«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Әйелдер мен ерлердің психологиялық айырмашылығы өте көп. Тұрмыстағы жағдайлар, қайғы мен қуаныш оларға әртүрлі әсер етеді. Оған ерлер мен әйелдер ми құрылымының өзгешелігі себеп. 

Қоршаған әлемді қабылдау. Әйелдер қоршаған әлемді көбіне субъективті түрде бағалайды, өйткені, негізінен өздерінің бір сәттік көңіл-күйі мен орын алған жағдайға сүйенеді. Ал ерлер болса, олардан гөрі объективті және сыншыл. 

Ерден гөрі әйелді сендіру оңай. Жалпы әйелдерді басқару да жеңілірек. Олар мамандықтарын да туыстарының және таныстарының кеңестері бойынша таңдайды. Ал ерлер дербес, барлық мәселені өздері шешуге тырысады, қиын сәттердің өзінде өзгелерден көмек сұрағысы келмейді. Өзінің қолынан келетін істе біреудің көмегіне жүгінуге намыстанады.
Кәсіби жетістіктер. Мансапты да әйел мен ерлер әртүрлі бағалайды. Бір топ студентті зерттей келе психологтар мынадай заңдылықтарды анықтады: қыздар оқудың мақсаты көбіне диплом алу деп көрсетсе, жігіттер мансаптық өсу деген.
Дау-дамай кезіндегі әрекеттері әр қилы. Мұндайда ерлер ауыр сөздер айтып, эмоцияға берілсе, әйелдер көз жасына ерік беруге бейім. Бұған қоса әйелдер шыдамды және татуласуға ұмтылғыш. Алайда, егер әйел ашуына мінетін болса, күйеуінің жіберген барлық қателіктерін еске салады. Ал ер ұрыс шарықтау шегіне жеткен күннің өзінде мәселеден ауытқымайды.
Қызмет барысында әйелдер жеке қажеттіліктеріне байланысты, ал ерлер еңбек қызметіне байланысты жиірек дау-дамайға барады. Әріптестерінің, достарының немесе күйеуінің түсінбеушілігін әйелдер жеке өзін ренжіту деп түсінеді.
Күйзелген әйел көңіліндегісін айтуға, өз сезімдері туралы сөйлесуге, ойларының бәрін біреуге ақтаруға бейім. Әйелдің өзін алаңдатқан мәселелердің бәрін жайып салғанда ғана көңілі жай табады. Өз басындағы қиыншылықтарды ұмыту үшін әйел басқалардың мәселелерін өз мойнына алуы мүмкін.
Әйел мен ерлердің армандауы да өзгеше. Ер адамдардың арманы, әдетте, жұмысқа, мансапқа, жалақыға байланысты. Әйелдердің армандары – отбасы мен мансап. Үй шаруасындағы әйелдер өздерін отбасына арнап, ана және әйел рөлін атқаруды қалайды.
Әрине, әйелдер мен ерлер арасындағы психологиялық айырмашылықтар абсолютті емес. Ерлердің іс-әрекеттерінде әйелдік сипат болуы және, керісінше, әйелдер ер мінезділік танытуы мүмкін. Бұл да қалыпты жағдай.

 

Евгения КИМ,
психолог.
(“Dsq.kz” сайтынан алынды).  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp