«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ЖІГІТТЕР ЕНШІСІ – ЕЛДІ ҚОРҒАУ

Облыс әкімінің орынбасары, әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Владимир Бубенконың қатысуымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен жиында 2014 жылдың күзгі әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру барысы талқыланды.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов азаматтарды күзгі әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастырудың барысы туралы баяндады.

– Қорғаныс министрлігі бекіткен азаматтарды мерзімді қызметке шақыру шаралары жөніндегі кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі – күзгі әскерге шақыру жұмыстарын және басқа да шараларды ойдағыдай жүзеге асыру. Ол үшін бір адамдай білек сыбана кірісуіміз қажет. Яғни, бүгінгі күннің басты міндеті – бұл норманы орындау үшін санға құмарту емес, керісінше шақырылып отырған контингенттің сапасына, демек, мықты денсаулығына, біліміне және моральдық-психологиялық төзімділігіне назар аудару, – деді Еркінбек Байболов.

Басшының айтуынша, қазанның 1-інен басталған күзгі әскерге шақыру маусымы барысында облыстан 700-ден астам бозбала Қарулы Күштер қатарына алынатын болады. Отан алдындағы борышын атқаратын бозбалалардың 20-сы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметіне, 200-і – ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ал 300 жас ҚР ІІМ Ұлттық ұланына аттанбақ. Тағы 20 адам өз борыштарын Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетіне қарасты құрылымдарда өтейді.  

Осыған орай, облыс орталығы мен аудандарда күзгі әскерге шақыру жұмыстары басталған. Дегенмен, оң нәтижелермен қатар олқылықтар да жоқ еместігі анықталған. Атап айтқанда, Шал ақын және Жамбыл аудандық қорғаныс істері бөлімдерінің жұмысы төменгі деңгейде қалып отыр. Бұл аудандарда маңызды науқанға қажетті шақыру қосыны жоқ екен.

Жалпы, күзгі шақырылымда әскери қызметке қабылдау кезінде жігіттердің денсаулықтарына жете көңіл бөлінетіндігі белгілі. Осы тұрғыда да біршама кемшіліктер тіркелген. Белгілі болғанындай, Жамбыл ауданының қорғаныс істері бөлімі күзгі науқанға қажетті дәрі-дәрмекпен және басқа да медициналық құралдармен тек 2,4 пайызға жабдықталған. Бозбалалардың денсаулығын тексеретін дәрігерлердің де тапшылығы байқалуда.

Жиын барысында әскерге шақырылушылардың жеке істерімен танысу барысында комиссия өкілдері олардың білімдеріне, мамандықтарына, отбасылық жағдайларына, дене және әскери дайындықтарына, моральдық-іскерлік сапасына ғана мән беріп қана қоймай, сонымен бірге қылмысты болып, темір тордың арғы жағында отырып шыққандарды әскерге алу фактілерінің алдын алу қажеттігі ескертілді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко жастарды әскерге шақыру мемлекеттік маңызы бар іс, сондықтан барлық қызметтердің бірлесіп жұмыс жүргізуі қажеттігін атап көрсетіп, жауапты басшыларға алдағы уақытта дәрі-дәрмек пен дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp