«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРІКТІЛІК – ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Солтүстікқазақстандық жастар, соның ішінде еріктілер “Жастар жылында” қолға алған бірқатар маңызды шараларды биыл да жалғастырмақ. Біз жастардың өздерін дамытып, кәсіби тұрғыда жетілуіне мүмкіндік жасауға тырысудамыз. Еріктілер облыстық, республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі шараларға да қатысуда. “Қазақстандағы үздік халықаралық ерікті” атағын иеленуіме облыс еріктілерінің атқарған нәтижелі жұмыстары септігін тигізді.

Өткен жылдың соңында Қазақстан делегациясының құрамында Ресейдің Сочи қаласындағы халықаралық еріктілер форумына бардық. Дүниежүзіндегі еріктілер қозғалысын дамытуды көздеген шараға 125 елдің алты мыңнан астам өкілі қатысты. Еріктілікті тек жұмыс емес, өмір салты ретінде қабылдаған әр азаматтың осындай деңгейдегі шараға қатысып, жаңа достар тауып, спикерлердің әңгімесін тыңдап, тәжірибе алмасуы қажет деп ойлаймын. Одан кейін солтүстікқазақстандық жастар Нұр- Сұлтан қаласындағы республикалық еріктілер форумына да қатысты. Пікірталас алаңдарында түрлі мәселелер қозғалып, жастар ойларын ортаға салды.
Үстіміздегі жылы еріктілер қозғалысын дамытуға айрықша назар аударылатын болады. Осы айда Ресей Федерациясындағы “Бегущий город” жобасының ұйымдастырушыларымен келісім жасадық. Он жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың биыл Петропавл қаласында өтетіні біз үшін жақсы жаңалық. Мәскеу, Санкт-Петербург және тағы басқа қалалардан екі жүзден астам қатысушы келеді деп күтілуде. Жергілікті еріктілер бұл шараны жоғары деңгейде өткізетініне сенім зор.
“Еріктілер жылында” он жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін боламыз. Соның ішінде медиаеріктілік, “Pro bono” (зияткерлік еріктілік), онлайн, ІТ, археологиялық және туристік бағыттар біз үшін жаңашылдық болмақ. Медицинадағы еріктілікті дамытуға да назар аударылады. Жастарымыз денсаулық сақтау саласында ерікті ретінде қызмет етіп, медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, донорлықты насихаттауға септігін тигізеді. Қан тапсыру, ЖҚТБ-мен күрес, артрит, артроз ауруларының алдын алу, елу жастан асқан азаматтардың қан қысымын өлшеуге қатысты шаралар қолға алынады деп жоспарлануда. Ал экологиялық еріктілікте қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді шешуге назар аударылады. Яғни, түрлі акциялар мен сенбіліктер өткізіледі. Әлеуметтік еріктілік бағыты бойынша балаларды, мемлекеттің ерекше қамқорлығына мұқтаж азаматтарды, қарияларды, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау шаралары қолға алынады. Аз қамтылған отбасыларға қажетті заттарды жинауға қатысты, мүгедектер мен жалғызбасты зейнеткерлердің ауласындағы қарды тазалау бойынша “Мирас” акциялары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға және зейнеткерлерге арналған мерекелік концерттер ұйымдастыру жоспарлануда. Медиа саласындағы еріктілер әлеуметтік жобаларды ақпараттық қамтамасыз етумен айналысады. Мұнда атқарған жұмыстар жайлы бейнебаян түсіріліп, qazvolunteer.kz сайтында, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен қатар жануарларды қолдау және қорғау бағытында түрлі ұйымдармен байланыс орнатпақпыз. Ортақ қызығушылық пен бір мүддеге жұмылған әлем еріктілерінің басын қосуды мақсат тұтқан халықаралық еріктілер бағдарламаларына қатысуды да жоспарлап отырмыз.
Әр ауданда еріктілердің жұмысын қадағалайтын үйлестіруші тағайындалды. Жастар ресурстық орталықтарының әрқайсысында еріктілер клубы ашылып, мұқтаж адамдарға қол ұшын созуда. Барлық еріктілер ұйымдары мен клубтарының басын қосу мақсатында республикалық қолдау орталығы жұмыс істейді. Біздің негізгі мақсатымыз өңір тұрғындарын еріктілікке жұмылдыру болып табылады.

Лилия ГИЗАТУЛЛИНА,
облыстық еріктілер  клубының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp