Түркілердің қарашаңырағы, талай тарихи тұлғалардың мәңгілік мекеніне айналған, түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған қасиетті Түркістанда, “Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!” – деп жырлаған қазақтың біртуар ақыны Мағжанның есімі де ардақты. Соның бір әдемі көрінісі – осындағы іргелі оқу орнына – №15 мектеп-гимназияға ақын есімінің берілуі.
– Биыл біздің мектеп-гимназияның шаңырақ көтергеніне қырық жыл толады. Мектебіміз 1994 жылдан бері Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталады, – дейді осы ұжымды жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан Тамара Мамашқызы Прімжанова. – Мағжан бабамыздай ұлының есімін иеленудің зор жауапкершілік екенін жақсы түсінеміз. Әрдайым оған лайық болуға күш салып келеміз. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап республика бойынша 30 мектеп білім берудің жаңартылған оқу бағдарламасына көшсе, солардың арасында біздің ұжымымыз да бар.
Шынында да, ұлы ақынның есімін иеленген білім ордасының жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай екен. Ол үшін 3362 шәкіртті білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп жатқан оқу орнының 2014 жылы облыстың “Ең үздік мектебі” атанғанын айтсақ та, жеткілікті. Міне, осындай Мағжан сенетін болашақ иесі – озық ойлы жастардың ыстық ұясына айналған мектептің алдына орнатылған ақын ескерткішінің ашылуы үлкен салтанатқа ұласты.
Мектеп ұжымы, Түркістан қаласы жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысқан бұл шарадан Мағжанның туған топырағы да шет қалған жоқ. Сөз реті келіп жатқанда, облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев екеуіміз салтанатты шараға қатысушыларға өңіріміздің басшысы Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың ыстық сәлемін жеткіздік, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан мектепке заманауи компьютерлік сынып тапсырылатынын айттық.
“Оңтүстік Жарық” мекемесінің президенті Нәби Айтжановтың демеушілігімен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Азат Баярлин жасаған мүсінге жиналған жұртшылық сүйсініп жатты. Салтанат үстінде демеушінің де, мүсіншінің де аттарына небір жылы лебіздер айтылды. Бәрі орынды. Ескерткіште жас Мағжанның бейнесі сомдалған. Осы арада менің ойыма Шоқан Уәлихановтың Омбының кадет корпусы алдындағы ескерткіші оралды. Оның да авторы – Азат Баярлин. Бір топ журналист сол ескерткіштің ашылу салтанатына да қатысқан едік. Онда да жас Шоқан… ой құшағына берілген. Мүсінші ғұмырлары қамшының сабындай қысқа болған қазақтың асыл перзенттерін қарттыққа қимайтын секілді ме, қалай?!
Жиналғандардың бүкіл түркі халқының түп қазығы, қойнауы тарихи, мәдени, рухани мұраға толы Түркістанда Мағжанға ескерткіш қойылуы өте орынды деген ойларының тоғысқан сәті болды бұл. “Түркістанды Мағжандай жырлаған ақын жоқ”. Осындай сөздерді естігенде еріксіз толқисың. Бір сәт көңіл төрінде көтерілген қуаныш желкені Мағжан әлемін шарлатады. Оқырмандарының сан буынының жүрегін жаулаған Мағжанның таңғы шықтай мөлдір, жауһар жырларының қуаты неде, қайнары қайда деген сауалдарға жауап іздейсің. Іздейсің де, оның шешуі Мағжанның халқына деген маздаған махаббатында екеніне көз жеткізесің. Иә, Мағжан – елім, жерім, ұлтым деп еңіреп өткен, сол жолда басын бәйгеге тіккен нағыз ер. Әйтпесе, қылышынан қан тамған зұлмат заманда: “Не көрсем де, алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер, Істей берсін қолдарынан келгенін!” – деп жүрек сырын толқытар ма еді?! Демек, оған қандай құрмет көрсетілсе де, артық емес.
Осындайда, ойға алған істерін діттеген жеріне жеткізген азаматтарға қалай сүйсінбейсің. Бұл ретте менің ойыма бірден оралған азамат есімі елімізде жақсы танымал заңгер, ғылым докторы, профессор, руханиятымыздың нағыз жанашыры Бекет Тұрғараев болды. Солтүстік Қазақстан облысында қызмет істеген жылдары атақты Қожаберген жыраудың, Тоқсан бидің жоқтаушысына айналып, ескерусіз қалған Мағжанның ата-анасының басын көтерген, басқа да бірталай игі істерге ұйытқы болған Бекеңнің осы ескерткіштің ашылуына да көп еңбек сіңіргенін білуші едім. Осыдан төрт-бес жыл бұрын, ол кезде мен “Егемен Қазақстан” газетінде қызмет істеймін, редакцияға келген Бекең Мағжанға Түркістанда ескерткіш қою жөніндегі ойымен бөліскен. Іле “Егеменде” “Ойтүрткі” деген айдармен мақала жазды. Бекет Тұрғараұлы мұнымен де шектелген жоқ, кейін Түркістан қаласының сол кездегі әкіміне жолығып, осы мәселені құлаққағыс еткенін айтқан. Олай болса, Бекең қуанбағанда, кім қуанады?!
Осы салтанат үстінде жанарында от ойнаған тағы бір азамат туралы айта кеткім келеді. Зиялылар арасында есімі әрдайым ілтипатпен аталатын айтулы азамат Қуат Есімхановтың ұлы Сұңғаттың осы салтанатқа қатысуы кездейсоқ емес екен. “Әкеден ұл туса – игі, әке жолын қуса – игі” деген емес пе, осының бәрін атқарған Сұңғат”, – деген Бекең. Бұл сөздерге шын қуандық. Өйткені, осыған дейін “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген сөздер тек аға буынды ғана мазалайтындай көрінуші еді. Сұңғат бастаған өндір жастардың осындай үлкен іске араласып, руханиятқа жанашырлық танытуы мерейімізді тасытты.
Ескерткіштің ашылуына арналған салтанатта бірінші болып сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев игі істің Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласынан туындайтын міндеттерді нақты жүзеге асырудың көрінісі екенін айтып, оған мұрындық болған жандарға барша түркістандықтар атынан алғыс білдірді. Белгілі әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек Мағжан жайлы тың деректерімен бөліссе, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы Мағжан рухын отты жырларымен әлдиледі. Жиында белгілі әнші-сазгер Сауранбек Елеуов Мағжанның “Түркістан” өлеңіне жазған патриоттық рухтағы әнін орындаса, Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның шәкірттері ақын өлеңдерін үш тілде жатқа айтып, жиналғандарды тамсандырды.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл – Түркістан – Петропавл.