– Қазыбек Қажыкенұлы, сіз есімі елге белгілі мүсіншілердің бірісіз. Сала майталмандары мүсіншілікті өнердің ең қиын түріне балайды. Өміріңізді өнердің бұл саласына арнауыңызға не себеп болды?
– Адамның бала қиялын ұштайтын да, ақық арманына құрық салғызатын да туған жері, оның тұмса табиғаты болса керек. Менің балалық шағым Уәлиханов ауданында өтті. Әкем Қажыкен аудандық газетте жұмыс істеді, кейін мектеп директоры, кеңшар бөлімшесінің басшысы болды. Мортықтағы мектепте білім алдым. Өскенде ауылымның басты кейіпкерлері саналатын олардың әрқайсысының суретін салып, мүсінін қашаймын деп армандайтынмын. Арманым адастырмады. 1982 жылы әскерден келген соң бір жарым жылдай ауылда суретші болып жұмыс істедім. Ол кезде қоғамда өнер адамдарына қатысты айтылатын қатып қалған қағида бар-тын. Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түскенімді естіген шешем маған: «Сен енді араққа салынып кетесің ғой», – деп қатты ренжіді. 1985 жылы 4 жыл сырттай ғашық болған аруға сөз салып, отау құрдым. Жан-жарым (марқұм болып кетті) өте жайдары кісі еді. Жатақхананың аядай ғана бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Тұрмыс тауқыметін тартсақ та менің жоғары білім алып, оқып-тоқуыма, ойымда жүрген идеяларымды іске асыруыма көп жәрдемдесті. Алматы театр-көркемсурет институтын қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Еңбек жолымды суретші-мүсінші болып бастадым. Жалпы мені бұл салаға туған жерімнің қарапайым адамдары, көркем көрінісі ынталандырды десем қателесе қоймаспын.
– Өнертанушылар Қазақстанда мүсіншіліктің егемендік жылдары кең өріс алғанын айтады. Менің ойымша, қазақ мүсінінің тарихы VI-VIII ғасырларға тиесілі балбалтастардан басталады емес пе? Сіз қандай пікірдесіз?
– Университет қабырғасында оқып жүргенімізде бізге бұл мәселелер ашып айтылған жоқ. Мүсін тарихы туралы алғашқы зерттеуді академик Әлкей Марғұланның жүргізгенін кейін білдік. Ғалым өзінің «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. Екіншіден, біздің халқымыз көшпелі өмір салтын ұстанған, әруақты қатты қастерлеген. Дүниеден озған аталарымыз желеп-жебеп жүрсін деген ниетпен балбалтастардың жанында құрбан шалатын болған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз сол замандардан бері айтылып келе жатқан болуы ғажап емес. Қазіргі ескерткіш-мүсіндердің де түпкі мәні осыған саяды: бабаларды қадірлеп, құрметтеп, мәңгі есте қалдыру, есімін ұмытпай, жаңғырту.
– Сіз бас-аяғы екі жүзге жуық туындының авторы екенсіз. Солардың қайсысы жаныңызға жақын?
– Мүсін бір күнде немесе бір айда сызылып, қашалатын дүние емес. Біз бір ескерткішке кейде ондаған жыл уақытымызды арнаймыз. Тұлғаларға арналған туынды сәтті шығуы үшін оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан-дүниесіне терең үңілу керек. Алдымен өзіміз мүсінін жасайтын тұлғаның өмірімен толық танысып, оқып зерттейміз, суреттерін, бейнематериалдарын ақтарамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырысамыз. 1995 жылы Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин атындағы музей ашылатын болды. Мамандар музей алаңына ардақты тұлғаның мүсінін орнату туралы шешімге келіп, конкурс жариялады. Оны мен ұтып алдым. Батырдың бейнесін жасау оңайға соқпады. Бұл жұмысты ерекше ыждағаттылықпен атқардым. Сәтті шыққан туындыларымның біріне балаймын. Барлық еңбегімді туған перзентімдей жақсы көремін. Әйтсе де солардың ішінде Абылай хан ескерткішін бөле-жара айтар едім. Абылай бейнесін жасауға ниетті үміткерлер көп болмады. Алматы әкімдігінің мамандары бұл жұмысты маған сеніп тапсырды. Бір күні таңалагеуімде түс көрдім. Хантәңірі деп аталатын тауда жүр екенмін. Тау ортасынан қақ бөлініп, жарқыраған алтын көріне бастады. Сол алтынның арасында Абылай хан жатыр екен. Жанына жүгіріп барып, «Абылай хан» деп айқайладым. Оянсам түсім екен. Ескерткішті үш ай ішінде жасап шықтым. Соның бір айын «С.М.Киров атындағы Алматы машина жасау зауытында» өткіздім. Алматыдағы №2 вокзалдың жанында тұрған Абылай хан ескерткіші жүрегіме жылы, жаныма жақын. Осы еңбегім үшін берілген қаламақыға пәтер сатып алдым.
– Ақын-жазушылардың ғұмырдариясын ақтарып отырып, олардың көбінің шығарманы түнде жазғанын аңғарамыз. Мұны мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған» деген жыр жолы дәттей түседі. Ал сіз қай уақытта жұмыс істегенді жөн көресіз? Жалпы мүсіншілер шабытты қайдан алады?
– Шығармашылық адамы болған соң шабытты сұлулықтан аламыз. Мүсінші үнемі ізденісте жүруі керек. Кейде 24 сағат ұйқы, демалыссыз жұмыс істеуіміз мүмкін. Петропавлдағы «Жас өркен» шағынауданының кіре берісіндегі Қожаберген жырау ескерткішін жасау үшін үш мәрте конкурс жарияланды. Соның екеуін мен ұтып алдым. Бабамыздың образын іздей бастадым. Суреті еш жерде жоқ. Әдеби кітаптарды да, тарихи шығармаларды да ақтардым. Бір күні ұйықтап жатып тағы да түс көрдім. Түсімде бабамыз жылқыны жайылымға жіберіп, ер тоқымын басына жастанып жатыр екен. Жанында ат әбзелдері тұр. Жыраудың түр-тұлғасы, бейнесі, мұрны мен құлағына дейін көз алдыма келді. Ояна сала түсіме кірген бейнені қағазға көшірдім. Әңгіменің реті келгенде жырау ескерткішін жасауыма қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың көп көмектескенін айта кеткенім жөн болар. Шабыт деген екінің бірі сезіне алмайтын киелі дүние ғой. Маған шабыт кейде түс, аян арқылы келетін сияқты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», – дей келе қоғамда белең алған теріс әрекеттерді сынаған болатын. Бұған сіз қандай уәж айтар едіңіз?
– Президентіміз өте орынды мәселе көтерді. Әр ескерткіш елдің қатпарлы тарихынан хабар беріп тұруы тиіс. Қаражатым бар екен деп ата-бабасына мүсін орнатуды қалайтындардың әрекетіне қарсымын. Ұлттың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Кеңес кезінде Алаш ардақтыларының мүсінін жасауға рұқсат берілмеді. Біз бұл бақытқа тәуелсіздікпен бірге жеттік. Елімізде символикалық мүсіндерді, аллегориялық фигураларды, анималистикалық жанрдағы шығармаларды көп кездестірмейсіз, есесіне әдеттегідей портреттік, тарихи һәм тұрмыстық мүсіндер самсап тұр. Өркениетті елдерде адамзатқа ортақ: ана мен бала махаббаты, отбасы құндылығы, еңбек адамы сынды тақырыптарға жеке-дара ескерткіш орнатылады. Біздің елімізде де осындай ілкімді жұмыстар атқарылса дейсің. Мемлекет конкурс жариялап, қаржы бөлсе мүсіншілер де аянып қалмасы анық. Классикалық бағыттағы мүсіндермен қатар, примитивизм, кубизм, конструктивизм, сюрреализм, абстракционизм бағытындағы ескерткіштер де өмірге келсе дейміз.
– Ескерткіштерді қорғау мәселесі туралы не айтар едіңіз?
– Ескерткіштер – ел тарихы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Біздің міндетіміз – мүсінді жасап, тұғырға қондыру. Қоламен бірге терімізді қатар құямыз. Сәт-салтанатпен ашылған ескерткіштер бірнеше жылдан соң күтім көрмегендіктен өңінен айырылып қалып жатады. Жауапты мамандар кез келген бояумен сырлай салуды әдетке айналдырып алды. Бұл дұрыс емес. Қызылжардағы ескерткіштердің көбі жарықтандырылмаған. Кеш қарайғанда олардың кімге қойылған ескерткіш екені көрінбейді. Мен жасаған Абай мен Пушкин ескерткішінің де тастары мүжіліпті. Ат үстіндегі Абылай хан, вокзал маңындағы Мағжан Жұмабаев ескерткіштері мен Бәйкен Әшімовтің бюсті де менің қолымнан шыққанын айта кеткен жөн.
– Сіздің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңыздан хабардармын. Сол жылдар жайлы әңгімелеп бересіз бе?
– Ол кезде студентпіз. Қазақ жастарының алаңға жиналып жатқанын естідік. Біз де бардық. Көкейде «Қазақты неге қазақтан шыққан адам басқармайды?» деген бір ғана сұрақ сайрап тұрды. Сол сауал бізді жігерлендірді. Түрмеге де түстім. Азапты да көрдім. Еліміздің егемен мемлекет атануына қанатымен су сепкен қарлығаштай үлес қосқанымды мақтаныш санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».