатын өнімдердің үлесін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа ынтымақтастық деңгейіне қол жеткізілді.

Мәдениет пен өнер салаларында да қарым-қатынас дами түсуде.

6 маусымнан Солтүстік Қазақстан облысының Шығыс Қазақстан облысындағы мәдениет күндері өтті. Семейде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының және Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қойылымдары сахналанды. Өскеменде біздің облыстың тарихы туралы “Жер жәннаты – Қызылжар” атты құжаттар мен фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Оны Ерік Сұлтанов пен Даниал Ахметов көрді.

Мәдениет күндерінің соңында Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы және Петропавлдың шығармашылық ұжымдары қатысқан галаконцерт қойылды. Әртістер аспапты, классикалық және джаз шығармаларын орындады, сондай-ақ, балдық және халық билерін тарту етті.

Үстіміздегі жылы Шығыс Қазақстан облысының өкілдері біздің өңірімізге келетін болды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp