Мен қалаға екі жыл бұрын көшіп келдім. Ауыл өмірінен кейін мұндағы қарбаласқа үйреніп кету алғашында қиынға соқты. Қазір оған да көндігіп алдым. Келін балаға бір көмегім тисін деген мақсатпен немеремді таңертең балабақшаға апарып, кешкісін алып кетіп отырамын.
Ауасы тар үйге шыдай алмай, кейбір кездерде далаға шығып, серуендеп қайтатын әдетім бар. Есік алдындағы ортақ орындыққа кім үйінен бірінші шықса, сол отырып алатынын да әлдеқашан аңғардым. Жастар, әрине, кәрі-құртаңды ұната қоймайды. Олардың қасына барып, қадалып тұрып алсаң да, орын беруі екіталай. Сондықтан орындыққа жастар жағы иелік еткенде, ауланы айналып, біраз жүріп келумен ғана шектелемін. Байқағаным, қала адамдарының көбі серуенге кешкі тамақтан кейін шығады. Тағы бір қызығы, есік алдына күнде бір мезгілде шықсаң, белгілі бір адамдарды көреді екенсің. Сөйте-сөйте ол кісімен амалсыз амандасып, тіпті, кейде жақын танысып, араласып та кетеді екенсің.
Менің де осындай бір танысым бар. Жасы қырықтар шамасындағы әйел далаға итін серуендетуге жиі шығады. Итіне ерекше құрмет көрсететін көрші оны балаша қорғаштап, қыстың күндері тоңып қалмасын деп қалыңдау киім де кигізіп қояды. Ал демалыс күндері төрт аяқты “досын” арнайы шаштаразға апарып, шомылдырып тұрады .
Осындай адамдарды түсінбеймін? Әйел адамға ит жетектегеннен гөрі, баласын бағып, онымен бар жан жылуын бөліскені жарасымды емес пе? Әлде бұл да сәннің бір түрі ме? Бетін аулақ қылсын, осылай төбеттерді дәріптеп, төбемізге шығаратын болсақ, талай үйдің ішінен сәбидің күміс күлкісін емес, иттердің үрген дауысын ғана естиміз бе деп қорқамын.
Әрине, қазақта ит жеті қазынаның бірі болып саналады. Бірақ төбетті төрге шығару еріккеннің ермегі деп ойлаймын.
Сапар ДҮКЕНБАЙҚЫЗЫ.
Есіл ауданы.