Астана күні қарсаңында Қызылжар ауданының Бескөл ауылында ерікті өрт сөндіру құрылымдары арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша дәстүрлі жарыс өтті.
Сайыс барысында жеткіншектер өртсөндірушінің жауынгерлік киімін жылдам кию, дабыл бойынша жиналып шығу және басқа жаттығулар бойынша сынға түсті. Күрделі жағдайда өртті жою және оның алдын алу бойынша берілген тапсырмаларды үздік орындаған жастар барлық әрекеттеріндегі дәлдігімен және жылдамдылығымен жанкүйерлерді ғана емес, сонымен бірге шара қонақтары – кәсіби өртсөндіруші мамандарды сүйсіндірді.
Жеңімпаздарға келер болсақ, Қызылжар ауылдық округінің құрама командасы үздік атанып, жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Ал Рассвет және Куйбышев ауылдық округтерінің жастары екінші және үшінші орындарды иеленді.
Тартысты өткен сайыс соңында жоғары деңгейдегі дайындықтары мен өрт сөндіру жабдығымен тиімді жұмыс істеуді шебер меңгергендіктерін дәлелдеген жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
(Өз тілшіміз).