«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ЕСІМІ — ЕЛ ЕСІНДЕ

Айыртау ауданындағы Карасевка ауылында аудандық қорғаныс істері бөлімінің мұрындық болуымен шағын футболдан аға сержант Дастан Сақтағановты еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды.

 

Дастан өткен жылдың маусым айында Қарағанды облысына қарасты “Спасск” оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған арнайы мақсаттағы барлау топтарының “Алтын үкі – 2015” халықаралық жаттығуларына дайындық кезінде көзсіз ерлік жасап, қаза болған еді. Жаттығу кезінде жауынгерлер өзен бойымен жүзіп, белгілі бір қашықтықты бағындырулары керек болатын. Бұйрықты естісімен өзенге күмп берген жауынгерлердің бірі суға бата бастайды. Оны байқаған 24 жасар Дастан әлсіреп қалған әріптесінің өзеннен шығуына көмектескенімен, өзі суға кете барды. Еліміздің әскери қызметкерлері жүзгіштерінің ішіндегі үздіктерінің бірі болып, жүзуден өткен бірқатар сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жалынды жастан қапияда айрылып қалу көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Марқұм Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен III дәрежелi “Айбын” орденiмен марапатталған.

Жарысқа 10 команда қатысты. Олардың арасында Көкшетау қаласы және Айыртау, Есіл аудандарының күш құрылымдарының қызметкерлері, Дастанның достары бар. Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша турнир кубогын көкшетаулықтар иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау кезінде Айыртау ауданы әкімдігінің өкілдері аталмыш турнирді жыл сайын өткізу керектігін тілге тиек етті. Жауынгердің әкесі Жасауия Шайхеденұлы аталмыш шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын жеткізді.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp