Карантин кезінде облыстық әділет департаменті де жаңа жұмыс режімінде жұмыс істеуде. Бұл жайлы облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Жұлдыз Баймашева баспасөз мәслихатының барысында айтты.
Қазіргі таңда елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтар 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алу үшін өтініш беруде. Заңға сәйкес азаматтардың осыған дейінгі түрлі борышы мемлекеттен берген жәрдем қаржыдан ұсталмайды. Сондықтан жәрдемақы үшін жаңа, жеке есепшот ашқан жөн. Алайда, қазіргі уақытта карантинге байланысты бұған көп адамдардың мүмкіндігі болмағандықтан, қолданыстағы шоттарын ұсынуда. Сол себепті әділет департаментінің мамандары азаматтардың есепшоттарын бұғаттау әрекеттерін тоқтатқан. Ал осыған дейін түскен бұғаттау жөніндегі қаулылар бойынша екінші деңгейлі банктер сот орындаушыларына бұл әрекетке бармау қажеттігін жеткізуде.
“Аурудың тарауының алдын алу үшін сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу органдарына арналған автоматтандырылған жүйені кеңінен қолдануда. Яғни, бұл жүйе мамандарға тиісті жұмыстарды үйден шықпай-ақ орындауға мүмкіндік береді”, – деді Жұлдыз Баймашева.
Яғни, әлеуметтік төлем борышкердің бұғатталған шотына түссе, ақшаны ала алмауы мүмкін. Бұл жағдайда әділет департаментінің мамандары мен жеке сот орындаушылары шектеулерді алып тастайды. Өкінішке қарай, төтенше жағдай кезінде де сот орындаушыларының әрекетіне шағымданған адамдардың бар екенін тілге тиек еткен Жұлдыз Баймашева азаматтарды түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуға шақырды. Карантин шаралары аяқталғаннан кейін барлық атқарушылық істер жанданып, жұмыс қалыпты жағдайда жалғасатын болады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.