
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде 2020 жылғы 30 сәуірде “Есептік тіркеуден өту, сондай-ақ, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды жүргізу және тізілімнен шығару үшін ұсынылатын құжаттардың тізбесін қоса алғанда, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды есептік тіркеуден өткізу қағидаларын бекіту туралы” (бұдан әрі – қағида) №55 қаулы қабылданды. Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар қатарына микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар жатқызылады.
Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар 2020 жылдың 1 маусымына дейін есептік тіркеуден өту үшін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға “Электронды үкіметтің” веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді: қағиданың 1-қосымшасына сәйкес өтініш беруге уәкілетті адамның электронды цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған өтініш; жарғылық капиталдың төленгенін растайтын құжаттар, сондай-ақ, қағиданың 2-қосымшасына сәйкес меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін сақтау туралы мәліметтер; есептік тіркеуден өткені үшін алымның төленгенін растайтын құжаттар; қағиданың 3-қосымшасына сәйкес ломбардтың қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жүйесі туралы мәліметтер (ломбардтар үшін); құжаттарға қол қоюға құрылтайшылар (акционерлер, қатысушылар) уәкілеттік берген тұлға бекіткен және компанияның толық құрылымын, қызметінің стратегиясын, қызметінің бағыттары мен ауқымын, қаржылық перспективаларын (бюджет, есеп айырысу балансы, алғашқы үш қаржы (операциялық) жылындағы пайда мен шығындар есебі), маркетинг жоспарын (клиенттік базаны қалыптастыру), еңбек ресурстарын тарту жоспарын, тәуекелдерді басқаруды ұйымдастыруды ашатын таяудағы үш жылға арналған бизнес-жоспар; осы тармақшаның талабы қарыз беру жөніндегі қызметті жүзеге асырған және 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік тіркеуден өткен заңды тұлғаларға қолданылмайды; микрокредиттерді беру қағидалары; соңғы үш жылдағы салық декларациясын (қызметін көрсетілген мерзімнен аз жүзеге асыратын субъектілер үшін – соңғы салық кезеңдері үшін); соңғы үш жылдағы қаржылық есептілік (аудиторлық ұйым растаған, бар болса); басшы қызметкерлер мен құрылтайшылардың (қатысушылардың, акционерлердің) жеке басын куәландыратын құжаттар (шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін); басшы қызметкерде жоғары білімінің болуын растайтын құжаттар; басшы қызметкерлерде және құрылтайшыларда (қатысушыларда, акционерлерде) алынбаған немесе өтелмеген соттылығының жоқтығын растайтын құжаттар (шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін); филиалдар мекенжайларының тізімі.
Қағиданың 2-12-тармақшаларында көзделген құжаттар PDF форматындағы көшірме түрінде ұсынылады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімі құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер: ұсынылған құжаттардың уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ, құжаттарда дәйексіз мәліметтер мен ақпаратты ұсыну; егер микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күннен бастап алты ай ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш жасамаса; “Микроқаржы қызметі туралы” 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 6 және 7-тармақтарында белгіленген талаптардың бірін сақтамау; осы заңның 31-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік қайта тіркеу мерзімін сақтамау.
Алма ДӘУРЕНБЕКОВА,
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы.
Сурет: http://lenta.inform.kz/