«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕП БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында Қазақстанның дамуының нақты бағыттары айқындалған. Соның он қадамы “Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру” міндетіне арналды. Осы орайда халқына жақын мемлекетті құру жұмысының барысымен танысу мақсатында облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахметпен әңгімелескен едік.

– Мадияр Дүйсенбайұлы, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға айрықша маңыз берілген. Бұл бағытта біздің облысымызда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңы қабылданды. Соған сәйкес мемлекеттік қызметке орналасудың үш қадамды жүйесі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, меритократиялық қағида негізінде жұмысқа алу тәртібі де тәжірибеге енгізілді. Осылардың барлығы біздің өңірде толыққанды жүзеге асырылып жатыр және бүгіндері мемлекеттік қызметшілер жаңа талап бойынша жұмысқа қабылдануда.

– Енді әңгімемізді Ұлт жоспарының 91-қадамынан туындайтын міндеттер төңірегінде өрбітсек.

– Аталған қадамды жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында үстіміздегі жылы 11 негізгі мақсатты индикаторларға жету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Биыл аталған меморандум жүзеге асырылған кезде облыс экономикасы 3 пайызға дейін өсіп, жан басына шаққанда негізгі капиталға құйылар инвестиция көлемі – 106,3 пайызға, жергілікті бюджетке түсетін салықтық және салықтық емес түсімдер 106 пайызға жетеді деп күтілуде. Өмір сүру ұзақтығы – 69, 92 жасқа, балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту 96 пайызға жеткізілетін болса, жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан асырмау көзделіп отыр.

2016 жылы 116,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 55 пайызды құрайтын болады. Көрсетілетін сапалы мемлекеттік қызметке адамдардың қанағаттану деңгейі 92 пайызға дейін көтеріліп, көшеде жасалатын қылмыстың үлес салмағы 9 пайызға дейін төмендемек. Өзіңіз көріп отырғандай, мұнда өміріміздің негізгі бағыттары қамтылған. Егер жыл аяғына дейін осы меморандумды орындайтын болсақ, онда облысымыздың дамуы белгілі бір деңгейге көтеріледі.

– Біздің ұғымда “Есеп беретін мемлекет қалыптастыру” дегеніміз, азаматтардың ел ісіне, жұрт үшін толғақты мәселелердің шешілуіне араласуы. Қарапайым жұртшылық елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға бейжай қарамай, қайта күрделі де күрмеуі бар мәселелерді атқарушы билікпен тізе қосыла отырып реттеудің жолын қарастыруы тиіс. Осының бәрін жүзеге асыру қаншалықты мүмкін?

– Аталған қадам бойынша міндеттер былтыр да толыққанды жүзеге асырылды, биыл да сол бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынды. Егер атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беруін атап өтуге болады. Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарынан 24 ақпанына дейін барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 656 есепті кездесу өткізді. Есепті кездесулерге 56480 адам қатысып, 1617 адам сөз алып, 1951 ұсыныс пен өтініш жасалды. Облыс аудандарында тұрғындар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Өздеріңіз білетіндей, жергілікті полиция қызметінің басшылығы да, учаскелік полицейлер де тұрғындар алдында атқарған жұмыстары бойынша есеп беруге міндетті. Облыс әкімдерінің Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі арқылы жұртшылықты өңірлерде атқарылып жатқан істерден хабардар етуі дәстүрге енді. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың енді бірі – мемлекеттік органдардың жеке сайты, әкімдердің виртуалдық қабылдауларының іске қосылуы. Біздің облыс әкімінің де виртуалдық қабылдауы бар. Өңірдің әр тұрғыны көкейінде жүрген мәселесін облыс әкіміне тура жеткізе алады. Қазіргі таңда виртуалдық қабылдауға көктемде орын алатын төтенше жағдайлардан қалай сақтану керектігі жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Прокуратура қызметінің айқын жүйесі де тұрғындардың қажеттілігін өтеп отыр. Мәселен, олар әр азаматтың ұсынысы немесе арыз-шағымының арнайы базада тіркеуін, оның орындалуын, соңына дейін жетуін қадағалап отырады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар еш нәрсені жасыра алмайды. “Ақпаратқа қолжетімділік туралы” Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік органдар өзінің жылдық бюджетін, жасаған бағдарламаларын сайтқа жариялауы тиіс және бұқаралық ақпарат құралдарының сұраған мәліметін 3 күннің ішінде берулері керек. Осының барлығы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының бесінші бағытында көрсетілген есеп беретін мемлекет қалыптастыру үшін жасалған шаралардың бір парасы болып табылады.

– Өзіңіз атап өткендей, орталық мемлекеттік органдардың статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету де қарастырылған. Олардың уақтылы жаңартылып отыруы да өзекті мәселе емес пе?

– Орталық мемлекеттік органдардың статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету – мемлекеттік қызметтің бір түрі. Сондықтан да, жаңалықтарды орналастыру мерзімі немесе өзгертілген соң 3 күннен кейін жаңартылып отыруы жөнінде арнайы стандарттар қабылданған.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ресми сайты негізгі ақпарат көзі болғандықтан, ұдайы бақылап отырамыз. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңіріміздегі департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасы бар. Ол біздің сайттардың барлығын қадағалап отырады. Сондықтан да қазіргі кезде ақпарат уақтылы жаңартылмаса тиісті шаралар қолданылады. Әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа жауапты қызметкер бар. Бүгінде ақпараттың бір жыл бойы жаңартылмауы сирек кездеседі.

– Аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу бойынша қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?

– Қазір Солтүстік Қазақстан облысының ішкі аудит қызметі туралы типтік ереже әзірленуде. Облыстың штаттық санының лимитін қайта қарау кезінде облыс әкімдігі аппаратының құрылымында құрамында 5 қызметкері бар ішкі қызметтік аудит бөлімшесін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың шешімімен тексеру комиссиясына сертификаттау жүйесін енгізу үшін мемлекеттік аудиторлардың қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтуіне, кейін оларды аттестаттауға қосымша 15 млн. теңге бөлінді.

– Ақпарат еркіндігін, мемлекет пен азаматтардың арасында “Электрондық үкімет” порталы арқылы тиімді диалогті қамтамасыз ететін “Ашық үкіметті” енгізуде қандай нақты қадамдар жасалуда?

– “Ашық үкімет” порталы “Ашық деректер”, “Ашық нормативтік-құқықтық актілер”, “Ашық диалог”, “Ашық бюджет” деген құрамнан тұрады. “Ашық диалог” аясында азаматтарға мемлекетпен сандық форматта диалог жүргізуіне мүмкіндік беріледі. Үстіміздегі жылдың басынан “Электрондық үкімет” порталы арқылы – 5, облыс әкімінің виртуалдық қабылдауына – 64, халықтық бақылауға 9 өтініш түсті. “Ашық үкімет” порталында облыс әкімінің қатысуымен интернет-конференция өткізіліп тұрады. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Жолдауын түсіндіру бойынша интернет-конференция өткізілді. Үстіміздегі жылы интернет-конференция тамыз айына жоспарланып отыр. Облыс әкімдігінің “Ашық деректер” порталына жарияланатын деректер тізбесі әзірленді. Тізбені бекіту туралы қаулы Инвестициялар және даму министрлігінің қарауында жатыр. Сонымен қоса, аталмыш порталда облыстық жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметті көрсетуі туралы есебі жарияланған. Үстіміздегі жылы “Ашық бюджет” порталын толықтыру көзделіп отыр.

– “Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру” қажеттілігі 97-қадамда атап көрсетілген. Жергілікті жерде өзін-өзі басқаруды қалай реттейміз?

– Жергілікті жерде өзін-өзі басқарудың негізгі мақсаты – ауылдық округ әкімдерінің құқықтарын және құзыретін кеңейту. Осы күнге дейін барлық мәселелер аудандық әкімдік деңгейінде шешіліп келгендіктен, ауылдық округ әкімдері билікке араласа қойған жоқ. Соңғы кездері ауылдық округ әкімдерінің мәртебесін көтеру үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, 2014 жылы ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. “100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында оларға белгілі құзыреттер берілді. Біріншіден, өзінің бюджетін жасай алады. Ол үшін ауылдық округ әкімдеріне заңды тұлғалардан алынатын жер және көліктік салықтарын жинау, сондай-ақ, елді мекен аумағындағы жер телімдерін заңсыз иемдену және мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұлдар салу құқығы берілген. Алайда, ауылдық округ әкімдері жер заңнамасын бұрмалағандарға айыппұл сала алмайды. Өткен жылы облыстың жергілікті атқарушы билік органдары 911 кездесу өткізді. Кездесу барысында түсім жоспары және қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы шығынды нақтылау мен бекіту жайы талқыланды.

– Қолма-қол ақшаны бақылау шоты барлық ауылдық округ әкімдігінде ашылды ма?

– Бүгінгі таңда өңірімізде 194 қолма-қол ақшаны бақылау шоты ашылған. Оның 87-сіне ғана қаржы аударылды. Үстіміздегі жылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына 154 миллион теңге көлемінде трансферт көзделіп отыр. Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына 24,7 миллион теңге қаржы түссе, оның 6,2 миллион теңгесі – трансферт қаржысы. Аудандық бюджеттен қолма-қол ақшаны бақылау шотына Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов, Шал ақын аудандары трансферт бөлген жоқ. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында 22 шоттың екеуіне, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да 17 шоттың екеуіне ғана қаржы түскен. Аудан әкімдері жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қаржымен қамтамасыз ету жұмысын жақсартулары қажет.

– Ұлт жоспарындағы 99-қадамға сәйкес мемлекеттік органдар мен әкімдер жанынан құрылып жатқан қоғамдық кеңестер қандай іспен шұғылданады? Олардың жұмысынан қандай нәтиже күтуге болады?

– Өңірімізде 15 қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңестер бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес стратегиялық жоспарларды, бюджеттік бағдарламаларды, аумақты дамыту бағдарламасының және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын, бағдарламалық құжаттарды талқылайды.

Жыл басында Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің отырысында “Облыстың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2016 жылға арналған міндеттер” туралы мәселе қаралды.

Облыстық қоғамдық кеңеске түсетін барлық нормативтік-құқықтық актілердің жобасы осындай актінің қабылдауына бастамашы болған органның интернет-ресурстарында, яки қоғамдық кеңестің отырысына немесе қоғамдық тыңдау өтетін уақыттан 10 күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Аудан әкімдері мемлекеттік қызметті көрсету мерзімінде олқылықты болдырмау мақсатында жергілікті жердегі қоғамдық кеңестердің жұмыс топтарының нормативтік-құқықтық актілерді уақтылы қарауын қамтамасыз етулері қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp