«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКЕКСІЗ ҚАЙЫҚ сияқты талай ауыл тағдыры…

Заман құбылып тұр. Сөз жоқ, жақсылыққа сүйсінеміз. Дегенмен, күннен-күнге халі нашарлап бара жатқан талай ауылдың жайын ойлағанда көңіліміз пәс тартып, көкірегіміз қарс айырылғандай болады. Арыны асау теңіз төріне жел айдап әкеткен ескексіз қайық сияқты қалт-құлт еткен ондай ауылдар қай жағаға барып тұмсық тірер екен? Ежелгі кейпіне енбесе де, сәл де болса еңсесі тіктеліп, тынысы ашылар ма екен, әлде жер бетінен бір жола жойылып кете ме? Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылының тұрғындарымен кездесу барысында көңілді күпті еткен осы сияқты сауалдар ортаға тасталды.

Әңгімені “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов жүргізіп отырды.

Жарасбай Сүлейменов:

– Біздің елімізді ауылсыз көзге елестету мүмкін емес. Десек те, бір кездері халықтың негізгі асыраушысы болған ауылдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Біз осы сапарымызда біраз ауылдарда болдық, тұрғындармен осы мәселе төңірегінде әңгіме-дүкен құрдық, пікірлер сан алуан. Біреулер ауылдың мәселесі әлдеқашан шешілген, енді өткенге қайта оралу жоқ, ауыл көтеріле алмайды десе, енді біреулер ауылды сақтаудың мүмкіндіктері бар дегенді айтады. Сіздермен де осы мәселені талқыласақ дейміз. Және осы ауылға ат басын тіреуіміздің бір сыры Кеңес – нарық қиындықтарына қарамастан, қалыпты тіршілігін сақтай алған елді мекендердің бірі.

Жанғали Базарбеков, ауыл тұрғыны:

– Дұрыс айтасыз, тәубе, қиындық дегенің бастан асып жатса да, ауылымыздың іргесі сөгілген жоқ. Сіз анада жазушы Герольд Бельгермен әңгімеңізде осындай ауылдардың қатарында Мектеп пен Қараталды атадыңыз да, бізді ұмытып кеттіңіз. Соған әжептәуір ренжіп қалдым.

Қырық жыл қырғынды көрсе де, міз бақпай, тарихтың небір қиын-қыстау заманын бастан өткерсе де, іргесін сөкпеген көптеген ауылдар нарықтың дауылына қарсы тұра алмағаны шындық. Ауылдардағы бүгінгі ахуал баршамызды да алаңдатады.

Жарасбай Сүлейменов:

– Ысқақ Ыбыраев атындағы ауылда болғанда да біраз жайға қанықтық. Шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Теменовтің айтуына қарағанда, кейбір ауылдар заман көшіне ілесе алмай отыр. Ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселелердің бірі өнімдерді өңдеуге келіп тіреледі. Бұл орайда тындырылған істер шамалы. Тәжірибелі басшы: “Егер бұл істі ауданның өзінде жолға қояр болсақ, қаншама адам жұмыспен қамтылар еді?!” – дейді. Аталмыш ауылда су мәселесі шешілген, жолы да бұрынғыдай емес, тазаланып тұратын көрінеді. Әйтсе де, ірге көтеріп, көштің басын қалаға бұрып жатқандар азаяр емес, жыл сайын кем дегенде екі-үш отбасы көшіп кетіп жатыр. Арамызда осы құбылысқа алаңдамайтындар да жоқ емес. Олардың айтуларынша, урбанизация қай кезде де болған, бола да береді.

Жанғали Базарбеков:

– Индустриясы жақсы дамыған елдерде ішкі көші-қонды урбанизациямен түсіндіруге болар еді. Біз әлі ондай дәрежеге жете қойған жоқпыз. Меніңше, жұртты осындай қадамға жұмыссыздық итермелеп отыр.

Сол сияқты, тоқырау кезінде жол, су, жарық мәселелері де шешілмеді. Елді мекендердің көбі сол себепті ыдырап кетті. Мектептер жабыла бастады. Ұрпақ болашағын ойлаған отбасылардың көшпеске амалы қалмады.

Жарасбай Сүлейменов:

– Кезінде ауданда 48 мыңдай тұрғын болған екен. Олардың 15 мыңдайы қала мәртебесіне ие аудан орталығын мекендепті. Ал бүгінде ауданда 20 мыңдай ғана халық қалыпты. Дегенмен, осы көшке ілеспеген ауылдар да бар ғой.

Шермұхамбет Күбетаев, ауыл ақсақалы:

– Осы жасқа дейін талай қиындықтарды көрдік қой. Ол кезде, әйтеуір, екі қолға бір жұмыс болды. Бірақ бәрін жұмыссыздықпен түсіндіре беруге болмайды. Мектептер жабылып, білікті де білімді мұғалімдер өз жайын ойлап көшіп кетіп жатса, немере-шөбересінің, бала-шағасының болашағын ойлаған қай ата-ана әрекетсіз отыра береді? Халық содан да туған жерлерін тастап кетіп жатыр.

Ауыл мен қаланың арасы мүлдем алшақтап кетті. Ауылда түк қалмаса, әрине, жастар қалаға қарай сырғиды. Бәріміз ауылда өсіп-өндік, ауылдың тәрбиесін алдық. Баяғыда ауылдан ет те, сүт те, құрт та қалаға жөнелтіліп жататын. Қазір ауылдан мұндай дүниелер ағылып кетіп жатқан жоқ. Енді қаладан ауылға таситын қоғамда өмір сүрудеміз.

Жарасбай Сүлейменов:

– Осы ауылға мен бұрын да талай рет келген едім. Мұндағы мектеп те ескі. Кезінде министрдің де құлағына жеткізгенбіз. Алайда, жағдайдың өзгергені байқалмайды.

Шермұхамбет Күбетаев:

– Қазір ауылдағы көші-қон туралы әңгіме қозғала қалса, “Кәрі-құртаң, мүмкіндігі жоқтардан басқалардың бәрі көшіп жатыр”, – дегенді айтады. Жоқ, олай емес! Мысалы, біздің ауылдың тұрғындары барар жерлері болмағандықтан немесе қолдың қысқалығынан көшпей отырған жоқ. Бүгін шешім қабылдап, ертең көшіп кете алатын отбасылар толып жатыр. Оның үстіне мектебіміз құлайын деп тұр. “Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды” дегендей, осы мәселені көтергенімізге көп болды. Бірақ әзірше құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Маңайдағы кейбір ауылдарға бертін жаңа мектептер салынғанын білеміз. Қазір сол мектептерде оқитын бала қалмауға жақын деп естиміз. Сонда басшылар не ойлаған?!

Мектептен бөлек ауылдағы дәрігерлік пункттің жағдайы да сын көтермейді. Облыстан немесе ауданнан келген дәрігерлердің қабылдауына баратын ауыл тұрғындары оған сыймай, 30 градус аязда кезек күтіп далада тұрады. Соған да шыдап жатырмыз.

Жарасбай Сүлейменов:

– Бұдан қандай ой түюге болады?

Балапан Базарбекова, Кеңес орта мектебінің директоры:

– Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, біздің осы маңайдағы басқа ауылдардан ешқандай артықшылығымыз жоқ. Олардың басына түскен ауыртпашылық бізде де бар.

Жарасбай Сүлейменов:

– Сіздің ауыл үлкен жолдың үстінде ғой.

Балапан Базарбекова:

– Мәселе тек оған тіреліп тұрған жоқ. Бүгінде Кеңесте 70-ке жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Көшіп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, жастарымыз ауылға оралып, ортамыз толуда. Олардың алды жеке үй сала бастады. Былтыр екі үй іске қосылса, тағы екі үйдің іргесі қаланды.

Меніңше, бұл арада елдің бірлігі, азаматтарымыздың намысының күшті болуы маңызды рөл атқарып отыр. Қыс болса, жолдың қарын тазалауға бір кісідей шығамыз, жазда ауылымызды көркейтуге атсалысамыз. Осы тозығы жеткен мектепті де ауыл тұрғындары жыл сайын өз күштерімен жөндейді. Ұжымның сырлап, тығындап, жөндеп қойғанының арқасында жылуын сақтап тұр. Бұл мәселені талай рет көтерген болатынбыз. Алайда, бала саны аздығынан бұл мәселе шешімін таппай келеді. Тым болмаса спорт залы бар бірқабатты жаңа ғимарат болса екен дейміз. Ұжымның 75 пайызы – 1-санаттағы мұғалімдер. Әрі олардың 90 пайызы – жастар. Туған ауылының түтіні түзу ұшсын деген ниетпен жоғары оқу орындарын тамамдап, бірден ауылға жол тартқан ауыл жастары да жаңа мектеп болса, ешқайда кетпей, алтын бесігімізді көркейтуді мақсат етіп отыр.

Біздің ауылдың тұрғындары ұйымшыл. Соның арқасында ауылымыздың іргесі сөгілмей тұр. Кеше ғана шаруасын дөңгелетіп отырған қазақ ауылдарының бүгінде жұрты ғана қалғаны бізді де қынжылтады.

Жалпы ауылдан шыққан азаматтардың мәдениеті, өмірге құлшынысы ерекше. Себебі, олар еңбекпен тәрбиеленіп өседі. Қазақтың қонақ­жай­лығы, көпшілдігі, адами-мәдени болмысы, ұлттық дәстүрі де әлі күнге ауылдан іргесін сөге қойған жоқ. Ұлттық болмыстың бесігі де, күретамыры да – ауылда. Жоғары жақ­та­ғылар осыны түсінсе, олардың ауылға деген көзқарасы өзгерер еді деп ойлаймын.

Жарасбай Сүлейменов:

– Байқап отырмыз, өздеріңіз де айтып жатырсыздар, ауылда жастар бар екен. Сол жастарды да тыңдағанымыз жөн болар.

Сырым Мұхамедин, информатика пәнінің мұғалімі:

– Осы ауылдың тумасымын. Ауыл мектебін тамамдаған соң Астана қаласындағы университетте білім алдым. Еңбек жолымды туған ауылымнан бастауды жөн көрдім. Бүгінде мектепте информатика пәнінен сабақ беремін. Жолдасым да осында жұмыс істейді. Кіндік қанымыз тамған, бақытты балалық шағымыз өткен елді мекенде қызмет ету арқылы ауылымызды сақтап қалғымыз, жерлестеріміздің абыройын асқақтатқымыз келеді.

Біздің ауылдың тұрғындары аспаннан құймақ жауады деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Болашаққа үмітпен қарайды, ауылдың да түтіні тік ұшатынына сенеді. Сол үшін еңбектеніп жатыр. Жаңа Шермұхамбет атамыз жақсы айтты, біз барар жеріміз болмағандықтан осында отырған жоқпыз. Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Біздің ғана емес, ата-аналарымыздың да жастық шақтары осында өткен. Ата-бабаларымыз да осы жерде жерленген. Бір сөзбен айтқанда, ауыл – біздің қимасымыз. Ендеше қиын уақытта біз неге одан іргемізді аулақ салуымыз керек?! Өмірдің қызығы тек қалада тұрған жоқ. Алды-арттарына қарамай сонда көшіп барып, не жұмыс, не баспана таба алмай қиналып жүргендерді де білеміз.

Жәзира Сапарова, мектеп психологі:

– Мен осы ауылдың келінімін, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясында келдім. Бәріміз де ауылдан шықтық қой. Сондықтан ауылды көркейтіп, қалаға теңестіруге әрқайсымыз атсалысуға тиіспіз деп ойлаймын. Ал “Дипломмен – ауылға!” жобасы жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге мол мүмкіндік береді. Әрине, жастардың қызығы мол қалада тұрғанды қалайтындары рас. Алайда, туған ауылды көркейтуге үлес қосу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Ауылда да жақсы өмір сүруге болатынына көзіміз жетті.

Қазір мектепте психологпін. Ауылдың ахуалы бөлек қой. Адамдардың психологиясы мүлдем өзгеше. Олардың бауырмалдығы, кеңпейілдігі, қонақжайлылығы мені ерекше баурайды. Меніңше, ауылды сақтау – ұлтты сақтау. Сондықтан қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл ретте, әсіресе, жастар белсенділік танытуға тиіс. Ауылда жұмыс істеймін, күнкөрісімді жақсартамын деген адамға мүмкіндік бар, тек ерінбеу керек.

Жарасбай Сүлейменов:

– Дұрыс айтасыз, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қазір Үкіметіміз ауылдықтарды қолдауға бағытталған неше түрлі жобаларды қолға алып жатыр. Сіздер осы мүмкіндікті қалай пайдаланып жатырсыздар?

Жәзира Сапарова:

– Газет оқимыз, теледидар көреміз, Интернет бар деген сияқты, бәрін білеміз. Мүмкіндік жылдан-жылға молайып келеді. Әттеген-айы, өз арамызда “Сыбаға” сияқты қазаққа қол бағдарламаларды пайдаланып қалуға ұмтылушылар көп емес. Оның бір себебі, әлі де болса құқықтық білім жетіспей ме деймін. Қағазбастылықтан да қорқатын сияқтымыз. Сөйтіп, қорадағы малға ғана ие болып отырған жайымыз бар. Жаңа жұмыс көздерін ашу, ауыл халқының әлеуетін жақсартуда бұл бағдарламаның маңызы зор. Кейбір ауыл азаматтары мемлекет берген мүмкіндікті жақсы пайдаланып, ісін ілгерілетіп алып кетіп жатыр. Қалай дегенмен, ауылдан жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмысын тұрақтандыратын уақыт жетті. Сол себепті алдағы уақытта бұл мәселені де ойластырғанымыз жөн. Биыл су мәселесі шешіледі деп отырмыз. Осылай ауыл бірте-бірте оңалып кететініне сенемін.

Жарасбай Сүлейменов:

– Бүгінгі әңгіме өте пайдалы болды, оқырмандарымызға да ой салуға тиіс деп ойлаймын. Өздеріңізбен кездескенге дейін тұрғындары қиындықтардан бас сауғалап қала жаққа кетіп жатқан ауылдардың алды қараңғы сияқты көрінгенін несіне жасырамыз?! Бір кездері Қазақстан халқының 60 пайызы ауылда тұрса, сарапшылар бертін бұл көрсеткіштің 47 пайызға дейін кемігенін айтып жүр. Қазір одан да төмендеген шығар.

“Ауыл – алтын бесік” деген әсіре қызыл сөз емес. Қазақ үшін ауыл – ең қымбат құндылықтардың бірі. Олай болса, ауылды сақтау, одан әрі дамыту үшін күресу – елді сақтау, Тәуелсіздікті сақтау деген сөз! Бұл мәселені бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Ауылды сақтап, жағдайды жақсарту үшін не істеуіміз керек? Билік тарапынан қандай істер тындырылуға тиіс? Осы және басқа сауалдар сіздерді де мазалайтын шығар, қадірлі қауым! Ауылдағы жағдайды сіздерден артық ешкім білмейді. Ой ортақтасыңыз, пікір қосыңыз.

Әңгімені жазып алған

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp