– Ерік Есімұлы, аумақтық кәсіподақ ұйымын басқарып отырсыз. Бұл ұйым демократиясы дамыған елдерде үлкен күшке ие. Ал бұрынғы кеңестің шекпенінен шыққан мемлекеттерде қауқарсыздау көрінеді. Әлде істеп жатқан істеріңіз дұрыс көрінбей жатыр ма?
– Кәсіподақтың алдына қойған мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау. Бізде заң клиникасы, татуласу орталығы деген бөлімдер бар. Кәсіподақ мүшелері жұмысшының құқықтарын қорғап қана қоймайды, өмірде кездесетін әрбір сұраққа жауап іздейді. Мемлекеттің негізі – Ата заң болса, кәсіподақтың негізі – ұжымдық шарт. Ұжымдық шартта заңда қамтылмаған тетіктер мен басымдықтар көрсетілген. Оның ішінде қолданып келе жатқан қосалқы демалыс күндері де бар. 2020 жылғы карантин кезінде көп жағдайда ұжымдық шартта көрсетілгендей еңбекақыны сақтап қалдық. Жұмысшылардың еңбек құқығының сақталуына септігіміз тиді.
– Енді бұрынғы қызметіңізге қатысты бір сұрақ қояйын. «Қазпоштаның» облыстық бөлімшесін басқардыңыз. Технология зымырап алға жылжыған сайын пошта қызметі шабандап қалғандай көрінеді. Жалпы бұл қызмет болашаққа жете ме?
– Кешегі көгершіндер тасыған хаттардан бастау алған пошта қызметі қай заманда да болмасын өз маңызын жоғалтпайды. Технология дамыған дәуірде қолыңдағы смартфоның арқылы жіберілген заттарыңның қай жерде екенін білуге болады. Өңірімізде бес жүзден астам елді мекен болса, соның бәріне поштаның ғимаратын сала берудің қажеті жоқ.
Поштаның тағы бір маңызды міндеті – газет-журналдарды жеткізу. Алты ай қысы бар біздің аймақта тұрғындар көбіне үйде отырады. Ауылда жұмыс жоқ, бос уақыт көп. Теледидар көреді, одан жалыққан соң газет- журнал оқиды. Оны уақытында жеткізетін – пошташы. Шыны керек, пошта қызметінің шығыны көп. Жалақылары мардымсыз. Себебі ауылдағы пошта қызметкерлері күніне екі-үш сағат қана жұмыс істейді. Бірақ ұжымдық шартқа байланысты пошташының да құқығы қорғалады. Қысқы, күзгі, жазғы киім, велосипед, смартфон сияқты қажетті заттарды беру қарастырылған.
Пошташы бұрын ауылдағы ең қадірлі мамандық еді, қазір еңбегі көп еленбейтін, жұмысы көзге көрінбейтін көптің бірі болып қалды. Ауыл балалары алдымен пошташының велосипедіне қарап осы қызметке қызығушы еді. Заман өзгерген сайын құндылықтардың орны алмасуда, бұл күндері балалар аса ештеңеге қызықпайтын болды. Менің ойымша, пошта ешқашан жойылмайды. Ілгері басу, шарықтау, одан құлдырау, тоқырау, қайта даму кез келген салада болатынын естен шығармайық.
– Аудан, қала, облыс басқарған басшы әрі экономист маман ретінде «Солтүстік» үстемақысы туралы пікіріңізді білгім келеді. Бұл үстемеақыны қайтара аламыз ба, әлде сөз жүзінде қала ма?
– Бұл – көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Бұрын солтүстік аймақта 15 пайыз үстемақының маңызы зор болған-ды. Бұл туралы ұсыныс Үкіметке де, Парламентке де жетті. Облысымыздан сайланған Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода «Солтүстік» үстемақысын қайтару мәселесін көтерген болатын. Ол өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, теріскейге көшіп келушілердің қызығушылығын оятар еді.
Түптің-түбінде қолдау табуы тиіс. Себебі біздің аймақтан көшіп кеткендер саны келушілерден көп. «Солтүстік» үстемақысы қайтарылатын болса, жұмысшыларды ұстап қалудың бір тетігі болар еді.
– Жуырда сахналанған «Смағұл шыңы» спектакліндегі кейіпкер Ернұрдың прототипі сіз екеніңізді айтқан пьеса авторы Баянғали Әлімжан Алаш қайраткеріне алғаш болып ескерткіш қойғаныңызды жеткізді. Бұған қарсылар да табылыпты. Жалпы Смағұл Сәдуақасұлының ел үшін атқарған еңбегін дұрыс бағалай алдық па?
– Абай мен Мағжан – асыл сөздің иелері. Олардан артық кестелі сөз қалдырған қазақта не ақын, не жазушы жоқ деп ойлаймын. Ал іске келсек, Смағұл мен Жұмабек Тәшеновтен асқан тұлғаны көре алмайсың. Ұлының істеген ісін емес, айтқанын қайталау әлдеқайда оңай. Абайдың айтқанын, Мағжанның жазғанын саралап жеткізсең, балаларға айтқызсаң, есте сақтау қабілетіңді, жаттап алғаныңды бағалап, мәртебеңді биіктетеді. Ал Смағұлдың, Жұмабектің жасағанын жасай алмауың мүмкін. Содан болар, Абай мен Мағжанды асқақтатқан ел Смағұл мен Жұмабекті дәріптеуге келгенде енжарлау. Істеген ісіңе емес, сөйлеген сөзіңе көбірек қарайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Смағұл тіріліп келсе, біздің тіршілігімізге қарап тұрып: «Мен ішкен у әлі бітпеген екен. Неге сол удың барлығын ішіп кетпедім», – деп күрсінетін еді. Баянғали ағамыз да поэмасында:
«Әттең, дүние!
Ұлтымызды уландырар зұлымдықтың заһарын
Сарқып ішіп, таусып неге кетпедім?!» – деп өліммен арпалысып, жан азабын тартып жатқан Смағұлдың аузына ақтық аманат сөзін келтіруінің сыры да осында ма деп ойлаймын.
– Смағұлдай тұлғалар туу үшін мектебімізді түзеуіміз керек сияқты. Облысымызда қазақ мектептері санының аз болуынан қаракөздеріміз өзге тілде оқып, сол тілде сөйлеп жүр. Олардан ұлтжанды азамат шыға ма?
– Мектеп жайына келсек, бүгінгі күні облыстағы 444 мектептің 232-сі орыс тілінде, 108-і аралас, 101 мектеп қазақ тілінде оқытады екен. Қызылжар қаласында мектеп жасындағы 10 537 қазақ баласы бар болса, соның 5553-і орыс сыныбында отыр. Ал балабақша табалдырығын аттаған 3690 қазақ баласының 52 пайызы орыс топтарында тәрбиеленіп жатыр.
Аралас мектептердің қоғамға кері әсер етіп отырғанын естен шығармайық. Кезінде аралас тілді мектептердің жаппай ашыла бастауына Смағұл Сәдуақасұлы да қарсы болған. «Что представляли собой эти школы? Они, опять – таки, явились миссионерскими очагами, где казахская молодежь определенным образом подготавливались к принятию православной религии. Понятно, казахские дети самовольно не шли в это русско- киргизкие школы, но заставляло их правительство». Облыста ашылып жатқан екі «жайлы мектептің» екеуінің де аралас мектепке айналуы көңілге кірбің ұялатады.
– Көше, елді мекен атауларын ауыстыру жайлы пікіріңізді білгім келеді. Бұл іс біздің өңірде неге баяу жүріп жатыр?
– Ауыстыру деген сөздің өзі қате. Негізі байырғы жер-су атауларын қайтару деп мәселе көтеру керек. Жер-су атауларын өзгерту жергілікті тұрғындардың қолында дегенді мүлде қою керек. Солтүстіктегі өзге ұлт өкілдерінің алды – Столыпин реформасынан бастап, коллективтендіру, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру жылдарында қоныс аударып келгендер. Олар бұл жердің тарихы түгіл өз атасының қайдан келгенін де білмейді. Сондықтан тарихи атауларымызды солардан сұрамай- ақ қалпына келтіру керек. Бұл жұмыс салиқалы түрде, жүйелі негізде жүргізілуі тиіс. Кезінде Семипалатинскті Семей, Усть- Каменогорскты Өскемен дегенде біреуден рұқсат сұраған жоқпыз ғой. Қандай шешім қабылдасақ та, созбақтай беруге болмайды. Ертеңмен жүрсек, ешқандай мәселе шешілмейді.
Жұмабек Тәшенов Қазақстанның солтүстігінде орналасқан бес бірдей облысын қайтарып алса, Смағұл Сәдуақасұлының азаматтық ерлігінің арқасында Семей, Петропавл округтермен Адай уезі Қазақстан құрамында сақталып қалды. Смағұлдың 1925 жылы Қазкрайком бюросының трибунасынан солтүстіктегі 18 болысты Орынбор облысына беру туралы Мәскеудің ұлттық-аймақтық сайқал саясатын батыл әшкерелегенін бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде Смағұл мен Жұмабек қорғап қалған жеріміздің тарихи атауларын қайтарып алуға қауқарсыз болып отырмыз.
Абылай хан солтүстік шекараларын қорғаған өз жорықтарында Покровка мен Петровканың, Николаевка мен Новопавловканың арасында жорықта жүріп пе еді, әлде шартты түрде айтқанда, Құрғақкөл мен Кішкенекөлдің, Суаткөл мен Тұщыкөлдің арасында жорықта жүріп пе еді? Ол заманда Покровка мен Петровка деген жер атаулары болған жоқ қой.
– Өзіңіз 2008-2009 жылдары Петропавл қаласының әкімі қызметін атқардыңыз. Қаланың тарихи атауын қайтаратын мүмкіндігіңіз болды ма? Болса, неге әрекет етпедіңіз? Қазіргі жағдайда қайтара аламыз ба?
– Қала күні мерекесі Петр мен Павелдың күні деп аталатын діни мейраммен бірге тойланатын. Іс-шараға қатысатындар сырнайлатып-кернейлетіп қаланың көшелерімен шеру ұйымдастыратын. Зайырлы мемлекет екенімізді алға тартып, бұған тосқауыл қоя алдым. Діни рәсімнің қайдан шыққанын, тарихын, қалай тойлануы керектігін зерттеп, шешім шығардым. Крест көтергендер қала көшелерін емес, шіркеуді айналып жүруі керектігін түсіндірдім, олар да қарсы болған жоқ.
Қалаға кіреберісте ескі славян қаріптерімен көзге түрпідей тиетін «Петропавловск» деген жазуды алдыртып тастадым. Осы атауды мүлдем құртып, шаһарға Қызылжар есімін қайтаруды жоспарлаған едім. Яғни Петр мен Павел бекінісін қалпына келтіріп, жан-жағын қоршап, қаладан бөліп тастайын деген ойым қолдау таппады. Мақсатым – әскери бекініс пен қаланың бір- біріне қатысы жоғын, мұнда бекініс салынғанға дейін де елді мекен болғанын ұқтыру еді.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Жамбыл ауданы, Орталық ауылы.
Туған жылы: 1 қыркүйек 1960 жыл.
Мамандығы: экономист, мемлекеттік қызмет менеджері.
Қызметі: Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
Марапаттары: «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Ақжар, Есіл аудандарының құрметті азаматы.