«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан мен Ресей XV өңіраралық ынтымақтастық форумының үздік еріктілерін марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысты.

Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен өңіраралық форум қонақтарын қарсы алуға 200-ден астам ерікті жұмылдырылды. Арнайы шақырылған жаттықтырушылар, психологтар облыс, қала тарихын жақсы білетін жастармен жұмыс жүргізіп, оларды түрлі бағыттар бойынша даярлады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина форумның өтуіне бір адамдай атсалысқан еріктілердің еңбегін атап өтті.

– Былтыр “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан еріктілер клубы ашылған болатын. Біздің жастарымыз бірнеше облыстық, республикалық және халықаралық іс-шараларға белсене қатысты. Атап айтқанда, Петропавл қаласында өткен “Дельфий” ойындарынан, Алматыда ұйымдастырылған қысқы Универсиададан, “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінен, футболдан “Er Janibek cup” халықаралық турнирінде тәжірибе жинақтаған еріктілер де бар. Бұл шараларда ағылшын, түрік және француз тілдерін жетік меңгерген жерлестеріміз өздерінің көмегін аямады, – деді ол.

Дәурен Жандарбек барлық еріктілерге алғысын жеткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында Шалқар-Имантау демалыс аймағына ерекше назар аударғанына тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көшпелі және ішкі туризмді дамытудың 20192023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалуда. Қазақстанда Алакөл мен Балқаштың жағалауы, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау кластері сияқты ішкі туризмді дамытуға қолайлы өңірлер аз емес. Табиғаты әсем, тарихи ескерткіштерге бай ШалқарИмантау демалыс аймағы еліміздің үздік он нысанына енді. Алдағы жылдан бастап оны дамытудың кешенді жоспары бекітіледі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Айыртау ресейлік туристердің сүйікті демалыс орнына айналатын болады, – деді Дәурен Жандарбекұлы.

Шара барысында үздік еріктілер төлқұжат, төсбелгі және Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар форумда белсенділік танытқан жастарға “Нептун” ойын-сауық кешенінде және Спорт сарайында демалуға мүмкіндік беретін билеттер табысталды.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp