2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға еріктілер мен алау алып жүрушілерді іріктеу басталды. Осыған орай еліміздің әр өңірінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Іріктеудің шарттары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізген кезекті баспасөз мәслихатында сөз болды.
– Жобаға 16-28 жас аралығындағы кез келген жас қатыса алады. Универсиадаға дайындық барысында еріктілер тренингтерден өтіп қана қоймай, олардың көшбасшылық және ұйымдастырушылық қасиетін дамыту үшін түрлі командалық ойындар, спорттық нысандарда квестер ұйымдастырамыз. Еріктілерді тартуда бізге қазақстандық актерлер мен шоу-бизнес өкілдері көмектесуде. Қазір еріктілерді іріктейтін арнайы комиссия құрылған, – деді 2017 жылғы Универсиадаға дайындалу мен өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Қайрат Биекенов.
Қайрат Оразбекұлының айтуынша, еріктілерді іріктеудің негізгі кезеңі 27 қыркүйекте басталған. Қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде Универсиаданың еріктілер қозғалысы туралы таныстырылымдар өткізілуде. Бұдан бөлек, Универсиада сайтында өтініштер қабылдау жалғасуда және үміткерлермен танысу, оларды алдағы бұқаралық, мәдени, спорттық және де басқа шараларға тарту жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.
Дирекция өкілі 2017 жылғы Универсиадаға, әсіресе, Ресей, Германия, Беларусь, Польша, Корея, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Қырғызстаннан халықаралық еріктілер қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Универсиаданы өткізуге 100 халықаралық еріктіні жұмылдыру жоспарланған. Олардың барлығы кез келген ауа райына арналған спорттық киіммен, тамақпен, ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі, қалада көлікпен еркін жүруге мүмкіндік алады. Ерікті болғысы келетін кез келген адам, www.almaty2017. com сайтына кіріп, анкета толтыра алады.
Универсиадаға дайындалу мен өткізу дирекциясының өңірлік менеджері Арман Базарханов қысқы Универсиаданың Алау эстафетасына да еріктілер іріктеудің жайына тоқталды. Оған 1 мың адамды қатыстыру көзделсе, алау ұстаушылардың 75 пайызы студенттер болмақ. Бүгінде, ең алғашқы алау алып жүруші анықталған. Универсиада алауын Олимпиада чемпионы, алматылық Дмитрий Баландин алып жүреді. Енді жыл соңына дейін 16 қаладан 60 адамды іріктеп алу керек.
Арман Тоқанұлы атап көрсеткендей, алау ұстаушылардың тізімі бекітілгеннен кейін Алматыда сынамалық эстафета өтіп, оның барысында Алау эстафетасы мен ойындардың ажырамас нысандары – алау мен тасымалданбалы оттық таныстырылады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.