«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР МЕРЕЙІ – ЕҢБЕГІ

Таным-пайымына көлеңке түсірмейтін қазақ небір айтулы азаматтарды ардақтаса, соның анықтығына көзің жеткен сайын айызың қанады. Еліне елеулі, халқына қалаулы нар жігіттер есейе келе алдына барғанның жүрегіне нұр төгетін ақылманға айналғанын көріп те, сезіп те жүрміз. Мұны біздің дана халқымыз, “Көргені жақсы көш бастар” деп, ұлағатпен ұқтырған. 

Менің ұсынып отырған әңгімеме арқау болған Мұрат Қошанұлы Жантілеу немересі нақ осыған лайық адам екенін Қызылжарда “Мен – қазақпын” деген азамат қана емес, өзге ұлт өкілдері де біледі. Арғы тегіне бойласаң, Абылай ханның тірегі бола білгендердің бірі Құлеке батырға, дүлдүл Шал ақынға барып тірелесің. Берірек жүрсең, есімі Есіл өңіріне әбден әйгілі Жантілеу, Қошан абыздарға жолығасың. Айтып, айтпай не керек – Мұрат Қошанұлы айыз қанарлық шаңырақта тәлім алған. Бөленген бесігі өзгелерден бөлек болмаса да, тәлімі-тәуір, тәрбиесі – танымды.

Осы жақында ғана 85 жасқа толған ағасы академик Аманжол Қошанов – елге танылған ғалым. Ол інісіне аспандағы Ай мен Күндей жол нұсқағаны айтпаса да, түсінікті.
Бұл – тектілік! Қазақ өлеңінің жаңа арнасын абыз жыраулардан соң соны арнаға салған Шал ақынның тамаша жырлары тамырын бүлкілдеткен шаңырақтан Аманжол Қошанұлындай ірі экономика білгірі түлеп ұшқаны, ағасындай ғалым болмаса да, шаруашылық басшысы ретінде мәлім Мұраттың іле қанат қомдауы әбден қисынды.
Аға ініге ақылшы екені айғақты. Аманжол ағасы жол сілтеген Мұрат 1968 жылы Алматыдағы қазақ политехникалық институтына ден қойып, бес жылда оны тамамдайды. Осы тұста айтайын деп оқталып отырғаным, Мұрат Қошанұлының әулетінен қанына сіңген еңбекқорлығы. Әйтпесе, есімі Есіл өңірі түгіл, Алматыдағы ғылыми ортаға әбден мәшһүр әкесі Қошан Жантілеуұлы екеу емес, он төрт баланы алаңсыз оқыта алатын отағасы еді. Бірақ Мұрат әкеге салмақ салмай, ұяда көргенін істеп, әуелі Павлодар облысындағы “Торайғыров” кеңшарында студенттердің халықаралық құрылыс жасағында еңбекпен шынықса, 1970 жылы Тольяттидегі автозауытты салуға да өзінің үлесін қосты.
… Қазақ: “Түсіне қарама, ісіне қара” дейді ғой. Мұрат Қошанұлына Тәңір қосынан беріпті. Ісінің кемшінін түр-түсімен, желбуаз тілімен бүркемелейтін кейбір жылпостардай емес ол. Еңбекқорлығынан, табиғи күш-қуатынан шығар Мүкең Құдай қосқан жан-жары Ұмсындық Ыбырайқызымен жақсы отбасын құрып, шаңырағын берекеге бөледі. Олармен кездесіп қалып амандық-саулық біліскен соң ағайдың сәл ойланып қалғандай сыңайын байқадым. Тағдырдың әркімге әрқалай тартуы бар ғой. Ернар, Қарлығаш есімді ұл-қызынан ұрпақ сүйіп отырған еңселі орда иесі. Жаңа ғана танысқан емес, бұрыннан білетін аға болған соң мен де оның өмір жолына одан әрі ой жүгірттім.
Еңбек жолын бастап, Уәлиханов ауданының Кішкенекөл кентін салуға үлес қосқанына осында іссапармен болғанымда қаныққан едім. Тұрғын үйлер, партия, ауатком ғимараттары, әлеуметтік мәдени, бірқатар өндірістік нысандар ірге көтерген. Мұрат мастер, прораб, учаске бастығы сияқты қызметтерді абыроймен атқарған.
Ер жігіт туған жеріне алаңдамай қоймайды. Бұл құдайы шындық! Мұрат та осындай күй кешкен. “Құланның қасуы, мылтықтың басуы” демекші, бірде ел ұйытқысы Қошан ақсақалға сәлем бергелі ат басын бұрған сол кездегі Сергеев ауданының басшысы, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин:
– Бізге сендей жігерлі жас қажет-ақ! Туыңды туған жеріңе тік. Мен саған осындағы су құбырларын пайдалану басқармасының бас инженері қызметін қолыңа алуды ұсынамын. Кел де, іске кіріс, – дейді.
Бұл басқарма сол уақыттағы Кеңес одағындағы атынан ат үркетін ең беделді, “Союзцелинвод” тресіне қарайтын. Бастығы – Қаттай Бектасұлы Кеншінбаев.
Әуелі жүрексінгені рас. Алайда Есім Шайкенұлы тегін азамат емес қой. Жас басшының бойдағы жасымас жігерін қыранды баптаған құсбегідей аңдаған екен.
Бұл трест – аса зор аумақты сумен қамтамасыз етіп отырған үлкен ұйым. Облыстың Сергеев, Мәскеу, Булаев (қазіргі Шал ақын, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандары), Көкшетау өңірі бар, елді мекендерін 1982 жылы пайдалануға берілген су арнасы арқылы өмір нәріне қарқ қылды. Шабындық алқаптар, мал жайылымдары ризыққа кенелді. Жаңбырлатқыш қондырғылардың арқасында бір жазда мал азығы екі мәрте шауып алынатын болды.
Әрине, су аспаннан жаңбыр болып жауған жоқ. Жас басшы ел қоныстанған жерлерді аралады. Халық сулы жерлерді таңдайтыны өмір-тұрмыстың сабағы емес пе. Соны жастайынан білетін Мұрат Қошанұлы ауданның Иман-Бұрлық өзенінен Питное көліне дейінгі арнаның нақты жобасын осылайша жүзеге асырып еді. Ол осы басқармада төрт жыл бас инженер болса, кейінгі он үш жыл бойы басшылық тізгіні қолына берілді. Трест басшылары да бейғам жандар емес қой. Бірақ басшылық қызмет бұйрық беріп, қағазға қол қоя салу емес, іскерлік, көрегендік, болашақты болжай білу қабілеті бойдан табылуы керек қой. Өйткені, басшылар да – адамдар, олардың қарамағында жұмысшылар еңбек етеді. Олардың мұң-мұқтажына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлу – басшының міндеті. Мұрат Қошанұлы мұны ақсатпады. Өзінің бұл ісінің нәтижесі танылғанын еңбекшілердің іске деген ынта-ықыласынан өзі де аңдап-аңғарып отырды. Басқарма өңірдің Жамбыл, Сергеев, Ленин, Мәскеу, Тимирязев аудандарының елді мекендерін ауызсумен жабдықтады.
Мен Мұрат Қошанұлын бұрыннан білетінмін. Тілшінің тірлігі осыдан да аңғарылады. Бірін-біріне қарсы қоятын емес, түймедейді түйедей қылып көрсететін, уәдені үйіп-төккенде алдына жан салдырмайтын, есігінен кері аттап шыққаныңды ғана тілеп отыратын, іске берекесіз, басқан жерінің шөбі қайта тікірейіп тұратын бастықтардың біразын өзімнің 44 жылдық журналистік қызметімде танып-білгенмін. Ал керісінше – қызметке берілген Мұрат Қошанұлындай азаматтар да аз емес. Риза боласың. Осындай жандар жайында жазуға қаламың өзі тіленіп, қолыңа өзі қона кеткендей болады. Осының дәлелі – бұл әңгіменің кейіпкері Мұрат ағаның ісі. Ердің жасы – елуге толмай тұрып, облыс басшылығының ұйғарымымен 1998 жылы “Союзцелинвод” тресі басқарушысының орынбасары, ал келесі жылы басшылық қызметіне тағайындалады.
Айтуға ғана оңай, әйтпесе міндеті зор, сұранымы мол іске кірісу үлкен жауапкершілік жүктеді. Облыстың он бір, Қостанай өңірінің үш ауданын, Көкшетау қаласын сумен жабдықтады. Ауызсуға зәру Уәлиханов ауданында Есдәулет жерасты су қайнарынан бастап, ұзындығы алпыс төрт шақырым су торабын салды. Трест кәсіпорындарында бір мыңнан аса адам еңбек етті. Жаңа басшы келгелі трестің ісіне қан жүгірді. Бұрындары белгілі-белгісіз себептермен сырт беріп кеткен білікті мамандар босағадан қайта аттады. Үш механикаландырылған колонна, құрылыс-монтаж басқармасы, Сергеевка қаласындағы осындай кәсіпорын трестке қайта қосылды. Бүгінде жетпіс жастың белесінен орын алып отырған Мұрат Қошанұлы атқарған, тындырған істерін көңілі толып еске алса да, ойына адам айтқысыз қиындықтар орала береді. Жігерлі, қайратты кезі ғой, күш-қуатқа көнбейтін тас қамал жоқ па дерсің? Әйтпесе. Иә, десеңізші! 1996-1998 жылдары аса қиын жағдай қалыптасты. Уәлиханов және Ақжар аудандары Беловод топтық су торабынан ажыратылып, 48 елді мекенге ауызсу жетпей қалды. Бұл Беловод су торабы мемлекетаралық маңыздағы арна еді. Ол арна арқылы Павлодар облысының бір ауданы, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан өңірінің екі ауданы сумен жабдықталса, Омбы облысының осынша ауданы қосылған еді.
Өмірдің нәрінен айырылған елді мекендердің мүшкіл халі бір трестің иығына ауыр жүк болып артылды. 2000 жылы қарамағындағы бес бірдей кәсіпорын ұңғымаларды бұрғылап, 19 шақырымдай су торабын іске қосты, Уәлиханов ауданының Чехов ауылында жаңа сорғы станциясын салды. Осындай жанқиярлықтың, жұдырықтай жұмылған ұйымшылдықтың арқасында Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының аумағында 234 елді мекендегі 195 мыңдай тұрғын ауызсуға қарқ болып, қуанышқа кенелді. Ал су құбырларының ұзындығы 3 мың шақырымнан асып түсті. Мұрат Қошанұлын “Су иесі – Сүлеймен” десе болады. Өмірінің 35 жылын сумен жабдықтау ісіне арнағаны бір ғанибет емес пе! Оның ұсынақты ісін, ұйымдастырушылық қабілетін ондаған жоғары мәртебелі марапаттары айғақтайды. Әсіресе, “Су шаруашылығы саласының кәсіби қызметкері”, Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” төсбелгілері өзін ерекше ләззатқа бөлейді.

 

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp