«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ҚАРУЫ — БЕС ҚАРУ

Облыс орталығындағы “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінде “Лига” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виктор Жаворонковтың “Дамаск құрышынан соғылған авторлық суық қару” атты көрмесі өтті.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған мұражай-кешеннің директоры Аян Садаев көрме авторын құттықтап, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Виктор Павлович өз кезегінде Аян Нәбиұлы мен шара қатысушыларына алғысын білдірді.

Көрме қонақтары солтүстікқазақстандық шеберлердің қолынан шыққан “Адмирал” қысқа қанжары, “Ампир” пышағы, сақтардың “Акинагы”, Англия патшасы Артурдың “Эскалибуры”, қазақтың “Жеке ауыз”, “Селебе”, “Семсер” қылыштары, “Крис” қанжары, казактардың шашкасы, мәмлүктердің семсері, Орталық және Шығыс Азия елдерінің “Палашы”, үнділіктердің “Патасы”, түрік халқының “Ятаганы” және басқа да қаруларды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Виктор Жаворонковтың айтуынша, ол 20 жылдан бері суық және кәдесыйлық қарудың алпыстан астам түрін жасаумен айналысып келеді.

– Серіктестіктің он бес шеберінің қолынан шыққан суық қарулар Астана, Алматы және Ресейдің Мәскеу қалаларында ұйымдастырылған халықаралық көрмелерде жұртшылықтың назарына ұсынылды. Ал бұл жолғы көрмеде Дамаск болатынан құйылған қырыққа жуық қару түрлерін көруге болады. Бұйымдардың әрқайсысы өзіндік қайталанбас қасиетімен, айрықша техникасымен ерекшеленеді. Әрбір туындыны жасамас бұрын, әдебиеттерді оқып, ғаламтордан мағлұматтар іздеймін. Нәтижесінде әсем бұйымдар жасаймыз, – дейді Виктор Павлович.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp