«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕПТЕГІШ ҚҰРАЛЫНЫҢ БАҒАСЫ БЕКІТІЛДІ

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті “Севказэнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтініші бойынша қаржылық лизинг шарты шеңберінде монополиялық субъектімен бірлесе отырып, жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу құралдарының диаметрлері бойынша сатып алу және орнату құнын белгіледі. Осыған орай, Петропавл қаласының тұтынушыларына диаметрі 32 мм. – 707918 теңге, 50 мм. – 773411 теңге, 80 мм. – 913184 теңге деп келісілгендігі туралы хабарлайды.

Бұл сомаға жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу құралдарын сатып алу, орнату, оның төрт жыл бойы қызмет көрсету шығыстары және құрылғыны алғашқы тексерту шарасына жұмсалатын қаржылар енгізілген. Құрылғыны орнату тұтынушылар мен “Севказэнергосбыт” ЖШС арасында келісімшарт жасалған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Коммуналдық қызметтердің есептеу құралдарына ақы төлеу үшін тұтынушыға ұсынылатын төлем түбіртектерінде жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу құралдарын орнату жайындағы келісілген ақы төлемі де көрсетіледі. Төлем мөлшері есепке алу құралдарының диаметріне, көпқабатты үйлердің пәтерлер санына, әрбір пәтер аумағына, белгіленген төлеміне байланысты.

Мысалы, Мир көшесі, 161-үйде орнатылған жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу құралы бойынша есеп жүргізер болсақ, оның құны 773411 теңге болды. Төлем мерзімі – 48 ай. Әр шаршы метр үшін төлем (Есептеу: 773411:5016,45:48) айына 3,212 теңгені құрайды. Егер тұтынушының тұратын пәтері 50 шаршы метр болса, оның есепке алу құралына төлейтін сомасы – 160,6 теңге (Есептелуі: 3,212 х 50). Толық құны өтелген есептеу құралы тұтынушының меншігіне өтеді. Бұл үйдің тұрғындары жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу құралдарын орнату нәтижесінде биыл 1 шаршы метр үшін қаңтарда – 79,91 теңге, ақпанда – 81,25 теңге, наурызда 70,45 теңге төледі. Ал есептегіш құралдары жоқ басқа тұтынушылар әр шаршы метр үшін белгіленген 95,28 теңгені төледі. Сөйтіп, аумағы 50 шаршы метр болатын пәтер иесі үш айда 2711,5 теңге үнемдеді.

Сондай-ақ, тұтынушылар өз еркімен жылу энергиясының есепке алу құралдарын сатып алуға және орнатуға құқылы. Үйге ортақ есепке алу құралдарын орнату және пайдалану бойынша қосымша ақпараттарды өз ПИК-теріңізден немесе “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің энергетикалық бақылау бөліміне 46-24-16 телефоны арқылы хабарласып, ала аласыздар.

Жанна БАЙЗАҚОВА,

облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті техникалық реттеу бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp