«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ер адам жүріп келе жатқан көліктен құлап кетіп, мерт болды

Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл елді мекенінде ер адам жүріп келе жатқан көліктің есігін ашып, құлап кетті. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Айыртау ауданы Саумалкөлдегі айналма жолдағы көпірде болған. Қостанай қаласының бірнеше тұрғыны «Toyota RAV 4» көлігімен Көкшетау қаласынан келе жатқан. Рөлде әйел болған, көлік иесі – күйеуі жүріп келе жатқан көліктің есігін ашып, абайсызда құлап кеткен.

Зардап шегушіні бірден аудандық орталық ауруханаға жеткізгенімен, ол жансақтау бөлімшесінде қайтыс болды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Қаза тапқанның туыстарының айтуынша, ер адамның электронды сигареті түсіп кеткен. Соны аламын деп есікті ашқан сәтте құлап кеткен. Автокөлік жолаушыларынан қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды, қауіпсіздік белбеуін ағытпауды және қозғалыс кезінде есікті ашпауды сұраймыз. Егер есікті ашу қажет болған жағдайда жүргізушіге белгі беріп, көліктің толық тоқтағанын күту керек», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция Марат Серкешев.

Болған оқиғаның мән-жайы толық және жан-жақты тергеліп жатыр.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp