«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕН ОПЫҚ ЖЕЙДІ

Өрт қауіпсіздігін елемеудің салдарынан биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 118 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында ведомство бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев мәлімдеді.

– Үйде пеш пен электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы салдарынан 15 адам қаза тапса, 3 азамат әртүрлі дене жарақатын алды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға төмен. Материалдық шығын да өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда едәуір азайды. Өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үй секторына тиесілі, – деді облыс аумағында орын алған оқыс оқиғаларға тоқталған Нұрлан Бауыржанұлы.
Нұрлан Атығаев атап өткендей, өрттің шығуына негізінен мұржаны тазаламау және электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуда. Сонымен қатар жерлестеріміз көп жағдайда пешті қараусыз қалдырып, электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында департамент қызметкерлері жеке тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты. Алайда, алдын алу шаралары өткізілгенімен, қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Осындай өрт оқиғалардың бірі 9 сәуір күні Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылында тіркеліп, 1963 және 1973 жылдары туған екі адам қаза тапты. Баяндамашының айтуынша, соңғы төрт күннің ішінде 16 дала өрті тіркелген. Негізінен алқаптардағы былтырғы сабан мен қамыс күйген. Атап айтқанда, 8 сәуір күні Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылының маңында 40 гектар аумақтағы ескі шөп қалдығы отқа оранды. Қызыл жалын департаменттің №17 өрт сөндіру бөлімінің апаттық-құтқару жасағының, «Жетпісбаев» және «Иманов» шаруа қожалықтарының еріктілерінің көмегімен сөндірілді. Екі сағаттан соң Тельман ауылының жанында тағы 35 гектар аумақта өрт шықты. Бұл жұмысқа өрт сөндірушілер мен «Успех Андрея» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еріктілері тартылды. Қазіргі уақытта департаменттің 27 мобильді тобы аудандарда өрт қауіпі орын алуы мүмкін алқаптар мен ормандарға тәуліктік мониторинг жүргізуде. Өрт сөндірушілерге бұл жұмыста тәртіп сақшылары, жергілікті атқарушы органдардың және орман шаруашылықтарының мамандары қол ұшын беруде. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp